Оноданың отыз жылы...

Қаңтар 05 / 2019

 

Ерболат Айнабеков, «Оңтүстік Қазақстан».

«Мүмкін емес, бірақ, шындық...». Биылғы жылдан бастап газетімізде дәл осындай айдармен елімізде, әлемде орын алған таңғажайып, адам айтса нанғысыз, қызықты оқиғалардан хабар беретін материалдар оқырман қауымға жол тартпақ. Бұл айдар аясында адамдардың сан қилы тағдыры, әлем тарихы, саясат, мәдениет, спорт секілді салаларда орын алған қызықты оқиғалар жарық көреді.

 

Жапониялық офицер Хироо Оноданың қайтыс болғанына биыл 5 жыл болады. Қарап тұрсаңыз қарапайым ғана ақпарат. Сол қолмен жаза салатын. Алайда, осы Хироо Онода деген есімнің ар жағында үлкен ерлік, антына адалдық, туған еліне деген сүйіспеншіліктің ең биік шыңы жатыр.

Бәрін басынан бастайық. Хироо 1922 жылы Жапонияның бір қыстағында қарапайым педагогтың отбасында дүниеге келеді. Ол бала кезінен жапонша семсерлесуді меңгерген. 17 жасында кәсіп қуып Қытайға кеткенімен, небәрі 20 жасқа толған кезде әскерге шақырту алады. Әскерге келгеніне 1 жыл толмай жатып бірінші дәрежелі қатардағы сарбаз атанса, 4 айдан соң капрал дәрежесіне қол жеткізеді. Одан соң сержант, аға сержант шендерін иеленеді. Аз уақыт ішінде осыншама жетістіктерге жеткен ол мұнымен де шектелмей, офицерлер даярлайтын мектепке қабылданады. Алайда, ондағы оқуын аяқтамастан майданға аттанады. 1944 жылы арнайы отрядтың командирі ретінде Филиппин аралдарына қол бастап барады.

Қызықтың бәрі осы жерден басталған. Жас офицер генерал-лейтенант Сидзуо Екоямадан: «Соғыстан қашып өз-өзіне қол салуға жол жоқ. Бұл – біздің қасиетті Отанымыз. Оны қорғауымыз керек. Кем дегенде 3-5 жыл шыда. Сенің артыңнан әскер жібереміз» деген тапсырма алады. Өзінің қарамағындағы жауынгерлерді ертіп Хироо Лубанг қаласына келіп, бекініс құрады. Алайда, әскери қуаты әлдеқайда басым АҚШ әскері ол бекіністің тас-талқанын шығарады. Хирооға аман қалған сарбаздарды ертіп, адам аяғы баспайтын джунглиге бой тасалауға тура келеді. Сонда партизандық әрекеттер жасап, жаудың мазасын қашыруға тырысқан.

1945 жылдың 2 қыркүйегінде Жапония соғыста жеңілгені туралы акт қабылдайды. Хирооның қолына американдық әскерилер ұшақпен тастаған соғыстың аяқталғаны жөнінде үнпарақ жетеді. Алайда, ол қол көтеріп, берілуге асықпайды. Офицер Онода мұны жаудың арандатушылық әрекеті деп қабылдап, қандыкөйлек достарымен бірге соғысты одан әрмен жалғастыра береді. Бұл уақытта Жапония өкіметі хат-хабарсыз кеткен Хирооның отрядын қаза тапқандар тізіміне қосып қойған-ды...

Бес жылдан кейін Жапония арнайы комиссия құрып, шетелдерде қалып қойған сарбаздарды елге әкелуді мақсат етеді. Алайда, Филиппин аралдарындағы саяси тұрақсыздық Хирооның еліне қайтуына кедергісін келтіреді. 1954 жылы Лубанг полициясы партизандық әрекет жасап жүрген Хирооның отрядымен бетпе-бет ұшырасады. Екі топ арасында атыс орын алып, Хироо Оноданың бір сарбазы мерт болады. Осы жағдайдан кейін филиппиндік билік Жапонияға хат жолдап, елде қалып қойған әскерді алып кетуге рұқсат береді. Алайда, жапониялық іздеу тобының барлық әрекеті нәтижесіз аяқталады. 1969 жылы Хироо Оноданы екінші рет қаза тапқандар тізіміне қосып, оны сырттай 6-дәрежелі «Күншығыс» орденімен марапаттайды.

1972 жылы Хирооның тағы бір сарбазы америкалықтардың қолына түседі. Осыдан кейін олар екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанынан бейхабар жапон сарбаздарының барын ұғады. Қыркүйек айында полициямен қақтығыс кезінде Хирооның соңғы серігі көз жұмады.

30 жыл джунглиде өмір сүрген Хироо Онода адам танымастай өзгерді. Жабайы өмірге еті үйренген ол орманда тышқан аулап, жеміс-жидек жеп, күн көрді. Түнде жақын ауылдарға ұрлыққа түсіп, сиырларын жетектеп кетіп отырған. Оқ-дәрілерді мақсатсыз жұмсамау үшін аңға шықпаған. Ол осы жылдар ішінде 30 әскери адам мен қарапайым тұрғынды өлтірген. 100-ге жуық адамды жаралаған. Бір сарбаздың радиоқабылдағышын ұрлап алып, барлық әскери әрекеттерден хабардар болып отырған.

1974 жылы ақпан айында жапондық турист-студент Норио Судзики Лубангте жүргенде кездейсоқ Хирооны кезіктіреді. Ол соғыстың аяқталғанын, Жапонияның бүгінгі жағдайын айтып сендіргісі келгенімен, одан еш нәтиже шықпайды. Хироо өзінің әскери қызметте жүргенін, соғысты тоқтату жөнінде ешқандай бұйрық алмағанын айтады. Амалы құрыған студент оны суретке түсіріп алып, еліне әкеледі. Ол фотосуреттер жапониялық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, елішілік дүмпуге алып кетеді.

Ел өкіметі Хирооның командирі болған Есими Танигутиді іздеп тауып, оны Лубангке аттандырады. 30 жылдан кейін әскери киімін қайта киген Танигути Хироо Онодаға соғысты тоқтату жөніндегі император бұйрығын салтанатты рәсіммен оқып береді. Хироо өз командиріне қолында бар қаруды, гранаталар мен самурай қылышын тапсырады. Филиппин заңына сәйкес Хирооға өлім жазасы кесілген-тін. Алайда, Жапония сыртқы істер министрлігінің араласуымен ол бұл жазадан құтылады.

1996 жылы ол Лубанг қаласына барып, қайырымдылық қорына 10 мың доллар аударады. Өмірінің соңына дейін Жапония мен Бразилияда ағартушылық қызмет атқарады.

Хироо Онода 30 жыл бойы жалғыз өмір сүріп, аңыз адамға айналды. Еліне, ұлтына, командирінің бұйрығына деген адалдықтың шынайы үлгісін көрсетті.

Самурайдың бұл ерлігін әлі талай ұрпақ аңыз қылып айтары сөзсіз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ