Заң-заман 0 пікір 2800 лайк

Тегiн заң көмегiн кiмдер алады?

Қаңтар 05 / 2019

 

Оқырман сауалына Шымкент қалалық адвокаттар алқасының заңгер-адвокаты Гүлбала САПАРБАЕВА жауап береді.

 

Ата Заңымыздың 13-бабының 3-тармағында «Әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі» деп тұжырымдалған. Ендеше, адвокаттар мен заңгерлер қандай жағдайда заң көмегін тегін көрсетеді?

Айгүл ДҮЙСЕНБАЕВА. Шардара ауданы.

Тегін заң көмегін алу – азаматтардың Ата Заңда көрсетілген негізгі құқықтарының бірі. Басқа құқықтық органдар сияқты адвокаттар да тегін заң көмегін беруге міндеттелген «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңына сай, жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетілетін заң көмегі мемлекет кепілдік беретін заң көмегі деп танылады. Ол құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіруден тұрады. Егер «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлға өтiнiш жасаса, өзiн қорғай алмаса, тiл бiлмесе, кәмелетке толмаған болса, онда іске қорғаушының қатысуы мiндетті.

Ал, Азаматтық процестік кодексі бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары, соларға теңестірілген тұлғалар, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І және ІІ топтардағы мүгедектер, жасына байланысты зейнет демалысына шыққандар, заңға сәйкес ақталған адамдар заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық босатылады. Оларды бюджет есебінен қаржыландырады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге қылмыстық процестi жүргізетін орган (сот немесе тергеу органдары) процестiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi. Бұл туралы орган адвокаттардың кәсiби ұйымы үшiн мiндеттi қаулы шығарады. Атап айтар болсақ, күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам қорғаушыны іс жүргізуге қатысуын сұрап өтiнiшхат берсе, кәмелеттік жасқа толмаса, құқығын қорғай алмаса, тiл білмесе, күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау шарасы қолданылса немесе олар стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жiберiлсе, адвокат немесе заңгер тегін заң көмегін көрсетуге міндетті. Адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуін облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың адвокаттар алқасы қамтамасыз етеді. Ал, оларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ