Тұрартанушылардың айтар сөзi алда

Қаңтар 05 / 2019

 

Ұлт қайраткері, кезінде Ресей Федерациясы Халық Комиссар-лары Кеңесі Төрағасының (И.Сталиннің) орынбасары болған, осы кеңестегі шығыс халықтарының бірден-бір өкілі болған Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толды.

 

Желтоқсанның 26-сында Рысқұлов мұраларының жоқтаушысы, белсенді азамат Марат Ақылтаев бастаған бір топ азамат Шымкенттегі қайраткердің еңселі ескерткіші алдында жиналды. Мерейтойлық іс-шаралар жоспарын пысықтап, 125 жылдыққа арналған игі істерді саралады.

– Алға қойған басты мақсатымыз тұрартанушы ғалымдарды елге танытсақ дейміз. Тұрар атамыздың туған ауылы Түлкібас ауданы, қазіргі Рысқұл ауылындағы мектеп пен Мәдениет үйін жөндеуден өткізіп, ғалымдарды ауылға шақырып ғылыми конференция өткізу де ойда бар, – дейді М.Ақылтаев.

Ресми деректерде Тұрар Рысқұлов (1894 жылы 26 желтоқсанда) Жетісу облысында туған деп жазылған. Дегенмен, түлкібастықтар ұлт қайраткерінің туған жері біздің ауылда деп отыр. Олары негізсіз де емес.

– Мен Т.Рысқұловтың немере інісімін. Біз Тұрар туралы атамыздан бала күнімізден естіп өстік. Кезінде Тұрар Рысқұлов ауылымызға үш рет келген екен. Алғашқы келген кезінде әкесінің көзін көргендер «сен осы ауылдың ұлысың. Біз сенің туыстарыңбыз» деп барлық шежірені айтып түсіндірген екен. Қазір Тұрардың көзін көрген, оның ауылға келген кездегі кездесулеріне қатысқан азаматтардан жалғыз адам қалды. Ол – ауылдың ардақтысы, соғыс ардагері, жасы жүзге тақаған Өміртай Қалықұлов қария. Өміртай ақсақалдың Тұрар туралы айтары көп, – дейді Үмбетбай Кәдірқұлов.

Тарихтан белгілі, Тұрардың әкесі Рысқұл орыс патшасының әкімшілік озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев уезінен (Қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы) Верный уезіне көшіп кеткен. Алайда, ол жақта да орын алған әділетсіздіктерге төзе алмаған Рысқұл 1904 жылы Саймасай деген болысты атып өлтіргені үшін Сібірге айдалады. Бала Тұрарды түрмеге алдыртқан әке «артымда қалған тұяққа қастандық жасалады» деп қорыққан. Тұрар Рысқұловтың «түрме баласы» аталатыны да содан.

Әрі қарай Тұрар Рысқұлов жайлы деректер тарихи, әдеби шығармалар арқылы көпшілікке жақсы таныс. Түрме басшысының бала Тұрарды еркінен тыс шоқындырмаққа әрекет етуі, бұл қапастан құтылу үшін бас сауғалап, Қырғызбаев деген жасырын фамилиямен ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түсуі, Ташкентке барып, мұғалімдер семинариясына қабылдануы Тұрардың бойында күрескерлік, қиындықтан шыңдала түсу мінезінің бала жастан қалыптасқанын көрсетеді.

– Қылышынан қан тамып тұрған жүйеге қорықпастан өз қарсылығын ашық айта білген Тұрар Рысқұлов «Қызыл империяның қазақтарға ешқандай да жаны ашып отырған жоқ. Содан да болар, суармалы жерінің 5-ақ пайызына қазақ ие болды. Қалғаны келімсектердің қолына көшті» дегенді Сталиннің өзіне айта білген азамат. Тұрар атамыз туралы көп айтуға болады. Дегенмен, «Рысқұловшылар» деген атаумен жапа шегіп, айдауға түскен, жазықсыз атылған азаматтар жайын да ұмытпауымыз керек. Олар жайлы деректерді халыққа танытып, оларға лайықты баға берілетін уақыт келді деп ойлаймын, – дейді прокуратура органдарының ардагері Төребай Көлбаев.

Айта берсек кәрі тарихтың Т.Рысқұлов жайлы баяндар дерегі аз емес. Түркістан Автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары,

1920 жылы Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланған Тұрар Рысқұловтың соңынан халық ере білген. Түркістан Республикасының саяси-мемлекеттік тәуелсіздігі жолындағы табанды күресі туралы тарихшылар алдағы кезде де әлі талай айтары даусыз.

Ал, Т.Рысқұловтың 125 жылдығын кең көлемде атап өту ісіне бастамашы болған топ алдағы кезде ұлт қайраткеріне арналған 10 томдықтың жарық көретінін айтып елді қуантып отыр. Бұл орайда, тұрартанушы ғалымдар Ордалы Қоңыратбаев пен Мұхтар Қазбектің үлес қосуымен бірқатар еңбектер жарияланбақ.

«125 жылдық аясында Шерхан ағамыздың «Қызыл жебе», «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты романдарын мектеп оқушыларынан бастап барлық жастарға оқыту шарасын өткізсек, бұған кітапханашылар мен оқу орындарының оқытушылары, әдебиетшілер үлес қосса» дейді мерейтойды ұйымдастыру жобасын пысықтап отырған бастамашы топ мүшелері.

– Себебі, Тұрар Рысқұлов жастарға жанашыр бола білген адам. Оқимын, білім аламын деген талантты байқаса оны өз қамқорлығына алып отырған. Бұл туралы М.Әуезовтің шығармаларында да айтылады. Қазақ үшін сіңірген еңбегі орасан зор. Әйгілі Түрксібтің құрылысын айтпағанда Ақсу-Жабағылы, Қостанайдағы Наурызым қорығын құруға және Оралдағы Ильмен қорығын қайта құруға Тұрар Рысқұловтың тікелей қатысы бар. Оның нұсқауы бойынша Моңғолия астанасы Ұлан-Батор болып аталды, – дейді түлкібастық ақсақал Нұрман Қонысбеков.

Осылайша ұлт қайраткерінің есімін ардақтау, өскелең жастардың жадында сақтату үшін жаңғырту жұмыстары басталып та кетті. Бастамашы топ тұрартанушы ғалымдарға дем бермек. Ендеше, игілікті іс баянды болсын дейміз.

Ж.ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ