«Тау самалы» – жан самалы

Желтоқсан 29 / 2018

 

Баян Дарғожина, «Оңтүстік Қазақстан».

Төлеби ауданының «Алатау» шаңғы базасында «Тау самалы – жан самалы» атты шаңғы фестивалі өтті. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жиналғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, осынау шараның өңірімізде бұқаралық спорт пен туризмді дамытуға айрықша серпін беретініне сенім білдірді.

 

– Бүгінгі фестивальді ұйымдастырудағы мақсат – әрбір сүйем жері тарих шежіресіне айналған Түркістан өңірінің мәртебесін өсіріп, мерейін арттыру. Өңірдің тарихи-мәдени орындарын, аймағымыздың бренді саналатын туристік әлеуетін Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының басымдықтарымен ұштастыра отырып дамыту. Президентіміз биыл Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойған соң Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жұмыстары басталды. Мұның бәрі Елбасының Түркістанға деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығының арқасы. Бүгінгі фестиваль өңірдің туристік әлеуетін одан сайын жоғарылатады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Кәсіби шаңғышылардың өнерінен соң облыс әкімі спорт саласында елеулі нәтижелерге жеткен бірқатар спортшыларды, сонымен қатар «Таңғажайып Түркістан» байқауының қатысушыларын облыс әкімінің Алғыс хатымен және қаржылай сыйлықпен марапаттады. Одан әрі жас суретшілердің салған тау пейзаждары көрермендер назарына ұсынылды.

Жасөспірімдердің хоккей ойынындағы және мәнерлеп сырғанаудағы шеберліктері жұртты тәнті етті.

Айта кету керек, соңғы жылдары Төлеби ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Қазір ауданда 70 туристік нысан бар.

* * *

Осы күні Төлеби ауданында үш елді мекеннің тұрғындары «көгілдір отынмен» қамтылды. Облыс әкімі ондағы Алатау ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс, Қайнар, Нысанбек елді мекені тұрғындарының қуанышымен бөлісуге барып, халықты қуаныштарымен құттықтады.

Қазіргі таңда Төлеби ауданында жалпы саны 55 елді мекеннің 39-ына табиғи газ жетіп, «көгілдір отынмен» қамту үлесі халықтың 82 пайызын құрады. Жалпы, аудан халқын 2019-2020 жылдар аралығында 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ