Экономика 0 пікір 2789 лайк

Газ тасымалының жаңа белесі: iшкi нарық тұрақты, экспорт еселене түстi

Желтоқсан 29 / 2018

 

Әлемдік трендке айналған үдерістің бірі – жасыл экономикаға көшу, экологиялық таза отын түрлерін жаппай енгізу. Ал, табиғи газ – осы бағыттағы көш басында тұрған отын-энергетика саласының бірден-бір көзірі. Бұл саланың Қазақстандағы даму қарқыны мен беталысы Орта Азияда ғана емес, бұрынғы Кеңестік республикалар арасында оқ бойы озық тұрғанын сарапшылар жарыса жазып жүр.

 

Мәселен, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Ұлттық газ операторы «ҚазТрансГаз» АҚ іске қосқан «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральдық газ құбырындағы «Түркістан» компрессорлық стансасын еліміз үшін елеулі оқиғаның бірі деуге болады. Инвестициялық жобаның аясында пайдалануға беріліп отырған бұл жаңа станса бұрын жылына 10 млрд. текше метр «көгілдір отын» өткізіп келген газ құбырының жұмысын еселей түсіп, бұдан былай аталған уақыт ішінде 15 млрд. текше метрге дейін газ өткізу мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Осының арқасында еліміздің оңтүстік өңірі жақын жылдарда толықтай газбен қамтылады деп жоспарланып отыр.

«Түркістан» жоғары технологиялық компрессорлық стансасы – Түркістан мен Қызылорда облыстарының аумағында «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ магистралінің бойында пайдалануға беріліп отырған «ҚазТрансГаз» АҚ салған компрессорлық стансалардың бірі.

Компрессорлық стансаны салтанатты іске қосу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директоры Валентин Хван қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған Жансейіт Қансейітұлы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында іске қосылған стансаның облыс тұрғындары үшін үлкен сый болғандығын жеткізді.

Бүгін облысымыз үшін үлкен оқиға болып жатыр. «Түркістан» компрессорлық станcасының құрылысы 7 айдың ішінде аяқталды. Бұл стансаның салынуы облысымыздың экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын болады. Мәселен, құбырдың газ өткізу мүмкіндігі 5 млрд. текше метр көлемге артып отыр. Сондай-ақ, стансада қазіргі таңда 50 шақты азамат жұмыспен қамтылды. Осындай жоғары деңгейдегі, сапалы нысанды іске қосқан «ҚазТрансГаз» компаниясы басшылығына алғыс білдіремін. Бұл облыс үшін елеулі оқиға. Осындай жобаның арқасында облысымызды «көгілдір отынмен» толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр» деді Жансейіт Түймебаев.

Облыс әкімінен соң сөз алған «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директоры Валентин Хван жыл сайын ел Тәуелсіздігі сынды маңызды мерекелер қарсаңында елімізде осындай игілікті жақсы істердің қолға алынуы жақсы дәстүрге айналғанын тілге тиек етті.

«Осы кезге дейін, яғни биылғы жылы «ҚазТрансГаз» компаниясы үш компрессорлық стансаның құрылысын аз уақыт ішінде аяқтап, іске қосты. Бұл стансалар біріншіден, елімізді энергетикалық газбен қамтамасыз етеді және бұрын мемлекетімізді газбен қамту мәселесінде көрші елдерге тәуелді болып келген зәрулікті толықтай жойып отыр. Осылайша Елбасының елімізді энергетикалық газ саласының қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету туралы тапсырмасы орындалуда. Осы бағытта «ҚазТрансГаз» АҚ соңғы 3-4 жыл ішінде газ саласындағы ішкі және сыртқы экспорт тасымалы бойынша көптеген іргелі жобаларды іске асыруда» деді бас директор.

Айта кету керек, Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ұлттық газ операторы «Арал» КС құрылысын аяқтап, пайдалануға берген болатын.

Айтқандай, салынып жатқан стансалар жергілікті тұрғындар үшін де тиімді болып тұр. Атап айтқанда, газ инфрақұрылымының жаңа нысандары магистральдық газ құбыры өтетін аудандарда тұратын қазақстандықтарды жұмыспен қамту проблемасын шешуге көмектеседі. Яғни пайдалануға берілетін компрессорлық стансалар, басқа да газ тасымалдау нысандары сияқты оңтүстік өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуда маңызды рөлге ие болады деп күтілуде.

Ізгі тілектерден соң компрессорлық стансаны салтанатты түрде планшеттегі тетік арқылы онлайн режимінде іске қосу рәсімі өтті.

Компания басшылығы қонақтарға жаңа зауытты аралатып, стансаның жұмысымен таныстырды.

Жаңа нысанның жұмысымен танысу барысында «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Мұқатай Шаңбатыровтан пайдалануға беріліп отырған стансаның маңыздылығын білмек оймен сөзге тарттық.

«Бұл бізге не береді деген сауалға келер болсақ, біріншіден, еліміздің газ саласындағы энергетикалық қауіпсіздікті арттырады. Яғни оңтүстік өңірдегі Алматы және Шымкент қаласы, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстары толығымен қажетті газбен қамтылады. Ал, батыстан келетін артық газды Қытай еліне экспорттауға мүмкіндік береді. Әлбетте, бірінші кезекте ішкі нарық қамтылады, сосын барып шетелге жөнелтіледі» деді Мұқатай Үмбетайұлы өз сөзінде.

Бірінші орынбасардың айтуынша, былтыр Қытайға 5 млрд. текше метр газ сатылған болса, ендігі уақытта ол меже 10 млрд. болмақ. Газ айдау қондырғысы заманауи соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. Айта кетейік, аталған стансаның өзгелерден ерекшелігі қоршаған ортаны ластамайтындығында. Үнемділігі тағы бар. Сондай-ақ, станса толығымен автоматтандырылған. Америкадан арнайы жеткізілген турбиналарды мұхит асып тасымалдау үшін 14 рет әуе рейсі жасалған.

«Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасының бас инженері Дулат Борашев:

«Мына көріп отырған жеріміз операторлық деп аталады. Бұл бүгін іске қосылған «Түркістан» КС-ның ең маңызды орны. Осы жерден станса жұмысы автоматты түрде басқарылады. Қадағаланып, қаралып, тексеріліп отырады. Бұл жерде қазір вахталы әдіспен екі бригада жұмыс істеп жатыр. 43 адамның 21-і бір ауысымда жұмыс істейді. Жұмысшылардың бәріне тиісті жақсы жағдай жасалған» деді.

Компрессорлық стансаларды салу кезінде пайдаланылған инновациялық жабдықтар мен көмекші жүйелер кешені – магистральдық газ құбырын пайдалану кезеңінде қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан іркіліссіз тасымалдауды қамтамасыз ете алады.

Жаңа стансаның іске қосылуы газ және газбен жабдықтау саласындағы жыл сайын өсіп отырған қажеттіліктерді өтеу үшін, әсіресе, жылыту кезеңіндегі ең көп жүктеме кезінде еліміздің оңтүстік өңірлеріне газды тоқтаусыз тасымалдау процесінің барынша сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы қазан айында отандық газды Қытайға экспорттауды екі есеге арттыру туралы келісімшартқа қол қойылған болатын. Сондықтан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының өткізу қабілетін жылына 10 млрд. текше метрден 15 млрд. текше метр көлемге дейін арттыру арқылы республиканың оңтүстігінің 5 млрд. текше метр көлеміндегі «көгілдір отынға» деген қажеттілігі қамтамасыз етіледі және 10 миллиард текше метр газ экспортқа шығарылады.

Мемлекетті «көгілдір отынмен» қамту және сыртқы нарықты игеру мәселесінде ерекше орны бар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы ірі құбырлық жоба. Ол мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Айталық, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырын салудың арқасында Қазақстан 3 маңызды міндетті шешеді, ол оңтүстікке газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету, елде газ тасымалдау жүйесін бірыңғай жүйеге біріктіру және қазақстандық газды сыртқы нарыққа экспорттауды арттыру.

Айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның құрамына кіретін «ҚазТрансГаз» АҚ мемлекеттің мүддесін отандық және шетелдік газ нарығында білдіретін Қазақстан Республикасының негізгі газ энергетикалық және газ тасымалдау компаниясы. Компания магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері бойынша тауарлық газды тасымалдау жөніндегі орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады. Компания сонымен қатар, халықаралық транзитті қамтамасыз етеді, ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады, құбырлар мен газ сақтау қоймаларын дайындайды, қаржыландырады, салады және пайдаланады.

Тельман БЕЙСЕНОВ. Түркістан облысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ