Заң-заман 0 пікір 2785 лайк

Ит жылындағы атышулы сот процестерi

Желтоқсан 29 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Ит жылының игілігі де, әттеген-ай дегізген тұстары да аз емес. Әсіресе, бұл жыл қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істердің көптігімен есте қалды. Біз солардың кейбіріне тоқтала кетуді жөн көрдік.

Соның бірі – облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған 12 сотталушыға қатысты қылмыстық іс. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топ 2009-2012 жылдары салықтан жалтару үшін жалған құжаттар әзірлеп, өмірде жоқ адамдардың атына фирма ашып, жалған кәсіпкерлікпен айналысқан. Бір сорақылығы, әлгі топтың қылмыстық әрекетіне облыстық салық департаментінің лауазымды қызметкерлері «қамқорлық» жасаған. Содан болар, қылмысты ашу да оңайға соқпапты. Қылмыскерлердің әрбір әрекетіне жіті көңіл аудармаса, бір қарағанда құжаттан ешқандай кілтипан байқалмайды. Барлық құжат «тайға таңба басқандай» анық. Істі сотта қарау барысында аталған қылмыстық топтың жалған мәміле жасап, салықтық есептерге бұрмаланған мәліметтерді көрсетіп отыруынан мемлекетке 18 миллиард теңге көлемінде материалдық залал келтірілгені анықталған. Осылайша сыбайластардың алды 8,6 жыл, қалғандары 5,6 жылдан жаза арқалап кете барды. Қылмыстық істі аталған соттың судьясы Дәурен Мамедалиев қараған.

2018 жылдағы тағы бір атышулы іс ретінде балмұздақтан жаппай улану оқиғасы есте қалды. Естеріңізде болса, биыл наурыз айында Шымкент қаласындағы дүңгіршектердің бірінен балмұздақ жеген 180 адам уланған болатын. Осы диагнозбен ауруханаға түскендерді тексеру кезінде олардан стафилококк және сальмонеллез таяқшалары табылғандығы туралы да айтылған еді. Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Т.Кахаров қараған бұл қылмыстық іс бойынша 100-ге жуық зардап шегуші шақырылса, олардың көпшілігі сотталушыны кешіргендерін мәлімдеген. Қылмыстық іс бойынша барлық деректерді саралаған сот азамат Ишмұратовты кінәлі деп тапты. Кәсіпкерге бір жыл бас бостандығын шектеу, сондай-ақ, үш жылға дейін тағам дайындауға қатысты жұмыстармен айналысуға тыйым салу түріндегі жаза қолданылды. Сондай-ақ, кәсіпкер зардап шеккен адамдарға 1,5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.

Ит жылында прокуратураның бұрынғы қызметкері де қылмыскер қамытын киді. Мамыр айының мамыражай күндерінің бірінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қанды оқиға болғаны жайлы суық хабар ешкімді де бей-жай қалдырмаған шығар. Пышақталған әйел оқиға орнында жантәсілім еткен. Көп ұзамай қылмыскердің кім екені де анықталды. Ол қаза болған әйелдің ері болып шықты. Сол күні марқұмның туған күні екен. Тергеу барысында қылмыскердің жанжалдасып қалған әйелін туған күнімен құттықтап, татуласуға келгені белгілі болған. Алайда, келіншегі күйеуін кешірмей, тағы да жанжалдасқан. Марқұм әйелдің артында үш баласы қалды. Ал, экс-прокурор алдағы 11 жылын темір тордың ар жағында өткізетін болды.

Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржыны талан-таражға түсірген Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының бұрынғы қызметкерлеріне де осы жылы үкім оқылды. Ұйымдасқан қылмыстық топ бірнеше жыл бойы қазына қаржысын жымқырып келген. Сот алдында жауапқа тартылған 14 тұлғаның 10-ы – әйел. Осы топты ұйымдастырғаны үшін Ж.Индира кінәлі деп танылып, алаяқтық және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айрылды. Топтың қалған мүшелері де 6-7 жылдан жаза арқалады. Ал, мемлекетке келтірілген 430 миллион теңге шығынды қылмыстық топтың барлық мүшелері бірлесіп өтейтін болды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ