Рухани жаңғырудың алтын бесiгi

Желтоқсан 27 / 2018

 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қазіргі Түркістан облысында жүзеге асырылған кешенді шаралар бағдарламаның 6 басымдығын негізге алып, 6 арнайы жоба шеңберінде атқарылды.

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста алғашқы рет тұрақты түрде өткізіліп отыратын кешенді шаралар жүйесі қолға алынды. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

Қазақ халқының дүниетанымында Қазығұрт тауының орны ерекше. Сондықтан «Наурыз Қазығұрттан басталады» атты іс-шара тау баурайында өткізілді.

Бәйдібек ауданында өткен «Қымызмұрындықта» ежелгі дәстүрді жаңашылдықпен ұштастыру мақсатында саумал, құнан қымыз, түнемелі қымыз, хан қымыз әзірлеу және қолөнер бұйымдарын жасау бойынша байқау мен аламан бәйге өтті. Фестиваль жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып, халықаралық деңгейге көтеріледі деген жоспар бар.

Түлкібас ауданындағы Шұбайқызыл шоқысында «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақты қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеру мақсатында биыл алғаш рет «Қызғалдақ» фестивалі өткізілді.

Сонымен қатар, Елбасының бастамасымен Ордабасы тауында Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді еске алуға арналған жиын және «Туған жерге тағзым – Ордабасыға оралу» атты дәстүрлі шара бастау алды.

Төлеби ауданында «Қасқасу» халықаралық көркемсурет пленэрі өткізіліп, түрлі елдерден келген суретшілер тамаша табиғатымызды өз туындыларына арқау етті.

Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында «Қолөнершілер көрмесі» өткізілді. Қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, алдағы уақытта бұл шараны «Шығыс базары» фестивалі деген атпен жалғастыру жоспарлануда. Фестиваль аясында қола, мыс, темір, күміс, алтыннан жасалған әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар мен қару-жарақтардың жәрмеңкесі өтеді.

Облыстың бау-бақша өсіру потенциалы жоғары, сондықтан Жетісай қаласында «Қауын-fest» облыстық фестивалі өткізілді. Фестивальдің мақсаты – бақша дақылдарынан өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, кәсіпкерлікті дамыту, бақша өнімдерін, терең өңдеуді қолға алу және диқандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау.

Шардара ауданының туризмді дамыту мақсатында «Safari Shardara» фестивалі биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Шара барысында бұрын-соңды болмаған түйе, автокөлік, желкенді қайықтар сайысы өтті.

Мұнан бөлек Түркістан қаласында алғаш рет «АГРОФЕСТ – 2018» ауыл шаруашылығы фестивалі ұйымдастырылды.

Фестиваль аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, заманауи техникалар мен аграрлы саладағы жетістіктерді айшықтайтын ауыл шаруашылығы көрмесі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, «Салбурын – саятшылық мерекесі» атты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл да тұрғындардың саятшылыққа қызығушылығын арттырған маңызды да мәнді іске айналды. Шара барысында саятшылық үшін жылқы таптырмайтын көлік екені тағы да паш етілді. Нәтижесінде 2019 жылы облыста «Сәйгүліктер» фестивалін өткізу туралы шешім қабылданды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында жаңа жағдайда жаңғырудың негізгі шарты – ұлттық кодты сақтай отырып жаңару екенін айтқан болатын. Бұл жаһандану жағдайында ұлттық болмысымызды сақтай отырып, өркениетті мемлекет ретінде дамуымыз үшін аса маңызды шарт. Түркістан облысында өткен осынау маңызды да мәнді шаралар халықтың ұлттық дәстүрлерімізге деген қызығушылығын оятуымен және туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруымен ерекшеленді. Оның үстіне аталған шаралардың шалғай аудандарда өткізілуі сол маңда тұратын халықтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шараларымен қамтылуына септігін тигізді және ерекше әсер қалдырғанын атап өту қажет.

«ТУҒАН ЖЕР» арнайы жобасының «АТАМЕКЕН» кіші бағдарламасы аясында 2018 жылы құны 11 млрд. 313 млн. теңге жоба мен шаралар жүзеге асуда, бүгінгі таңға құны 3 млрд. 386 млн. теңгені құрайтын 97 нысан іске қосылды.

Бұл 97 нысанның 28-і білім мекемесінің құрылысы және 3-еуі қайта жөндеу, 2-еуі медицина мекемесі құрылысы, 12-сі спорт нысандарының жаңа құрылысы және 2-еуі спорт алаңын қайта жөндеу, 15-сі мәдениет нысандары құрылысы мен 5 қайта жөндеу және абаттандыру бойынша 30 жоба іске асырылды.

2018 жылғы шілде-қазан айларында 16 аудан, қалада «Жомарт жүрек» сыйлығының І кезеңі өткізіліп, облыстық қорытынды шарада 20 азамат марапатталды. Сонымен қатар кіші бағдарлама аясында «Табысқа апарар жол», «Еріктілер корпусы», «Сенімді болашақ», «Алтын ұям» жобалары табысты жүзеге асырылуда.

«ТӘРБИЕ ЖӘНЕ БІЛІМ» кіші бағдарламасы аясында облыстың білім беру мекемелерінде 3,5 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, оған 630 мыңнан астам оқушы мен 120 мыңнан астам студент қамтылды. Облыстағы жоғары оқу орындары республикалық «Ұлы дала скауттары» қозғалысымен жұмыс істеуде.

Мирас университетінде «Түркітілдес әлемнің халықаралық әлеуметтік ғылымдар конгресі» өтіп, Түркия, Әзірбайжан, Молдавия, Македония, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысқан шарада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы таныстырылды. Шараға 1250 адам қатысты.

Ал, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да «Дәстүрге берік аналар» атты облыстық форумы, «Біртұтас ұлт – іргесі ажырамайтын шаңырақ» атты «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. «Ұлы дала тұлғалары» іс-шарасы аясында М.Мырзахметов, М.Байғұт, Х.Есенқарақызы, Б.Ысқақ, Б.Шойбеков, Қ.Ергөбек, Қ.Бегманов, А.Қадырбаева сынды танымал тұлғалармен кездесулер ұйымдастырылды.

Мемлекеттік тілге аударылған және ақысыз негізде жеткізілген 18 оқулықты таныстыру шаралары облыстағы жоғары оқу орны басшылары мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өтті.

Облыстағы 905 мектепте 475 922 оқушы білім алуда. Мектептерде республикалық 18 жобамен қатар, облыстық жобалық кеңсе бастамасымен «Абай даналығы», «Өнегелі бір сағат», «Лидер Reader», «Ұл мен қыз – ұлт намысы», «Сіз тұратын көше», «Туған жерге туыңды тік», «Әдеп пен әдет» жобаларының кешенді іс-шараларына жалпы 280 мыңнан астам оқушы қатысты.

«РУХАНИ ҚАЗЫНА» кіші бағдарламасы бойынша 2018 жылдың 28 қыркүйегінде «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық туристік және инвестициялық форум және «Silk Road fair» халықаралық жәрмеңкесі өтті.

Облыстағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштерге 21 бағытта туристік маршруттар ашылды.

Туристік маршруттардағы гид қызметі жөнінде «Гид-волонтер» жобасы аясында студенттерге шеберлік сыныптары өткізіліп, Созақ ауданындағы тарихи орындарға арнайы экспедиция ұйымдастырылды.

Түркістан облысы мен Қазақстанның киелі жерлері картасына енген нысандар туралы ағылшын, қытай, қазақ және орыс тілдерінде арнайы роликтер және «Ontustik TourAudio» мобильді қосымшасы әзірленді. Киелі жерлер туралы ақпарат алудың қолжетімділігін, туризм саласының әлеуетін арттыру мақсатында туристер жиі баратын 35 нысанға және 100 монументтік өнер ескерткіштеріне QR-кодтар орнатылды. Сонымен қатар, туристік ақпараттық орталықта виртуалды 3 бейнеролик әзірленіп,

VR жабдығы арқылы киелі орынды 360 градуста айналдыра тамашалауға мүмкіндік жасалды.

«Сайрам-Өгем» ұлттық паркінде «Бұл – біздің таулар!» атты тау фестивалі өткізілді. Іс-шараға Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан келген 30 кәсіби альпинист пен басқа да белсенділер 3 биік шыңға шығып, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің есімдері жазылған тақтайшалар орнатты.

Сондай-ақ, «Көне кітаптар – жазба ескерткіштер» ақпараттық шарасы барысында облыстағы 3 465 көне кітаптың 185-і цифрлы нұсқаға өткізіліп, оқырмандарға ескі, сирек кітаптар мен тарихи басылымдарды оқуға мүмкіндік жасалды.

Облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы және «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» жинағы жарық көрді.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ» арнайы жобасы бойынша республикалық тізімге Түркістан облысынан 24 нысан енгізілді. Тағы 80 тарихи-мәдени ескерткіш жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне кірді. Облыстағы киелі орындарды ретке келтіру, дамыту үшін 2018 жылы облыс бюджетінен 686 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілсе, демеушілердің қолдауымен 208,4 млн. теңгенің жұмысы істелді.

ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық 8 ескерткіш (Сауран қалашығы, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар оазисінің ескерткіштері, Бөржар қорғаны) туралы тұңғыш рет деректі фильм түсірілді.

Тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында түсірілген «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая «Хабар» арнасы мен облыстық телеарналарда көрермендерге ұсынылды. «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан», «Бәйдібек би», «Ордабасы – бірлік туы» атты тарихи-анимациялық фильмдер де көрермендерді қуанышқа бөленді. Мұнан бөлек, «Түркістан», «Оқсыз» анимациялық фильмдері мен «Төле би» телесериалының түсірілімі аяқталды.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Ахмет Ясауи» 10 сериялы тарихи фильмі, «Әл-Фараби» толық метражды көркем фильмі, «Яссы құпиялары» деректі фильмі, «Қамбар батыр», «Сауран қалашығы» анимациялық фильмдерін 2019 жылы жүзеге асыру жоспарлануда.

Сайрам ауданындағы «Ханқорған» археологиялық қалашығында археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары нәтижесінде ашық аспан астындағы музей ашылады. «Ордабасы тауы» қорық мұражайына ел бірлігін дәріптеген қазақ халқының Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріне монумент құрылысы басталды.

«ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖАҺАНДЫҚ ӘЛЕМДЕ» «ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ» жобалары аясында, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Осылайша Түркістан өңірі рухани жаңғырудың алтын бесігіне айналып келеді.

Бақытжан ӘШІРБЕКОВ, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ