Экономика 0 пікір 0 лайк

Түркiстан үш бағытта дамиды

Желтоқсан 27 / 2018

 

Биылғы 11 айда Түркістан қаласының өңірлік өнімі 68,1 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға жоғары. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев осылай деп мәлімдеді.

 

Шаһар басшысының айтуынша, қалада 35 кәсіпорын жұмыс істейді. Қаладағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 11 млрд. 309 миллион теңгені құраған. Яғни жалпы өңірлік ішкі өнімдегі өнеркәсіп өнімінің үлесі шамамен 17 пайызды құрайды.

– Биыл Елбасының тарихи шешімімен Түркістан қаласы облыстың жаңа орталығы болып бекітілгені мәлім. Ендігі жерде қаланың жаңа статусына лайық дамуы үшін көптеген ауқымды бастамалар қолға алынуда. Оның бірқатары Елбасының қыркүйек айындағы өңірімізге сапары кезінде айқындалды. Соның арқасында бүгінде Түркістанның жаңа тынысы ашылып келеді. Жуырда екі бірдей ірі жобаны – «Rixos Hadisha Turkistan» кешені мен Әкімшілік іскерлік орталығын салу қолға алынды. Әзірге құрылысқа қажетті жер телімдері белгіленіп, алғашқы қазығы қағылды. Уақыт өткен сайын қалаға келетін туристер көбеюде. Сол себепті заманауи үлгіде «Роял Гранд Холд» қонақүй кешені де іске қосылды, – деді Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев.

Сондай-ақ, қала әкімі болашақта Түркістанды түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде дамыту жоспарланып отырғанын айтты. Бұл қадамдар киелі шаһар тұрғындарын рухани серпілтіп, алға ұмтылуына жол ашатынын назардан тыс қалдырмады.

Әкімнің айтуынша, ендігі жерде Түркістан қаласы үш бағытта дамиды. Бірінші бағыт – тарихи аймақ. Бұл бағыт бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы 18 тарихи нысан реставрацияланады. Екінші бағытқа сәйкес 98 гектар жерге Рухани-мәдени орталық салынады. Мұнда көптеген мәдени кешендер мен музейлер, түрлі орталықтар бой көтермек. Ал, үшінші бағыт – әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы. Мұнда облыстық әкімдік ғимаратынан бастап, басқармалар мен департаменттер ғимараты, медиа-орталық, сауда орталықтары мен тұрғын үй кешендерi, Жастар мен Оқушылар сарайы, спорт алаңдары мен мәдени нысандар салынады деп күтілуде.

Аталған жоспарлар қазан-қараша айларында сәулетшілер арасында өткен халықаралық байқаудың қорытындысына сәйкес жасалып отыр. Байқауға әлемнің 32 елінен 353 жұмыс түсіпті. Оның 245-і қабылданып, 42 концепция іріктелген.

Брифинг барысында Әліпбек Шәріпбекұлы БАҚ өкілдері қойған бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Ә.ЗҰЛПЫХАРҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ