Экономика 0 пікір 0 лайк

Еңбек қауiпсiздiгi – басты назарда

Желтоқсан 27 / 2018

 

2018 жылы Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 101 өндірістік жазатайым оқиға орын алған. Осы оқиғалардың салдарынан 122 қызметкер зардап шегіп, 22 адам қайтыс болған. 51 адам ауыр жарақат алса, 49 адам жеңіл жарақаттанған. Бұл туралы «Түркістан облысы мен Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте мәлім етті.

 

– Жұмысымыздың негізгі бөлігі – жұмыскерлердің мүдделері мен құықтарын қорғау, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу, жұмыс жағдайын жақсарту болып табылады. Статистикаға жүгінсек, 13 702 мемлекеттік және жекеменшік мекеменің 5 725-інде ұжымдық шарт жасалынған. Қалған кәсіпорындар мен мекемелер бұл шартқа немқұрайлы қарап отыр. Еңбек қауіпсіздігін сақтау мақсатында биыл 182 семинар ұйымдастырылып, 1 269 еңбек инспекторы біліктілігін арттырған, – дейді Берік Бекжанов.

Жоғарыда аталған 101 өндірістік жазатайым оқиғаны тексеру барысында жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу туралы шешім қабылданған екен. Осы бағытта 41 бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, оған 3079 мүше тартылған.

Жалпы, бұл орталыққа 17 салалық кәсіподақ біріктірілген. 2052 бастауыш кәсіподақ ұйымы өздеріне мүше болып тіркелген 217 мыңнан астам адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды. Қызметкерлердің денсаулығын жақсарту мақсатында кәсіподақтар орталығы «Профтур» туризм орталығын ашқан. Ол орталық тамыз айынан бастап жұмыс істеп келеді. Орталық облысымыздағы және көрші өңірлердегі демалыс орындарымен келісімшартқа отырған. Бұл туризм орталығының арқасында қызметкерлер «Мерке», «Жаңақорған», «Сарыағаш» секілді шипажайлар мен демалыс орындарына баруға мүмкіндік алып отыр.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ