Кеше кiм едiк, бүгiн кiмбiз?

Желтоқсан 15 / 2018

 

Ерболат Айнабеков, «Оңтүстік Қазақстан».

Спорт – елдің, мемлекеттің абыройын асқақтатын, атын әлемге паш ететін бірден-бір сала. Спортшыларымыздың арқасында тәуелсіз мемлекет атанған 27 жыл ішінде қаншама халықаралық бәсекелерде еліміздің мерейі тасып, абыройы артты. Жалпы, тәуелсіздік пен спортшының беделі деген – ажырамас егіз ұғымдар. Егеменді ел болуымыздың арқасында қазақ спортшыларының есімі, атағы әлемге жайылды. Қазақ спортшыларын, олардың күшін дүние жүзі танып, мойындай бастады. Бүгін біз тәуелсіздік жылдары қазақ спорты жеткен жетістіктер жайлы әңгіме өрбітбекпіз.

 

Әлем жұртшылығының санасында №1 спорт футбол саналады. Ал, қазақстандықтар үшін нөмірі бірінші спорт – бокс. Қазақстан егеменді ел ретінде алты рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан екен. Осы алты Олимпиададан Қазақстан боксшылары алтынсыз қайтпаған. Былғары қолғап шеберлеріміз әр дүниежүзілік ойындардан кемі бір алтын алып қайтады. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимов чемпион атанып, қазақ боксының абыройын асқақтатқан еді. Ал, Кеңес Одағы кезінде қазақ боксшыларына мұндай жетістіктер арман еді. Спорттағы әділетсіздіктер сол кездің өзінде қазақ спортшыларына үйір болып алған-ды. Қазақ боксшылары үшін өзге одақтас елдердегі спортшылардан екі бас жоғары тұру «міндет» еді.

Өзінің мықтылығын бүкіл Одаққа паш еткен сондай боксшылардың бірі – Серік Қонақбаев болатын. Жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың ортасы аралығында әлемде Қонақбаев деген фамилияны естігеннен-ақ аяқтары дірілдейтін боксшылар болды. Мәскеу Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған қазақтың даңқты боксшысына еуропалықтар «бокстың Моцарты» деген ат берді. Кеңес Одағы құрамасына ілуде бір ілініп, Олимпиада, әлем чемпионаттары жүлдесіне аз араласатын боксшылар үшін тәуелсіздік даңғыл жол ашты десек қателеспейміз. Егемендіктің арқасында Василий Жиров, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов сынды боксшыларымыз Олимп шыңын бағындырды.

27 жыл ішінде жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшылар 7 алтын, 7 күміс, 8 қола медаль иеленген екен.

1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында өнер көрсеткен қазақ спортшыларының бірі – даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров еді. Қара күш иесі боз кілемде қарсылас шақ келтірмей, грек-рим күресінен Олимпиада алтынын мойнына таққан. Жақсылық ағамыздың Кеңес Одағы құрамасына ілігуі, Олимпиадаға жолдама алуы қаншама күш-жігер мен табандылықты талап етті. Ал, тәуелсіздік алғалы бері грек-рим күресі шеберлерінің арасында 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында Юрий Мельниченко ғана алтын алған. Одан кейін Жақсылық Үшкемпіровтің ерлігін қайталай алатын балуан әзірге табылмай тұр. Еркін ел болғанымыз қазақ балуандары үшін де көп жетістіктің есігін ашты емес пе?! Ендеше, әлі талай чемпиондардың шығатынына сеніміміз кәміл.

Жоғарыда футболды бекер атап өткен жоқпыз. Кеңес Одағы чемпионатында өнер көрсеткен «Қайрат» футбол клубының беделі жайлы шешіліп айтсақ та, өсіріп айтсақ та жарасады. «Қайрат» сол кездері қазақ футболының бүлкілдеп соққан жүрегі-тін. Алайда, КСРО чемпионатында бабы келіссе де, бағы жанбай-ақ қойды. Ең жоғары жетістігі 1986 жылғы чемпионатта алған жетінші орны еді. Қазаққа Сейілдә Байшақов, Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев сынды аңыз футболшыларды сыйлаған «Қайрат» клубы бүгінде Қазақстан намысын Еуропа алаңдарында қорғап жүр. Әзірге «Қайраттың» еуролигадағы жорықтары сәтсіз аяқталуда. Есесіне, құрылғанына 9 жыл ғана болған «Астана» клубының Еуропа алаңдарында жеткен жетістіктері толағай. Жыл сайынғы еурокубок ойындарының топтық кезеңінде ойнайтын «Астана» клубына Еуропа футбол қауымдастығының бір рекорды тиесілі. Қандай дейсіз ғой?! 2014 жылы УЕФА клубтар рейтингісінде 452-орында тұрған «Астана» 2017 жылды 67-орында аяқтады. Осыншама аз уақыт ішінде 400 сатыны артқа тастаған клуб Еуропа тарихында болмаған. Қазір «Астана» клубы Еуропада ТОП-50 команданың қатарына кіреді. «Астанамен» «қарт құрлықтың» белді клубтары санасатын күйге жетті. «Астана» егемендіктің арқасында Еуропаға танылса, «Астананың» арқасында елімізді әлем тани бастады. Жоғарыда тоқталған егемендік пен спорттағы беделдің байланысы дегеніміз сол.

Тәуелсіз ел атануымыздың арқасында әлемдік аренада қазақ спортшыларының беделі артты. Өзге ел спортшылары, спорт мамандары Қазақстан деген елдің атынан шығатын спортшының қай дәрежеде өнер көрсете алатынын зерттей, зерделей бастады. Сол арқылы елімізді таныды. Тәуелсіздіктің ел спортшыларына бергені мол. Ал, берері бұдан да мол болатынына сенім зор. Оған уақыт – төреші.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ