Руханият 0 пікір 0 лайк

«Өмiрден кетсем де, өлеңнен кетпеймiн»

Желтоқсан 08 / 2018

 

Биыл Түркістан қаласы мен Отырар ауданының құрметті азаматы, көрнекті ақын Қаныбек Сарыбаевтың дүниеге келгеніне – 80 жыл. Осыған орай Отырар ауданындағы Темір ауылдық Мәдениет үйінде «Өмірден кетсем де, өлеңнен кетпеймін» атты жыр мүшәйрасы өтті. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен өткен жыр додасына ақынның бауырлары мен ұрпақтары қатысты.

 

Шара барысында жыршы, термеші Мұхтар Асанов ақынның сөзіне жазылған «Ардан қымбат жоқ бұйым» атты термесін нақышына келтіре орындаса, сазгер Ақәділ Оразов «Атасының баласы» атты әнін шырқады. Сонымен қатар Қаныбек Сарыбаевтың шөберелері Алтынбек пен Жарқынбек күмбірлеген күй тартып, өздерінің өнерден құралақан емес екендіктерін көрсетті.

Шараның ашылу салтанатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елтай Үмбет ақын атындағы жыр мүшәйрасын жыл сайын өткізуді қолға алатынын жеткізді. Ақынның ұлы Махмұд шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғысын айтты. Сондай-ақ, ақынның інісі Болат Аманқұлов, қыздары Зәлен мен Ләззат, үлкен келіні Ұлбосын, күйеу баласы Ержан Файзиев және немерелері Жаһангер, Ақбота, Ақерке, Арайлым, Құрмет те сахна төрінен табылып, атадан қалған таусылмас қазына өлеңдерін бүгінгі жас ұрпақ жатқа айтып, жырына қосып жатқанына шынайы ризашылықтарын білдірді.

Мұнан соң жыр додасы басталып, жас ақындар бірінші кезеңде Қаныбек ақынның жырларын мәнерлеп жатқа оқыса, екінші кезең шарты бойынша өздері шығарған өлеңдерін оқыды. 25 үміткердің арасында оза шауып, өздерінің шеберліктерін танытқандар да, сайыста сәл мүдіріп, сөзін ұмытып қалғандар да болды. Шара барысында осы олқылықтарды байқаған қазылар алқасының төрағасы Елтай Базарханұлы мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері оқушыларды мәнерлеп жаттап оқытуға ерекше көңіл бөлулері қажеттігін айтып, үміткерлердің көбі осыдан сүрініп жатқанына қынжылды.

От ауызды, орақ тілді Қаныбек ағамыздың атындағы мәртебелі сыйлықты алу – әрбір жас дарынның арманы. Сонымен, жас ақындардың жыр мүшәйрасының қорытындысы бойынша Асан Өркен бірінші орын иегері атанып, тиісті марапатын иеленді. Жүлделі орындарға ие болған жас ақындар диплом, мақтау қағаздары мен бағалы және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ақынның туыстары атынан арнайы номинация ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды.

Алмас АҚЫЛБЕК.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ