Ендi оның жеңiлуге қақысы жоқ!

Желтоқсан 08 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкент спорты тарихында жергілікті балуандар арасында ересектерден еркін және грек-рим күресінен әлем чемпионатының жүлдегері болмаған-ды. Облысымыздың намысын қорғап, 2003 жылы әлем чемпионатында қола жүлде, 2004 жылы Афины Олимпиадасында күміс жүлде иеленген Геннадий Лалиев есімді балуан болды. Ресейден әкелген легионер мансабын аяқтаған соң өз Отанына қайтып, жеке кәсіппен айналысуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы шетелден легионер алдырудан түбегейлі бас тартқан-ды. Күні кешеге дейін жергілікті мектептерден тәлім терген шымкенттік балуандар үшін әлемдік додаларда үштікке ену бағынбас белес, алынбас асу болып келген. Сол белесті алғашқылардың бірі болып Мейіржан Шермағанбет бағындырды. Мейіржан грек-рим күресінен қазан айында Венгрия астанасы Будапештте өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды.

 

Биылғы ел чемпионаты Шымкент қаласында өткен еді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған білекті балуандар ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне түсу үшін барын салып, аянбай күресті. Бұл ел біріншілігі көптеген жас таланттардың жарыққа шығуына сеп болды. Сондай жастардың бірі Шымкент қаласының күрес түрлерінен №10 спорт мектебінің спортшысы Мейіржан Шермағанбет еді. Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетте білім алатын ол еліміздегі бәсекелестік ең жоғары саналатын 67 келі салмақ дәрежесінде күресетін. Бұл салмақта қазақстандық даңқты балуан Алмат Кебіспаев та бар-ды.

Ақтық сында шымкенттік қос балуан Мейіржан Шермағанбет пен Абылайхан Әмзеев күресті. Абылайханнан айласын асырған Мейіржан ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне түсіп, ел құрамасына ілікті. Ел чемпионатынан кейін алда екі сын күтіп тұрды. Оның бірі – Джакартадағы Азия ойындары болса, екіншісі Будапешттегі әлем чемпионаты еді. Құрама бапкерлерінің шешімімен Индонезияға тәжірибелі балуан Алмат Кебіспаев аттанса, бойында қаны тасып тұрған жас балуан Мейіржан Венгрияға баратын болды. Бапкерлердің бұл шешімі дұрыс болғанын шымкенттік балуан өзінің жүлдесімен дәлелдеп берді.

Мейіржан алғашқы айналымда Азия ойындарының жүлдегері, Түркия елінің үміт артқан балуаны Атакан Юкселді жарыс жолынан шығарса, екінші кезеңде Олимпиада чемпионы, кубалық Исмаэль Боррероны жеңді. Ал, ширек финалда мысырлық Мохамед Риза Гераиді ойсырата ұтты. Осы салмақтағы ең атақты 3 балуанды жолда қалдырған

Мейіржанмен санаспаса болмайтынын қалған қарсыластары түсінді. Мейіржан жартылай финалда былтырғы әлем чемпионатында қола жүлде иеленген ресейлік Артем Сурковпен белдескен. Тәжірибенің аты тәжірибе ғой. Әлем чемпионатында жүлдегер атанып үлгерген Артем Сурков Мейіржаннан айласын асырып кетті. Ал, қола жүлде үшін таласта Мейіржан франциялық қарсыласы

Мамадасса Силлаға бас көтерткен жоқ.

Әлем чемпионатындағы қола жүлде – Әлібек Нұртаев басқаратын Шымкент спорты үшін зор жетістік. Спортшылардың ерен еңбегінің, төккен терінің арқасында Шымкент шаһары биыл «Ең үздік спорттық өңір» номинациясын иемденді. Мейіржан Шермағанбет жаттығатын Шымкент қаласының күрес түрлерінен №10 спорт мектебі талай білекті балуандарды дайындап шығарған. 2011 жылы ашылған мектепті алғашқы жылдары Азия чемпионатының жеңімпазы Мұратбек Қыпшақбаев басқарған. Бүгінде мектепті Саян Мекенбаев басқарады. Спорт мектебі талай республикалық, халықаралық жарыстардың өтуіне мұрындық болып отыр. Жыл сайын ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Т.Сайхановты еске алуға арналған турнир осы мектептің ұйымдастыруымен өтеді. Оған еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия елінің жас балуандары келіп, бақ сынайды. Мұнда жаттығатын спортшылардың Шымкент қаласы әкімдігі мен Шымкент қалалық спорт басқармасы басшыларына айтар алғысы көп. Себебі, бұл мектептің балуандарына республикалық, халықаралық аренадағы жарыстарға қатысуға барлық жағдайлар жасалған.

Келесі жылы Шымкентте еркін, грек-рим және әйелдер күресінен ел чемпионаты жалауын көтермек. Мұнда Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысатын балуандар іріктеледі. Астанадағы әлем чемпионаты қазақ балуандарына берілген зор мүмкіндік болмақ. Себебі, бұл біріншілікте Токио Олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынады. Әр салмақтан үздік үштікке енген балуандар Жапонияға жинала берсе болады.

Әлем чемпионатынан жүлделі оралған жас балуан Мейіржан үшін алдағы сындар оңай болмайды. Себебі, әлем чемпионатының жүлдегері болған соң қарсыластары мұны көп зерттейді. Дана халқымыз «Жүйрікке озудан қалу қиын» деп тауып айтқан ғой. Токио Олимпиадасында қазақтың әнұранын шырқатуды алдына мақсат еткен балуан үшін тілектес болмағанда, кімге тілектес боламыз?!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ