Балғын балуандар белдестi

Желтоқсан 08 / 2018

 

Отырар ауданында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Отырар ауданының құрметті азаматы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Құралбай Орынбасарұлының жүлдесі үшін 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында самбодан ІІ облыстық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Ерлан Айтаханов құттықтау сөз сөйлеп, білекті балуандарға сәттілік тіледі.

 

– Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш. Осы орайда халықаралық аренада Қазақстан спортының беделі жыл санап көтеріліп келе жатқанын аңғарамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорт түрін дамыту бағытындағы жұмыстарға баса назар аудару қажет екенін әрдайым ескертіп отырады. Бүгінгі самбо күресінен әлем кубогінің қола жүлдегері, Азияның үш дүркін жеңімпазы, қазақ күресінен Еуропа чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «100 жаңа есім» жобасына енген Құралбай Орынбасарұлының атындағы турнир де осы шаралардың жалғасы. Турнирге қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді аймақ басшысы.

Турнирге Шымкент, Түркістан, Кентау қалалары мен Ордабасы, Сарыағаш, Шардара, Төлеби аудандарынан келген балуандар қатысып, бақтарын сынады. Екі күнге созылған сайыстың жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және естелік медальдармен марапатталды.

Алмас Ақылбек. Отырар ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ