Экономика 0 пікір 0 лайк

Мақташылар неге алаңдаулы?

Желтоқсан 06 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Облыс мақташылары дәл қазіргі уақытта бір проблемаға тап болып отыр. «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жүсіп Шәріпұлының мәлімдеуінше, бұдан былай диқандарға мақта шикізатына субсидия берілмейді. Енді субсидия тек қана мақтаны талшыққа өткізгендерге төленетін болып шешіліпті. Оның пікірінше, бұл заң шаруалардың жағдайын одан сайын қиындатып жіберуі мүмкін. Өйткені, фермерлер мақтаны өткізіп болған соң ақысын 5-6 айдан кейін ғана алады. Сол себепті қосымша қаражаты болмағандықтан ертең көктемде егіндерін еге алмай қалулары ықтимал. Бұл, әсіресе, мақтамен күн көріп отырған шаруалар үшін өте қиын болғалы тұр. Егер диқандар ереже бойынша мақтаны талшық күйінде өткізбесе, облыстағы бүкіл мақташылардың 80-90 пайызы субсидиядан қағылайын деп отыр.

 

Мақтаарал ауданында бұл мәселе дәл бүгінгі таңда күйіп тұрғанын газетіміздің осы аймақтағы меншікті тілшісі Сәбит Қалдыбаев та растап берді. Оның айтуынша, фермерлердің 80 пайызға жуығы алған өнімдерін күздің күні шикізат күйінде сатып жіберген. Ал, мақта талшығын өткізгендер ақшасын тек келесі жылдың ақпан айында ала алады. Бағасы да күздегісінен төмен болатын көрінеді. Оның пікірінше, бұл жерде пайданың нағыз көкесін алыпсатарлар мен мақта зауыттары көрмекші. Айналып келгенде, шаруалар ұтылғалы тұр. Аудан бойынша 80 гектар жері бар бір ғана шаруа мақтасын талшыққа өткізіпті. Тілшіміз хабарлағандай, субсидия төлеу тәртібінің өзгертілуіне байланысты жиын осы жазда Шымкентте өткен екен. Бірақ, шаруалар жаңа ереже жайлы енді ғана естіп-білгенге ұқсайды. Бұрын диқан өнімінің әр тоннасы мен бір гектар жеріне қарай 15 мың теңге шамасында субсидия алып келген. Жаңадан қабылданған заңға сәйкес субсидия төлеудің ескі ережесі толығымен күшін жойып, мемлекет қаражаты мақта талшығын өткізетіндерге ғана берілетін болып бекітілді. С.Қалдыбаев «бұлай жалғаса берсе, түбінде субсидиядан мүлдем айырылып қалмаймыз ба?» деген күдікті ой шаруалардың біраздан бері мазасын қашырғанын айтады.

Ал, «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ Түркістан облыстық филиалының Ордабасы ауданы бойынша өкілі Аман Кәрібайұлының мәлімдеуінше, биыл ордабасылық мақташыларға бөлінген 128 млн. теңге субсидия көзден бұл-бұл ұшқалы тұр. Оған фермерлердің пікірінше, мақтаны талшық түрінде өткізу туралы субсидиялаудың жаңа ережесі «кінәлі». Ордабасыда өзге аудандармен салыстырғанда мақта негізінен оншалықты көп өсірілмейді. Мәселен, биыл бар-жоғы 18 мың тонна «ақ алтын» өндірілді. Сондықтан биылдыққа 126 мың тонна өнім алған Жетісай ауданына қарағанда Ордабасының субсидия мәселесінде жарасы жеңілдеу. Ал, жетісайлық диқандардың шынымен де көл-көсір өнімдеріне қарай бөлінетін миллиардтаған теңге субсидияға қолдары жетпей қалу қаупі бар.

Біз осы мәселе бойынша Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласып көрген едік. Басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспановтың мәлімдеуінше, биыл 12 шілдеде шыққан жаңа қаулы-ережеге сәйкес қайта өңдеуші кәсіпорындар ендігі жерде өңделген өнімге электронды шот-фактура беруі тиіс. Биыл мақта зауыттарының мақта шикізатын сатып алуға қаражаты жетпей, фермерлер өнімдерін трейдерлік компанияларға, яғни алыпсатарларға сатқан. Алайда, олар шаруаларға әлі күнге дейін электронды шот-фактура ұсынбай отыр. Сондықтан көп диқанның қолында анықтамасы болмаған соң субсидия ала алмай қалатын түрі бар. Бірақ, басқарманың ресми өкілі мемлекеттік субсидия тек мақта талшығына төленетінін жасырмады. Жылда мақта шикізатын өңдеуші кәсіпорындар қабылдайтын. Биыл, керісінше, жоғарыда айтылған себептермен өнім алдымен трейдерлік компаниялардың қолына өткен. Ал, нәтижесі бүгін біз көргендей болып отыр.

P.S. Сонда дейміз-ау, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы тиісті мамандар субсидия тәртібі туралы жаңа ережені неге дер кезінде мақташыларға түсіндірмеген деген сауал туындайды. Енді ала жаздай тер төгіп, адал еңбегі заяға кеткелі тұрған мақташылардың обалын кімге артамыз? Әлде мұны реттейтін жол бар ма? Шаруалар осыған алаңдаулы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ