Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Жалақы көтерiлiп жатыр

Желтоқсан 06 / 2018

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Әр сөзін әзілмен астарлап, ұйқасын келтіріп айтатын қазақтың бүгінгі ұрпағы «Айлық, бола алмайды саған байлық» деген мақал шығарып алған. Мұнымен не айтқысы келді екен? Кім біледі, ай соңында бір байытып барып, өз орнын тауып кететін жалақыға жалданғаннан гөрі күнделікті кіріс келтіретін кәсіпкерлікпен, сауда-саттықпен айналыс дегенді тұспалдағаны шығар...

 

Дегенмен, әлеуметтің әлеуетін арттыру жолында айлық жалақының жоғары болуы маңызды рөл атқарады. Елбасы Н.Назарбаев соңғы Жолдауында жұмысшылар жалақысын көтеруді тапсырған еді. Елбасының Жолдауына алғашқылардың бірі болып Сарыағаш ауданындағы «Гүлжан» балабақшасы мен «Балшекер» балабақшасы қолдау көрсетті. Атап айтқанда, «Гүлжан» балабақшасы 31 қызметкердің, ал, «Балшекер» балабақшасы 19 қызметкердің айлық жалақысын 2018 жылдың қараша айынан бастап 35 пайызға, 2019 жылдан бастап 15 пайызға көбейтетін болды.

Жолдауға қолдау білдіріп, жұмысшыларының жалақысын көтергендер қатары мұнымен шектелмейді. Оның ішінде ірі мекемелер мен кәсіпорындар да бар. 224 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Манкент шипажайы» АҚ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық жалақыны 10 пайызға көбейтіп, орташа айлықты 116 900 теңгеге теңестірмек болса, екі жүзге жуық жұмысшысы бар «ВИЗиТ» алкогольсіз сусын шығаратын зауыт та жалақыны 10 пайызға көтеріп, ең төменгі жалақының өзін 44000 теңгеге жеткізбек. Ал, «Алтын дән» ЖШС-і – 25 пайыз, «Химфарм» АҚ 8 пайыз қосып, орташа айлықты 190 000 теңгеге жеткізді.

Аталған бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр. Демек, жұмысшыларының жалақысын көтеретіндер саны алдағы уақытта бұдан да көбейетін болады.

Оңтүстікшелеп термелетсек, «әдемі ғой»!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ