Кентауда коммуналдық қызмет құны арзандады

Желтоқсан 06 / 2018

 

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Кентау қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

 

Алдымен өңір басшысы Оранғай ауылдық округіндегі «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне аялдады. 2016 жылы құрылған нысан көкөніс пен жеміс-жидектерді қайта өңдеу, сақтау және дайын өнімді өткізу шаруаларын атқаруға бағытталған. Кооперативтің жалпы жер көлемі 300 гектарды құрайды. Онда 50 га алма бауы, 30 га жүзім, 40 га алхоры, 40 га абрикос, 140 га бақша, көкөніс дақылдары егілген, 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мекеме жылына 450 мың литр жеміс-жидек шырынын, 1500 тонна көкөніс маринадын, 1200 тонна томат, алма, асқабақ өнімдерін дайындауға қауқарлы. Кооператив 2018 жылдың 11 айында жалпы сомасы 292 млн. теңгені құрайтын 1950 тонна тауар өндірген. Оның 1200 тоннасы ішкі нарыққа өткізілсе, 750 тоннасы Ресей Федерациясына экспортталған.

Қазіргі таңда аталған мекеме 7 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен келісімшарт жасасқан.

Сондай-ақ, өңір басшысы «Кентау сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын аралап көрді. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін мекеме 2011 жылы құрылған. Серіктестікте 395 адам жұмыс істейді. Аталған мекеме көпқабатты 334 тұрғын үйге, 2121 жеке үйге, 374 коммерциялық нысанға және 102 бюджеттік мекемеге жылу беріп келеді. Жалпы, қалада 38,2 шақырым магистральды, 116,8 шақырым ішкі орамдық жылу құбыры тартылған.

Мекеме басшысы Төлеу Әшірхан Елбасының тапсырмасына сәйкес, коммуналдық қызметтің құны 136-дан 103,88 теңгеге немесе 23,88 пайызға арзандатылғанын жеткізді. Сондай-ақ, төмен жалақы алатын 60-тан астам азаматтың еңбекақысын көтеру мақсатында мекеме бюджетінен 1 млн. 600 мың теңге қаралып отырғанын айтты.

Атқарылып жатқан шаруаларға қаныққан облыс әкімі халыққа сапалы қызмет көрсету бағытында тиісті шараларды дер кезінде атқаруды тапсырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ