Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Шымкенттiң өз Арбаты бар

Желтоқсан 06 / 2018

 

Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласында жұрт көптен күткен тағы бір демалыс аймағы ашылды. Бұл Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай шымкенттіктерге жасалған үлкен сый болды.

 

Айта кетейік, Шымқалада бұған дейін де Қошқарата өзенінің жағалауы, Бекет батыр көшесі бойынан жаяу жүріп қыдыруға арналған саябақтар ашылған болатын. Ал, Тұңғыш Президент күнінде пайдалануға беріліп отырған Арбаттың жөні бөлек. Бейбітшілік көшесінің бойындағы бұл саяжолды ұзындығы – 430 метр, ені 35 метр демалыс аймағы құрайды.

Жаңа Арбаттың ашылуына Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Шымкенттің бұрынғы әкімі, бүгінде Парламент депутаты Д.Сатыбалды, қоғам қайраткері, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары З.Тұрысбеков қадірлі қонақ ретінде қатысты.

– Тұңғыш Президент күні қарсаңында халыққа қажетті нысандарды тарту ету үрдісі үзілген емес. Бүгін міне, қала тұрғындары үшін өте қажетті демалыс аймағы ашылып отыр. Бұл өнер адамдарының бас қосып, шығармашылығын дамытуына себепкер болатын орынға айналады. Жастар көңіл көтеріп, түрлі кештер, кездесулер өткізуіне қолайлы аймақ болады, – деді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.

Арбаттың бойында 7 субұрқақ бар. Шіліңгір шілдеде шымкенттіктердің сая іздеп келетін нағыз демалыс орны болатыны анық. Велосипедпен жүруге ыңғайлы арнайы жол, қала қонақтары үшін естелікке суретке түсуге арналған селфи-аймағы да қарастырылған.

Гранит тастан жасалған Қазақстанның атлас-картасы да Арбатқа ерекше көрік беріп тұр. Ал, көкте қалықтаған періштелер сұлбасы ретінде бейнеленген 12 сәулелі мүсін келушілерді қызықтыра түсті. Көшенің екі қапталына декоративті плиталар төселіп, 150-ден астам жарық шамы мен орындықтар орнатылған.

Ашылу салтанатында демалушыларға «Шымкент цирк» әртістері арнайы бағдарламалық қойылым көрсетті. Ескі әндерді, авторлық туындыларды орындаушы «Формат» тобы концерттік бағдарлама ұсынды. Қазақстанның эстрада жұлдыздары да бұл күні Шымкенттің Арбатынан табылды.

Тұңғыш Президент күніне орай шымкенттіктерге сый жасау рәсімі мұнымен шектелген жоқ. Бұл күні, сонымен бірге Шымкентте 22 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы ашылды. Соның ішінде Бейбітшілік көшесіндегі көпқабатты №6 тұрғын үй ауласы көпшіліктің көзайымына айналды. Жолы жөнделіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған ауланың реңі кіріп қалды. Көпфункционалды жаттығу құралдары, спорттық алаңдар мен «Форт» балалар ойын кешені аула жастарын қатты қуантты.

Алдағы кезде де қаладағы өзге аулаларға соңғы үлгідегі біркелкі ойын алаңшалары кезең-кезеңімен орнатылатын болады.

Ж.Жайлаубекқызы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ