Ұлт Көшбасшысының еңбегi ұшан-теңiз

Желтоқсан 06 / 2018

 

Елбасының Жарлығымен биыл өз алдына дербес облыс болып қайта құрылып, жаңғыру мен дамуға бет түзеген Түркістан өңірінің халқы Тұңғыш Президент күнін зор қуанышпен атап өтті. Бүгінде халқымыз Нұрсұлтан Назарбаевты тәуелсіз мемлекеттің негізін қалап, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға ретінде таниды. Елбасыны мемлекеттің экономикасын қарқынды дамыту мен халықтың әл-ауқатын жақсартуда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел Көшбасшы санайды. Расында да, Тұңғыш Президентіміз бабаларымыздан келе жатқан ұлы арман – тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы қиын белестерден халқын аман алып өтіп, тарих төрінен өз орнын алды.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы АҚШ конгресмені Крис Кэннон былай деген еді: «Мен жас Қазақстанның дамуын үлкен ықылас қоя қадағалап жүрмін, 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағынан тәуелсіздік алған сәтінен бастап, бұл ел таңқаларлық саяси және экономикалық жаңғыруларды басынан кешірді. Қазақстан қарыштап алға басып келеді әрі дұрыс бағытта келе жатыр. Қазақстан қалыптасты, бұған оның басшысы Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі үлкен. Мен Қазақстан табыстарының сәулетшісі Президент Н.Назарбаевтың саяси көрегенділігін жоғары бағалаймын, ол айтылып жатқан сындарға қарамастан, елін қуатты экономикалық мемлекеттердің қатарына қосып, бұрынғыдан да ауқымды саяси реформалар жасауға кірісті».

Н.Назарбаевтың бүкіл еңбегі осы бір пікірде тамаша көрініс тапқан сияқты. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы экономикамен бірге білім және ғылым, мәдениет пен руханият салаларын да дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Соның кезекті бір айғағы ретінде Елбасының жақында ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты тағлымды еңбегін атап өтуге болады.

Олай болса, барша жерлестерімді Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтаймын! Елбасымыз аман, тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Серікбай ИБАДУЛЛАЕВ, облыстық мәслихаттың депутаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ