Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Ел батырлары – ұлттың рухы

Желтоқсан 06 / 2018

 

Дилара Бименова, «Оңтүстік Қазақстан».

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да қазақтың атақты батыры, дарынды қолбасшы Қарасай Алтынайұлы батырдың туғанына 420 жыл толуына орай «Ел батырлары – ұлттың рухы: таным мен тағлым» атты тақырыпта халықаралық ғылыми конференция өтті.

 

Онда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, халықаралық деңгейде өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталды. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың профессоры, «Бәйдібек баба» республикалық қорының президенті Нағашыбек Қапалбекұлы «Ақ Орда» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы Қайрат Сатыбалды, Парламент Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев сынды бірқатар ел азаматтарының құттықтау хатын оқып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Оқу орнына сый-сияпат табыстап, университет ректоры Дария Қожамжарованы халықаралық «Жамбыл» қорының төсбелгісімен марапаттады. Өзбекстан Республикасынан келген бірқатар ғалымдарға алғыс айтып, қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Қазақ хандығының қалыптасып, нығаюы үшін туған елін, жерін басқыншылардан қорғағандардың қатарында Қарасай Алтынайұлы да бар. Ол – Жетісуда жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста қол бастаған батыр. Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде орналасқан Қарасаз деген жерде өмірге келіп, Арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып, дүние салған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының мүшесі Берекет Кәрібаев өз баяндамасында Қарасай батырдың өмірбаянын ғана емес, оның қазақ тарихында алатын орны жайлы да сөз етті.

Жалпы, конференцияға 51 мақала келіп түскен екен. Пленарлық және секциялық мәжілістерде 43 баяндама тыңдалып, талқыланды. Оған шетелдік және отандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, еліміздегі ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың мамандары қатысты. Шара барысында қонақтар «Мұхтартану», «Елбасытану» ғылыми- әдістемелік орталықтарымен танысып, «Сұраншы батыр» тарихи тұлғаларды зерттеу орталығы мен Шымкенттегі «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған кітап көрмесін тамашалады.

Айта кетейік, конференцияны ұйымдастыруға Астана қаласындағы

«Ақ Орда» республикалық қоғамдық қозғалысы және Алматы қаласындағы «Бәйдібек баба» республикалық қоры атсалысты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ