Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Ендiгi мiндет – жүзеге асыру!

Желтоқсан 06 / 2018

 

Бар болса тасымайтын, жоқ болса жасымайтын қанағатшыл, кеңпейіл қазақ «тәубе» дегенді тәуір көреді. Тәубе деп жүріп-ақ талай биіктерді бағындырып келеді.

 

Иә, тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктерін ойласам тіл ұшына осы бір сөз орала береді. Шынында да, соғыс көріп жатқан, алпауыт мемлекеттердің ықпалынан шыға алмай қалған, бақытсыздықтың қара бұлты аспанын торлап алған кейбір елдердің адам аярлық жағдайы жаға ұстатады. Оны көріп, біліп отырып, бүгінгі жағдайымызға шүкіршілік айтпасақ, күпірлік болар еді.

Мысалы, тәуелсіздіктің елең-алаңында елдің бәрі ендігі күніміз не болады деп уайым кешкені естен шыға қойған жоқ. Ауыл шаруашылығы саласының аяғына жем түсіп, өндіріс орындары жұмысын тоқтатып, ел ішін жұмыссыздық жайлап, кейбір ауылдар кеш түскеннен қара түнекке оранатын кез еді, ол кез. Жарық-жылу болмағандықтан қала орталығындағы көпқабатты үй тұрғындары қара қазанын жерошаққа қондырып, әр-әр жерден жиған тамызық ағашына, шөп-шаламына тамақ пісіріп әуреге түскені де естен шыға қойған жоқ. Бұл бертінде болған жағдай. Бұған дейін де ата-бабаларымыз мың өліп, мың тірілген еді ғой. Міне, осындай қиын-қыстау күндерден елді ең алдымен өзіне тән сабырлылығы мен шыдамдылығы, болашаққа деген алғаусыз сенімі алып шықты. Сол сенімді көңілге ұялатқан Елбасымыздың сөзі екені де рас. Әр жылдары заман ағымына қарай жұмыс жоспарларын жасап, оны халықпен бөлісіп отырды. Кейбір стратегиялық жоспарлар тұтас өзгерістерге бастап, жаңа реформаларға жалғасып жатты. Осы орайда Қазақстан халқына арналған әрбір Жолдаудың көтерген жүгі ауыр. Жолдаулар елім дейтін әрбір азаматқа қосымша жауапкершіліктер жүктеп, міндеттерін айқындап берді.

Елбасымыздың соңғы Жолдауы ұзақ жылғы жоспарының заңды жалғасы іспетті. Біздің тағы бір байқағанымыз, берекелі күздің екінші айында жарияланған жаңа Жолдаудың уақыты тәуелсіздік тарихындағы маңызды күнмен тұстас келді. Осыдан 21 жыл бұрын, яғни 1997 жылғы 10 қазанда Н.Назарбаев алғашқы Жолдауын Қазақстан халқына арнаған болатын. Онда «Қазақстан–2030» стратегиялық даму бағдарламасы жарияланған-ды.

Жолдауда жастар үшін жағымды жаңалықтар көп. Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп белгіледі. Бала жанының бағбаны саналатын тәрбиеші-ұстаздарға артылар міндеттің де салмағы ауырламақ. Осыны ескерген Елбасы мұғалім мәртебесі жайлы да тамаша бастамалар көтерді.

Расында, ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, алты Алаштың басы қосылса төрде отыруы тиіс мұғалімнің төменшіктеп жүргені жасырын емес. Бұл заң қабылданса, ұстаздар қауымының қоғамдағы рөлін нықтайтыны анық. Заңға қатысты білім саласы мамандары өз ұсыныстарын, ой-пікірлерін айта жатар, бізге ұнағаны «Біз ауылдық жердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді» деген сөзі.

Елбасы кәсіпкерлерге кедергі жасалмау керектігін, өз жұмысын жаңадан бастаған бизнесмендерге 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуді тапсырды. Мұндай жеңілдіктер шалғай жатқан ауылдарды да көркейтетіні сөзсіз.

Қуанбек қажы АБДУЛЛАЕВ, еңбек ардагері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ