Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Зияткерлiк мектеп тәжiрибесiне өту... бұл тапсырма облысымызда қалай жүзеге асуда?

Желтоқсан 06 / 2018

 

Жәмила МАМЫРӘЛІ, «Оңтүстік Қазақстан».

Елбасы халыққа арнаған биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс екендігін айтқан болатын. Әрі бұл жыл сайын білім саласында жасалынып келген түрлі реформалардың түйіні болуға, әсіресе, мектептегі білім реформасының қорытынды кезеңі болуға тиіс екендігін нақтылады.

 

Сала мамандары бұл тапсырманы жүзеге асыруды жандандыра түскен. Жақында ғана өңірімізге «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова келіп, Түркістан облысы әкімдігімен және Шымкент қаласы әкімдігімен бөлек-бөлек ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумда жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамытуға Назарбаев зияткерлік мектебі көмек беретіні көрсетілген. Тіпті, қазір бұл бойынша облыстық білім басқармасында іс-шаралар жоспары әзірленіп, оны жүзеге асыру басталып та кетті. Бұл не үшін керек?

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей өскелең ұрпаққа мемлекет сапалы орта білім беріп қана қоймай, зияткер, дене бітімі және рухани жағынан дамыған, табысты азаматты қалыптастыруды өз жауапкершілігіне алып отыр. Бұл еліміздің болашағын жарқын етуге қаланып жатқан негіздің дұрыстығын байқатады.

– Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогикалық тәжірибесін табысты таратуға және танытуға, білім беретін ұйымдардың жағдайында тәжірибені бейімдеуге облыста алдыңғы қатарлы жетекші 100 мектеп анықталып бекітіліп, жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жұмыстарын үйлестіретін әдістемелік орталық құрылды. Жетекші мектептердің қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасында жаңартылған орта білім мазмұнын енгізу бойынша Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін таратуға ұйымдастырушылық-әдістемелік жағдайлар жасау болып табылады, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова.

Алайда, жай мектептерге де зияткерлік мектептердің тәжірибесі енгізілуі керек деген талапқа қарсы уәж айтушылар да аз емес. Олардың басты уәждері «елімізде апатты мектептер саны әлі де жетерлік. Үш ауысымды мектептердің де барын ұмытпайық» дегенге саяды. Расында да мұндай проблемалардың бары рас. Сынып бөлмелерінің тарлығы, партаның жетіспеушілігі, бір сыныпта 47 балаға дейін отыратын мектептердің де барын көзбен көріп жүрміз. Мұндай жағдайда жаңартылған білім беру мазмұнының талаптарына сай білім сапасын арттыру қиынға соғатыны да өтірік емес. Бірақ, бұл билік қол қусырып отыр дегенді білдірмейді.

Елбасы Жолдауында айтылғандай, білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында оқушыларға мектепте барлық жағдай жасалуы керек. Ол үшін «мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын» деп нақтылап көрсетілген Президент Жолдауында. Басқа жақты айтпағанда, соңғы жылдары демографиялық ахуалы ел қызығатындай Түркістан облысында бала санының артып отырғанын күзде мектептің бірінші сыныбына келгендердің санынан-ақ аңғару қиын емес. Қазір облыс мектептерінде 474 мың оқушы бар. Оның 30 мыңнан астамы биыл бірінші сыныпқа қабылданғандар.

Ал, апатты мектептердің мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Білім саласына қажетті 83 нысанның биыл 40-ы салынып, олар біртіндеп пайдалануға беріліп жатыр. Осының нәтижесінде 9 апатты мектептің, үш ауысымда сабақ оқытып келген 5 мектептің, ыңғайластырылған және сынып бөлмелері тар болып келген 23 мектептің мәселесі шешілуде.

Жалпы айтқанда, өңірде білім саласын дамыту, сала жұмысын жандандыруға деген қолдау жақсарған. Былтырғыға қарағанда салаға бөлінген қаржы көлемі де қомақты. 262 миллиард 24 миллион теңге қарастырылған. Бұл 2017 жылы білім саласына бөлінген қаржыдан 6 млрд.15 млн. теңгеге артық.

Бірді айтып, бірге кетпейік, жай мектептердің оқыту бағдарламасын Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі негізінде жасау мәселесіне қайта оралсақ. Жалпыға бірдей мемлекеттік мектептердегі сабақтың зияткерлік мектептегідей өтуі үшін бірінші кезекте мұғалімнің біліктілігі де зияткерлік мектептегідей болмағы керек. Біздегі мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігі соған сай ма? Сай болмаса, сай ету үшін не істеуіміз керек?

– Оқыту жүйесін Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу-әдістемесіне негіздеу ісін біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. 1200 мұғалімнің критериалды бағалау жүйесі бойынша педагогикалық іс-тәжірибесін нығайтуға мүмкіндік жасалды. Біз бұл орайда мұғалімнің сапалық құрамын қалыптастырып қана қоймай, педагог кәсібінің беделін де арттыратын боламыз. Ал, кәсіби біліктілігін арттырудың көп қырлы, көп сатылы жаңа тетіктерінің негізі – мұғалімнің зерттеу қабілетін көтеру болып отыр, – дейді Ардақ Садықова.

Әрине, мұғалімнің беделі біліктілікті арттыру курстарына жіберумен шектелмейтіні белгілі. Сала мамандарының айтуынша облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығының тарапынан мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында оқыту семинарлары ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Онда «Жаңартылған білім беру аясында сабақты жоспарлау, өткізу және талдау әдістемесі», «Жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша тиімді оқытуды ендірудің жолдары», «Қалыптастырушы бағалауды қолдануда пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру», «Кейс стади, топтық жұмыс және жобалау әдістері негізінде білім сапасын арттыру» сияқты тақырыптарда пікірлесу клубтары, «дөңгелек үстел» мәжілістері, конференциялар өтуде.

«Салыстырмалы түрде алғанда, осындай шаралардан соң мұғалімдердің ойлау жүйесі, методикалық әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану деңгейі біршама жоғарылады» дейді мамандар.

Осы орайда айта кететін бір мәселе бар. Жалпы, мектептердегі білімнің сапасын арттыру мәселесі бүгін көтеріліп, бүгін қолға алынып отырған жоқ. Естеріңізде болса, Президент тапсырмасына орай 2013 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі 35 білім беру мекемесін, соның ішінде лицейлерді, дарынды балаларға арналған мектептерді, гимназияларды базалық мектеп ретінде таңдап алып, оларды Назарбаев зияткерлік мектептерінің алдыңғы қатарлы тәжірибесімен жан-жақты таныстыру жұмысын жүргізе бастаған. Міне, сол базалық мектептер санатында біздің өңірден сол кезде екі мектеп іріктеліп алынған. Соның бірі – Шымкенттегі №65 мектеп-гимназиясы. Олай болса, осыдан 5 жыл бұрын қолға алынған тәжірибе өз нәтижесін берді ме?

– Нәтижесі жаман емес. Осы уақыт аралығында біз 3 рет облыстық, 5 рет қалалық семинар ұйымдастырып, критериалды бағалау жүйесін, сын тұрғысынан ойлау бойынша өзге мектептердегі әріптестерімізбен іс-тәжірибемізбен бөлісіп келеміз. Әсіресе, мектеп жұмысын басқару мен көшбасшылық рөл бойынша, мұғалімдердің өз тәжірибесін зерттеуге, оқу мен оқытуды зерттеуге, оқушыны зерттеуге, іс-әрекетті зерттеуге дағдыландыру барысында бірқатар бағдарламалық жобалар жасалынды. ҚР білім беру мекемелерінің базалық ұйымының басқарушы құрамын тағлымдамадан өткізудің 5 кезеңдік машықтану бағдарламасын ұйымдастырып, оның 2-кезеңінде Ұлыбританияның Брайтон қаласындағы Сассекс университетінде екі апталық курстан өттік. Әлемнің алдыңғы қатарлы Англия мектептерінің іс-тәжірибесімен танысуға, зияткерлік мектептерімен бірге жұмыс істеуге, оқыту мен тәрбиелеудің озық үлгілерімен етене танысуға мүмкіндік алдық. Біз ғана емес, еліміз бойынша 35 мектеп сол кезден бастап Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге ендіру жұмысын қолға алды. Нәтижесі өте жақсы. Зияткерлік мектептер тәжірибесімен ұйымдастырылған онлайн сабақтар, мұғалімдер үшін онлайн семинарлар, әсіресе, математика, физика, химия, биология пәндерінен өткен сабақтар өте қызықты болады. Оқушылардың осы пәндерге деген қызығушылығы артуда, – дейді Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Айгүл Керімбаева.

Бұл тәжірибе оқушылардың білім, дағды және икемдерін тереңдетіп, кеңейтуге зор мүмкіндік бергенін айтқан А.Керімбаеваның пікірінше практикалық, зертханалық сабақтарда күрделілігі жоғары есептерді шығару барысында оқушының қабілеті ұштала түседі. Мұндай мектептерге зияткерлік мектептердің мұғалімдері келіп сабақ беріп тұрады екен.

Ең бастысы, өз мамандығын шексіз сүйетін мұғалім мектептің берік ұстыны. Мұндай ұстаздың шәкірттері де болашақта елімізге елеулі азаматтар болатыны сөзсіз. Олай болса, саладағы өзгерістерге, әсіресе зияткерлік мектептердің іс-тәжірибесін үйренуге кәсіби мұғалімдер құлшына кірісетіні даусыз. Ал, мұндай құлшыныстар түптің түбінде тамаша нәтижелер әкелетіні даусыз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ