Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Телеарналар түгелдей сандық жүйеге көштi

Желтоқсан 06 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы тұрғындары енді сонау кеңес дәуірінен бері қолданылып келе жатқан ескі антенналармен эфир тамашалай алмайды.

 

«Қазақстан Республикасында цифрлы эфир таратуды енгізу және дамыту» жобасы аясында жүргізіліп жатқан бұл шара республикада үшінші болып 27 қараша күні біздің өңірде де жүзеге асты. Яғни бұл күні Түркістан облысы мен Шымкент қаласында аналогты хабар тарату тоқтатылды. Цифрлы жер үсті теледидарларына көшу жобасы аясында аналогты теледидар өшіру рәсімі «Қазтелерадио» АҚ-ның Шымкент қаласындағы филиалында болып өтті.

Енді өңір көрермендері отандық арналарды тек сандық жүйеде тамашалай алады. Шымкент қаласының тұрғындары бұдан кейін 30-ға жуық, ал, облыс орталығының елді мекендері 4 арнаның орнына сапалы 15 телеарнаны көруге мүмкіндік алды. Әрине, ол үшін арнайы қабылдағыш құрылғы болуы тиіс. «Бұл үшін егер теледидар DVB-T2 пішінімен қолданылса әдеттегі үй антеннасын қолданса болады. Ал, егер ол жоқ болса сандық сигнал ресиверін пайдаланып, сандық эфирлік телеарналарға қосылуға мүмкіндігі бар. Аймақ тұрғындарының мұндай құрылғыдан тапшылық көрмеуі үшін арнайы сату нүктелері ұйымдастырылып, орташа баға 3500-10 000 теңге аралығында саудалау қарастырылды» дейді «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы Ескендір Тәжібеков.

Облыстағы аналогты хабар таратуды ажырату үшін 880 елді мекенді қамтитын 80 радиостанса салынған. Бұл облыс халқының 99,8 пайызын құрайды. «Аймақта сандық хабар таратумен қамтылмаған 20 елді мекен бар. Олар үшін жоғары сапалы теледидар бар екенін ескереміз. Қазіргі таңда ЦЭТТ-ды қамту аймағында 1413 үй тіркелді, олардың әрқайсысы «OTAU TV» ұлттық спутниктік телеарнасына қосылған» дейді Ескендір Тәжібеков.

Ал, облыстық ішкі саясат басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Меруерт Тоқсанбаева сандық эфирді қабылдау аясында өңірде айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын атап өтті. «Осы шара аясында өңірде 27 509 отбасы әлеуметтік көмек алушылар қатарында екені анықталып, олар сандық қабылдағыштармен қамтылды. Демек, өңір тұрғындарының 98 пайызы цифрлы телеарнаға өтуге дайын» деді Меруерт Берденбекқызы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ