Экономика 0 пікір 0 лайк

Қарқынды бау егуден қарқын жақсы

Желтоқсан 06 / 2018

 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімдерінің 10 айда атқарған жұмыстары жайындағы брифингтер басталды. Алғашқы жиынды Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев өткізді. Ол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және өзге де жетістіктері туралы баяндап берді.

 

«Биыл он айда Сайрам ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 127,3 млрд. теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 2,9 пайызға өсті. Осының нәтижесінде жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 629,5 мың теңгені құрап, 4,6 пайызға өсім тіркелді. Сонымен қатар, есепті кезең аралығында ауданда 33,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, даму тұжырымдамасына сәйкес жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 38,7 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде. Аймақтың өнеркәсіп өндірісі облыстағы үлестің 9,8 пайызын құрап, осы сала бойынша Сайрам ауданы облыста 2-орында тұр» деді Б.Мамаев.

Он айда агроөнеркәсіп саласындағы өсім 7,6 пайызға жоғарылаған. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі жағынан аудан облыста көш бастап тұр. Қарқынды бау егу бойынша да дәл осылай. Мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 31,3 млрд. теңгеге жетіп, саладағы өсім 10,7 пайызды көрсетіп отыр.

Брифингте Б.Мамаев жол жөндеу саласын да назардан тыс қалдырмады.

– Биыл аудандық маңызы бар 8 шақырымды жол күрделі жөндеуден, 72,7 шақырымды құрайтын 66 ішкі жол орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар, ауылдық бюджет есебінен 20 көше жөнделді. Осы жұмыстардың нәтижесінде 81,1 шақырым жолдың жағдайы жақсарды, – деді ол.

Брифинг соңында аудан әкімі БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Ә.ЗҰЛПЫХАРҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ