Руханият 0 пікір 0 лайк

«Төле би» телесериалы: көрерменмен қауышатын күн жақын

Желтоқсан 06 / 2018

 

Үмітхан АЛТАЕВА, «Оңтүстік Қазақстан».

«САҚ» киностудиясы өткен жылы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың идеясымен 3 анимациялық фильм және 10 сериялы телехикая түсірген болатын. Биыл киностудия Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Оқсыз», «Түркістан», «Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмдері мен «Төле би» атты телесериал түсіруде.

 

Бұл жайында «Төле би» телесериалының режиссері, «Оңтүстікфильмнің» директоры Батырхан Дәуренбеков:

– Білесіздер, 1726 жылы Ордабасы тауында қазақтың үш жүзінің игі жақсылары бас қосып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайын талқылаған. Бұл жиын – қазақ елі тарихындағы аса күрделі кезеңде халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға саналады. Сол жолы біртұтас қазақ әскері құрылып, Кіші жүз ханы Әбілқайыр үш жүздің біріккен жасағына бас қолбасшы болды. Ордабасыдағы сол баталасу бәтуәлі болып, қазақ қолы жеңіске жетті. Ел жоңғар шапқыншылығынан азат етілді. Фильмде осы Ордабасы тауының қазақ тарихындағы рөлі сөз болады. Жалпы, Ордабасы тауы еліміз үшін береке-бірліктің бастауы іспетті. Ордабасы тауының шыңында 1993 жылы үш елдің президенттері кездескен тарихи оқиғаға биыл 25 жыл толды, – дейді.

Батырхан Қалдарбекұлының айтуынша, киностудия ұжымы осы оқиғаға орай облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлымен ақылдаса отырып, 10 сериядан тұратын «Төле би» телесериалын түсіруді қолға алыпты. Оның сценарийін жазушы, журналист Шойбек Орынбай мен бұдан бұрын да бірнеше анимациялық фильмнің сценарий авторы Бақытжан Құлжабай жазған. Олар Мархабат Байғұт, Момбек Әбдәкім, Сәрсенбі Дәуітұлы мен Жамбыл Артықбаевтың «Төле би» туралы еңбектерін басшылыққа алған. Телесериалдың тарихи кеңесшісі – профессор, тарихшы Жамбыл Артықбаев, әдеби-көркемдік жетекшісі – кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сатыбалды Нарымбетов.

Облыстық бюджеттен фильмнің әр сериясына 15 млн. теңгеден, барлығы 150 млн. теңге бөлінген. Б.Дәуренбековтің мәлімдеуінше, бас кейіпкердің 6 жастан 10 жасқа дейінгі кезеңін – Мансұр Дәулет-ұлы, 10 жастан жігіт шағына дейін – Ерсұлтан Сіргебай, жігіт шағын М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Педагогика және мәдениет» факультетінің студенті Абзал Төлен, егде жастағы Төле биді Сағындық Жұмаділов сомдайды. Сағындық Жұмаділов пен «Тамаша» ойын-сауық отауының белгілі актері Сағаділдә Үсібәлі ғана сырттан шақырылыпты. Түсірілім Төлеби ауданының Қасқасу елді мекеніндегі тау бөктерінен басталып, Түркістанда, Боралдайда және Ташкент қаласында жалғасқан.

«Оңтүстікфильмнің» редакторы Айнұр Бексейітованың мәлімдеуінше, жыл соңында облыс әкімінің қатысуымен «Төле би» телесериалының тұсаукесері өтеді деп жоспарланған. Телесериал жергілікті және республикалық арналардан көрсетілетін болады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ