Өмiрбек деген ер өткен

Желтоқсан 06 / 2018

 

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Аға буын жақсы біледі, кешегі кеңес заманында әр ауданда, әр қалада халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты деген мекемелер жұмыс істейтін. Жұмысы ертелі-кеш қайнап жататын мекеме партия, Совет органдарының ғана емес, журналистердің де назарынан түспейтін. Фельетондардың да көпшілігі осы мекемелерден жазылатын. Бүкіл қоғамдық сындар да осы мекемелерді айналып өтпейтін. Бұл мекемелерді абыроймен ерлердің ерлері ғана басқара алатын. Мәселен, Түлкібас аудандық халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының директоры Өмірбек Ахментаев сондай ерлердің бірі еді. Оның беделі сол кезде аупарткомның бюро мүшелерінің беделінен бір де кем болмаған сияқты.

 

«1970 жылдан бастап, Түлкібас аудандық халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында экономист болып жұмыс істедім. Ол кезде біздің комбинатта қызметтің 20-25 түрі болатын, мұнда 400-500 адам жұмыс істейтін. 1987 жылы күзде Жамбыл облысынан Өмірбек Ахментаев (өзі Түлкібастың тумасы) деген азамат біздің комбинатқа директор болып келді.

Келе сала қызметке бар ынтасымен кірісіп, ұжымды табысты еңбек етуге жұмылдырды. Қарапайым мінезімен, адамгершілік болмысымен ұжымға сыйлы болды. Тың идея, жақсы жаңалықтарымен басшылықтан да жиі мақтау естіді» деп еске алады түлкібастық Жібек Дәулетова. Иә, Ө.Ахментаев басқарған екі жылда сол кездегі Ванновкадағы комбинатта жылдық жоспар асыра орындалып, социалистік жарыста аталған ұжым 1-орынды еншілегенін, осы арқылы ауданның абыройы асқақтағанын әріптестері сүйсіне әңгімелейді. «Сол жылдары жалақымыз көбейіп, сыйақы да алып, арқа-жарқа болған едік» деп еске алады комбинаттың байырғы қызметкерлері Бауыржан Ахметов, Жібек Дәулетова, Нұрбек Ақылбеков. «Бауыржан, біз мұнда еңбекқорлық, шыдамдылық, табандылық көрсете білуіміз керек. Мына өзің басқарып отырған көркемдеу-безендіру цехының жұмысын жандандыра түс» деп жігерлендіре сөйлегенін әлі ұмытпаймын» дейді Бауыржан Ахметов.

Амал нешік, іскер басшы, абзал азамат Өмірбек Ахментаев небәрі 37 жасында өмірден озды. Сол қысқа ғұмырында артында тек жақсы сөз қалды. Бүгінде 4 ұл-қызы жетіліп, абыройлы азаматтарға айналды. Жары Мәрипа болса немерелерінің қызығын көріп, жастай кеткен жолдасының артынан дұға бағыштап отыр. «Е, Жасаған ием, елге бере гөр!» деп тілейді.

Өмірбек Ахментаев бейнеленген мына сурет сол жетпісінші жылдардың ортасында түсірілген. Осы жалқы кадрдан-ақ оның талапшыл басшы екендігі аңғарылып тұрған жоқ па?!

Түлкібас ауданы. Суретте: Түлкібас аудандық тұрмыстық қызмет көрсету үйінің директоры Өмірбек Ахментаев (ортада) өндірістік жиын өткізуде.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ