Өскенiн ұмытпаса өскен жерi...

Желтоқсан 06 / 2018

 

Созақ ауданының құрметті азаматы Өскен Бөрғазы – өлең өлкесінде өзіндік өрнегі қалған жан. Көзі тірісінде дәмдес-тұздас, соңынан ерген шәкірті болдым. Әкемнен бір-екі жас үлкен болса да заманы құрдас жандардай әңгімеміз жарасатын.

 

Әр кездескен сайын әкем туралы жиі айтатын. «Жеңістен үлкен болсам да көп өнеге алдым. Ол мені өлең өлкесіне өзімен бірге ала келген еді» дейтін. Көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толар еді. Бар сырын, ішкі мұңын, жүрекжарды ниетін алдымен ақ қағазға төгіп, содан соң ғана елеп-екшеп оқырманға ұсынатын. Өлең оқу мәнері, қимыл-қозғалысы күні кешегідей көз алдымда, ал, майдақоңыр үні құлағымда әлі жаңғырып тұр. Өскен аға 1943 жылы дүниеге келіп, балалық шағы соғыстан кейінгі қиын жылдарға тұспа-тұс келді. Екі бірдей Еңбек Ерінің қолында тәрбиеленіп, ержетіп, есейді. Сондықтан да болар, еңбек десе ішкен асын жерге қоятын. Еңбекқорлығын өлең өлкесінде де танытты, өз қолтаңбасын қалдыру үшін өзін-өзі аямады. Қаншама жыл аудандағы жалғыз білім ордасы – кәсіптік-техникалық училищені басқарды. Мемлекет басшысынан жоғары марапат алып, ауданның құрметті азаматы атанды. Айналасын абыройлы да беделді жандар төңіректеді. Бұл дәреже кейбір көтере алмайтын жандарға көп-көрім жүк болар еді. Ал, Өс-ағада бұл мінездің бірі болмады. Қайта атақ-абыройы артқан сайын кішілігі мен адами қасиеті даралана түсті.

Өскен аға бар ғұмырын ұстаздыққа арнады. Кезінде партия қызметінде бірнеше жыл еңбек етті. Алайда, жыр әлемінен қол үзіп кете алмады. Ойына оралған жыр шумақтарын қойын дәптеріне түрте жүріп, кейін толықтырып, күзеп, түзеп, үлкен дүние туғызатын. Өс-ағаның тағы бір қыры сөзге тоқтап, уәжге тұра алатындығы еді. Созақта шығармашылық кеші өтіп, мен шақырылғандардың қатарында болмай шықтым. Содан Өс-ағама өлеңмен хат жазып, беріп жібердім. Арада біршама уақыт өткен соң Шымкентте өткен шығармашылық кешіне аға арнайы шақыру қағазын жазып, өзі әкеліп беріп: «Мақсатжан, өткендегі бір ауыз өлеңің етімнен сүйегіме өтіп кетті. Сөздің бір атасы – тоқтау, бір атасы – уәж» деген еді. Кейін өзінің «Толғаныс толқынында» атты кітабына менің өлеңімді жариялап, өзінің өлеңмен жазған қолтаңбасымен сыйға берген еді.

Ағаның жарық көрген еңбектерін түгел оқып шықтым. Ауылда туып-өскен ақынның өлеңдері де ауыл адамдарымен бірге қуанады, бірге мұңаяды. Содан да жүрекке жылы тиеді. Қу тіршіліктің соңында кейде өзге тұрмақ өзімізді де ұмытып кетеміз ғой. Ақын осыны:

– Тірісінде шалма тастап, құрық салып,

Жақсылардың кім екен жайын ұғар.

Өлгеннен соң езіліп еметейі,

Қазасына қаламы дайын тұрар, – деп жазады. Ақын туған өлкесін өлеңмен өрнектеді. Созақ үшін тер төгіп, ауданның өркендеуіне атсалысты. Өкініштісі, биыл жетпіс бесін тойлауға тиіс шығармашылық ұжымдар, әдеби орталар мен аудан қаламгерлері ақынды ұмыт қалдырғаны ұят болды. Десек те, жыл соңына дейін біршама күн бар екен. «Ештен кеш жақсы» демекші, аудандық Мәдениет үйі, кітапхана, орта мектеп пен өзі білім берген кәсіптік мектеп қаперіне алып, қам жасар деген үміттеміз.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ