Ұлт көшбасшысы – ұлы тұлға

Желтоқсан 01 / 2018

Құрметті түркістандықтар!

Қадірменді қауым!

Сіздерді жалпыхалықтық мерекеміз 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлау өтті. Онда халықтың басым көпшілігінің қолдауына ие болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеңіске жетті. Қазақстан халқы осынау тарихи таңдауы арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолындағы алғашқы қадамын жасады.

Тұңғыш Президенттің жас мемлекеттің негізін қалаушы ретіндегі тарихи рөлі бүгінде айқын көріне бастады. Ұлт Көшбасшысының көрегендігінің арқасында Қазақстан дербес, әлемде өзіндік орны бар мемлекет болып қалыптасты. Экономикалық тұрғыда дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарды.

Еліміз сыртқы және ішкі саясатта көптеген белестерді бағындырды. Қаншама қиын-қыстау кезеңдерде халқымыздың бірлігі мен ынтымағының сақталуы, Қазақстанның түрлі халықаралық ұйымдарға мүше болып қана қоймай, оған төрағалық етуі, ғаламдық деңгейдегі күрделі проблемалардың Астана алаңында талқылануы – сөзіміздің айғағы.

Президентіміздің Семей полигонын жабу, ядролық қарудан өз еркімен бас тарту жөніндегі батыл да көреген шешімдерінің арқасында бүгінде халықаралық қауымдастық Қазақстанды ядролық қарусыз әлем құру бағытындағы көшбасшы әрі бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде таниды.

Биыл, міне, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын бүкіл ел болып атап өттік. Бар-жоғы жиырма жылдың ішінде Астана ел дамуының қозғаушы күшіне айналды. Елбасының қажыр-қайратының арқасында бой түзеген бұл қала миллиондаған отандастарымыздың қиялына қанат бітіріп, көңілдеріне ертеңгі күнге деген сенім ұялатты.

Құрметті жерлестер!

Тұңғыш Президентіміз Қазақстанды саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамытумен шектелмей, халқымыздың ХХІ ғасырдың талаптарына сай рухани-мәдени тұрғыда кемелденуіне баса назар аударып келеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты сүбелі еңбегі мен жуырда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы сөзіміздің айғағы. Бұл еңбектердің қай-қайсысы да ұлттық тарихымызды түгендей отырып, халықтың санасын жаңғыртуға негіз болмақ.

Биыл 19 маусымда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысын құру және оның орталығы етіп Түркістан қаласын бекіту туралы Жарлығы жарық көрді.

Бұл – тарихи әділеттіліктің орнауы дер едік. Әрі осынау тарихи шешімі арқылы Ұлт Көшбасшысы өзінің алысты болжай білетін кемеңгер саясаткер екенін тағы бір рет дәлелдеді. Болашақта Түркістан Қазақ елінің рухани астанасы ғана емес, бүкіл түркі әлемінің мәдени орталығына айналады.

Елбасымыз ұзақ жылдар бойына Ұлы Дала төсінде қайта түлеген Қазақстан атты жас мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтып, көк туымыздың биікте желбіреуі жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Баршаңызды айтулы мерекемен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз!

Елімізде бейбітшілік пен келісім мәңгі сақталып, Тәуелсіздігіміз баянды болғай.

Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев.

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ