Руханият 0 пікір 2653 лайк

Болмысы бөлек Президент

Желтоқсан 01 / 2018

 

Елге белгілі саясаткер, ғалым Ермұхамет Ертісбаевтың «Казахстан и Назарбаев: логика перемен» атты еңбегінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны мен саяси жолдағы күресі баяндалады. Кітапта Елбасының жеке тұлғалық қасиеті ашылумен бірге, Қазақстанның егеменді ел атанып, дамудың даңғыл жолына түсуіне күш салған Мемлекет басшысының қажырлы еңбегі жан-жақты суреттеледі. Осы орайда, Президенттің болмысына, көшбасшылық қырларына қатысты қызықты деректерді ықшамдап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Сенімді дос, жанашыр жан

...Мен үш жыл Президенттің кеңесшісі болып қызмет атқардым. Сонда менің достарым, таныстарым, журналистер, шетелдіктер, өзге де азаматтар «Ол өзі қандай адам?» деп сұрайтын. Мен бәріне «Әр кезде әртүрлі» деп жауап беретінмін. Шындығында да ол әрқилы. Мен оның бірде жайдары, бірде көңілсіз, тіпті, кейде ашулы сәттерін көргенмін. Әдетте, кабинетіне кірсең орнынан түрегеліп, өзі қарсы алдыңнан шығып, қолын созып амандасады. Көптеген жылдар ішінде ол қаншама кісілерді қабылдап, осылайша қол беріп, саулық сұрасты. Бірақ, әлі есімде, бір мәрте орнынан да тұрған жоқ, амандаспады да. Бұл 1997 жылдың наурыз айы еді. Мен Президент кеңесшісі болып жұмыс істейтінмін, Елбасымен жоспарлы түрде кездесуім керек болды. Ол осының алдында ғана Үкіметте ауыс-түйіс жасап, Білім министрі Мұрат Жұрынов пен Мәдениет министрі Талғат Мамашевті президенттік «Болашақ» бағдарламасын жүргізе алмағандықтары үшін қызметтерінен босатқан екен. Кірсем, Президент жұмыс үстелінде көңілсіз, қабағы қатулы отыр. «Иә, не болды?» деді маған өткір жанарымен барлай қарап. Өңі солғын, көздері қызарыңқы (түні бойы ұйықтамағаны көрініп тұр), бет әжімдері тереңдеп, қатты шаршағаны байқалады, жанарынан әлі де ашуының тарқамағаны сезіліп тұр. Шынымды айтсам, сасқалақтап әңгімені неден бастарымды білмедім. Елбасын мұндай күйде бұрын-соңды көрмеппін.

Расында да, оның мінезі әрқилы. Шұғыл, күйіп-жанып бара жатқан сәттерде салқынқанды, байсалды, сабырлы, есепшіл келеді, керісінше, саяси ахуал тыныш кезде сондай белсенді, әрекетшіл болып кетеді. Ол өте нашар әртіс және өзінің көңіл-күйін ешқашан жасыра алмайды. Егер біреуді жақсы көріп, сыйласа, Назарбаевтан артық сенімді дос жоқ. Егер жек көрсе, ұнатпайтыны жүзінен білініп тұрады. Саяси қарсыластарына қатал әрі тәкаппар болса, қарапайым адамдарға жұмсақ мінез танытып, жанашырлық көрсетеді. Қуанған сәтінде қасындағы адамның да езуіне күлкі үйіріліп, Нұрсұлтанды қаумалаған кісілерден асқан көңілді топ болмайды (балалық кезде де, жастық шақ пен есейген уақытта да әрдайым осы қасиетінен танбаған). Саясаткер ретінде адамдарды өзіне қарату үшін дипломатиялық қулықтар мен сөз сиқырын меңгеру қажет шығар. Бірақ, біреуді соңынан ерте білуді ол еш жерден үйренбеген, бұл оның бар бітім-болмысы.

 

Көшбасшылық қанға сіңген қасиет

Нұрсұлтанның тұлға болып қалыптасуына Днепродзержинск кезеңінің әсері күшті болды. Ол мектеп кезінде де көшбасшы болуға талпынатын. Алайда, Отанынан жырақта жүргенде оның көшбасшылық қасиеті ерекше ашылды. Топтың белсендісі болған ол тірлігіне пысық, оқуда озат, орыс тілін еркін меңгергендіктен училищеде ең мықтылардың бірі саналатын. Негізгі мамандығымен қоса тағы бір кәсіпті — аудармашылықты игеруге тура келді. Өйткені, оқушылардың көпшілігі қойшы ауылдың балалары болғандықтан орыс тілін оншалықты білмейтін, сол үшін жалпылама және техникалық пәндерді оқуға қиналатын. Балалар қазақ тобының сырттай көшбасшысына айналған Нұрсұлтанның жанына топтасты. Бір жағынан бұл да ерлік еді. Себебі, әуелгіде топтың жетекшісі болып өзімшіл мінезі бар, қатарластарына қарағанда дене бітімі ірі Ағабек Рыспанов сайланған-тұғын. Айта кету керек, топта бұзақылық пен ұрлық жасағаны үшін жасөспірімдер түрмесінде отырып шыққан балалар да оқитын. Рыспанов та әрекетімен соларға ұқсайтын. Пойызбен Украинаға бара жатқанда бұзақылық әдетіне басып, жолаушының шамаданын үптеп кеткен. Ал, училищеде оның аяқкиімін тазалап, киімін өтектеп беретін, асханаға мүлдем бармайтын. Асты достары тарелкемен алдына әкелетін.

Жастардың арасында бірінші болуға талпыну әдеттегі жағдай ғой. Міне, осы тұста Нұрсұлтан өзінің бар дипломатиялық қабілетін көрсетті. Ол жанындағыларға туған інісіндей қамқорлық танытатын, сондықтан балалар оның қасынан кетпейтін. Адам көркем мінезді болуға әрдайым ұмтылады емес пе?! Осыған сай Нұрсұлтан сабақты жақсы оқыды, училищенің комсомол комитетінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Жолдастары оқытушылардың Нұрсұлтанға жақсы ілтипат көрсететінін байқайтын. Ақыр соңында олар Рыспановтың орнына Нұрсұлтанды топ жетекшісі етіп қайта сайлайды. Рыспановқа бұл ұнамағанымен іштей мінез-құлқын жақсы арнаға бұрып әкетеді. Ол да түбінде ізгілікті сүйетін жандардың бірі еді. Сондықтан сабаққа деген қарым-қатынасын өзгертіп, оқулықтағы бүтін беттерді жаттауға көшеді. Бұрынғыдай топқа жетекшілік етуді қалап, жақсы адам болуға тырысады. Нұрсұлтан мен Ағабектің арасындағы бәсекелестік өзінің керемет жемісін берді. Ағабек ақылға келіп, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Соңында технологиялық институтты бітіріп, Қарағанды металлургия комбинатының ең білікті ауысым басшысы болады.

Арада 34 жыл өткен соң тәуелсіз Қазақстанның Президенті ретінде Днепродзержинскіге қайта оралады. Бұрынғы оқытушылармен, түлектермен болған кездесу ұмытылмастай әсер қалдырды. Президентке училище директоры, қалалық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы мен ұстаздар жылы лебіздерін арнайды. Өз сөзінде Елбасы былай дейді: «Осында айтылған жақсы тілектер мен жылы шырай танытқандарыңыз үшін рахмет. Мен негізгі ілімді осы жерде алғанымды ешқашан ұмытпаймын. Бір бөлмеде 12 адам болып тұрдық. Тәртіп қатал еді. Осы тәртіп біздің кейінгі өмірімізге де әбден сіңісті болып кетті. Мен топ жетекшісі әрі аудармашы едім, себебі, менен басқа орысшаға ешкім жетік емес-тін. Мәселен, топтағы балалардың бірін тақтаға шығаратын. Ол байғұс орысша екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын. Мен сонда да айтқанын аударатынмын. «Бірдеңе дей сал» деймін оған. Бірақ, жауабын орысша қатырып айтып беретінмін. Оқытушылар ешнәрсені де сезбейтін. Бірде оқытушы біздің қулыққа басатынымызды біліп қойды. Сабақ айтқан бала әңгімеге беріліп кеткені соншалық, кинотеатр деген сөзді қалай қолданғанын сезбей де қалды. «Тоқтаңдар, арнайы технологияда қандай кинотеатр?» дейді оқытушы екеумізге де бажырая қарап».

 

Теориядан қарапайым өмір маңызды

Американдық саясаткер Ю.Дженнингс көшбасшыларды «супермэн», «қаһарман» және «ханзадаларға» бөледі. «Супермэн» деп ол қатып-семген жүйені бұзып, жаңа тәртіп орнатқан ұлы тұлғаларды атаса, «қаһарманға» бар ғұмырын ізгі мақсаттарға жұмсағандарды жатқызады, ал, «ханзада» дегеніміз, оның пікірінше, қалай да билікке жетіп, адамдарға үстемдік құрғысы келетіндер екен. Осы орайда Назарбаев ескі жүйені бұзып, жаңасын орнатқан көшбасшы ретінде бірінші санатқа кіретіні анық. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру әлеуметтік-экономикалық және геосаяси күрделі жағдайларда өтті. Оның белсенді қимыл-әрекет етуіне прагматизм, яғни болашаққа нақты жоспарлар құру мен мемлекетті басқару ісіндегі көпжылдық тәжірибесі көмекші болды. Ол ескіліктен қалған біреудің асырауына үміт арту, қамқоршылыққа арқа сүйеу секілді құбылыстарға түбегейлі қарсы. Тіпті, мұндай жаман әдеттерді сонау кеңестік дәуірде де қатаң сынға алатын. Крис Огденнің Маргарет Тэтчер жайлы былай дегені бар: «Ол саясаттағы кәсіпкер, Ұлыбританияны алға жылжыту үшін тәуекелге қадам басты». Ішкі және сыртқы саясатта көптеген бастамаларды дүниеге әкелген Назарбаев туралы да осындай ой айтуға болады. Кәсіпкерлік — шығармашылық іс. Ол көбінесе өнер қайраткерлерінің, инженерлер мен ғалымдардың еңбектеріне тән. Кәсіпкерлікпен айналысатын адамның бойында бірнеше қасиеттер болуы тиіс. Атап айтқанда, бастамашылдық, тәуекелшілдік, жауапкершілік, табандылық, оңтайлы шешімдерді таба білушілік және түрлі адамдармен тіл табыса алушылық. Егер осы аталғандарды Назарбаевтың мемлекеттік және саяси қайраткерлігімен байланыстырсақ, сөзсіз Елбасы әлемдік саясаткерлер арасындағы ең бастамашыл әрі мықты тұлғалардың қатарына жатады. Президент идеясымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Қазақстан халқы Ассамблеясы, Еуразиялық экономикалық одақ, сондай-ақ елорданың Алматыдан Астанаға ауысуы секілді ауқымды жұмыстар жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі.

Міне, осыған байланысты Назарбаев Дженнингстің топшылауындағы көшбасшылардың «қаһармандар» түріне кірмейді. Өйткені, ол ешқашан бір идеяның жанкүйері болмаған, бүкіл ғұмырын қандай да бір доктринаға сарп етуді мақсат тұтпаған да. Саясатта тұлғаның бір идеяға құлай бас ұруы әлеуметтік қасірет болып саналады. Назарбаев қарапайым өмірдің теориядан гөрі анағұрлым маңызды екеніне баяғыда-ақ көз жеткізген. Сондықтан «не істеу керек?» деген сұраққа беретін жауабы да дайын: «Тек қана білек сыбана жұмыс істеу қажет».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ