Заң-заман 0 пікір 2644 лайк

Сотқа деген сенiм – мемлекетке деген сенiм

Желтоқсан 01 / 2018

 

Дәулет Тұрсынұлы, «Оңтүстік Қазақстан».

Еліміздегі сот жүйесінің даму жолын мемлекеттің даму жолынан бөлек қарастыру мүмкін емес. Сот билігі – мемлекеттік саяси жүйенің ажырамас бөлігі. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап сот жүйесі де қалыптасу, даму жолдарынан өтті.

Осы жылдар ішінде отандық сот жүйесін жаңа деңгейге көтерген тұжырымды құжаттар мен құқықтық актілер дайындалды. Алқа билер мен ювеналдық, әкімшілік, мамандандырылған экономикалық соттарды құруға, қамауға соттардың санкция беруіне және соттардың қызметін қамтамасыз ету мен олардың шешімдерін орындауға байланысты бірқатар заң актілері дайындалып, тәжірибеге енгізілді. Сот құрылымы мен сот өндірісінде түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылып, судьялардың мәртебесі мен тәуелсіздігі нығая түсті. Бүгінге дейін Қазақстан судьяларының алты съезі өтіп, әрбір съезде сот жүйесінің бүгіні мен болашағы туралы өзекті мәселелер талқыланды, мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылданды. Мұның бәрін неге тізбелеп отырмыз? Себебі, отандық сот жүйесінің дамуына ерекше леп әкелген осы өзгерістер Тұңғыш Президентіміздің есімімен тығыз байланысты.

Сот жүйесін заман талабына сай дамытуды қалайтын Елбасының бұл еңбегі халық үшін атқарылып жатқан елеулі шаралардың бірі екені баршаға белгілі. Өйткені, мемлекеттің басты байлығы – халық. Қандай жағдай болсын, ел азаматтарының мүддесі мемлекет назарынан тыс қалмауы тиіс. Себебі, Президент «Дамыған елдің негізі – әділ сот» деп текке айтқан жоқ. Адал әрі әділ соттың қалыптасуына және дамуына тек мемлекет қана қамқорлық жасай алады. Сондықтан экономикасы дамып келе жатқан халықаралық аренадағы беделі жоғары, көреген басшысы бар, халқы сенім білдіріп, әрбір бастамасына қолдау білдіріп, береке-бірлікті, ұлтаралық татулықты сақтап отырған елде ғана әділ әрі адал сот қалыптасады және дамиды деп толық сеніммен айтуға қазіргі сот жүйесінің даму үрдісі айғақ.

Дегенмен, еліміздегі сот жүйесінің алдында әлі де қадау-қадау міндеттер тұр. Олардың арасында заңнамаларды жетілдіріп, сот өндірісін жаңа деңгейге көтеру, дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізу және азаматтардың әділ сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары бар. Өткен аптада осы мәселелер жөнінде Елбасы Ақордада арнайы кеңес өткізіп, әділ сот қашанда әділет жоқшысы екендігін тағы да судьялардың қаперіне салды. Сол кеңесте аузы дуалы, данагөй билерімізді тілге тиек етіп, қазіргі судьяларға үлгі ете сөйледі. «Адамдар өз мәселесін шешу үшін айлап-жылдап билік дәліздерінде жүруге тиіс емес. Заң бұзылған жағдайда адам сотқа баруы тиіс және сол жерде өз құқықтары мен бостандықтарының қорғалатынына сенімді болуы керек. Барлық өркениетті әлемде осылай. Судья – тек заңдылықтың үстем болуына жол ашушы ғана емес, қоғамдағы қайшылықтарды жоюға, азаматтардың өмірін сенімді әрі тұрақты етуге жауапты тұлға. Қазақ елінде бидің рөлі қашанда жоғары болған. Ол дауласушы жақтарды бітістіріп, табыстырып отырған. Мұның тарихта керемет үлгілері бар. Негізіне келетін болсақ, содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Дегенмен, елді тәртіпке үйрету керек. Біз қазақпыз, туған-туыспен сыйласпай тұра алмаймыз. Бірақ, судьяда ағайын болмауы тиіс. Сол үшін мемлекет соттарды қолдап, қорғайды. Ал, судьялар әркез әділ шешім шығарып, елді тәртіпке үйретуге үлес қосуы қажет» деп судьяларға маңызды міндеттер жүктеді.

Әлімсақтан бастау алған тура бидің төрелігіне бас ию, әділдікке қол жеткізу ата-бабадан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгілікті сенім. Сенім бар жерде үміт шоғы сөнбейді. Ал, сот билігіне сенімді жоғалту жалпы билікке күмән келтірумен бірдей. Сондықтан Елбасы айтқандай, «сотқа деген сенім – мемлекетке деген сенім» екендігін әрбір судья есінен шығармаса екен дейміз. Әйтпесе, бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні сияқты, бір судьяның шалыс қадам басуы тұтас мемлекеттің имиджін түсіріп, қасықтап жиған абыройды шелектеп төгуі мүмкін.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ