Талапшыл ТАЛБИДИН

Қараша 29 / 2018

 

Аман Жайымбетов, «Оңтүстік Қазақстан».

Мақтаулы мектептер мен үздік оқу орындары әр өңірде де бар. Кейбір ұжымдар қатарынан бірнеше рет облыста үздік атанып жүр. Сондай мақтаулы оқу орындарының бірі – Шардара ауданындағы №16 колледж десек, оның осынау жетістіктерге жету жолында ұжымды ұзақ жыл басқарып, абыроймен зейнет жасына жеткен Зәкірхан Талбидиннің қосқан зор үлесі бар.

 

Зәкірхан Раманқұлұлы Жамбыл технологиялық институтын жеңіл тамақ өнеркәсібі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1977 жылы сол кездегі Целиноград облысындағы Адыр элеваторында лаборатория меңгерушісі болып бастайды. 1980 жылы туған жерге оралып, Шардара астық қабылдау мекемесіне лаборатория меңгерушісі болып орналасады. Кейіннен күріш зауытының директоры, «Шардара астық» АҚ-ның президенті секілді жауапты қызметтер атқарды. Іскерлігімен, турашылдығымен көзге түскен оны аудандағы ең артта қалған кеңшарлардың бірі – «Комсомолға» директор етіп жіберді. Басқа ауылдарда жер үлестері жекеменшікке беріліп, өз алдына тіршілік кешіп жатқанда, бұл ауыл қарызға белшесінен батып, тіпті бөлініп шығуға мүмкіндігі болмай отырған. Салықтың қарызы да көбейген. Бұл түрімен шаруалар өздеріне тиесілі жерден айырылып қалуы мүмкін. Не істеу керек? Жаңа директор жұмысты жаңаша бастайды. Күріш егіп маманданған диқандардың басын қосып, мақта егуге кеңес береді. Тығырықтан шығу үшін жеңілдік жасайды. Осылайша елдің еңбегі әділ бағаланып, жұмысқа бел шеше кіріседі. Көп ұзамай қарызынан құтылып, шаруалар өздеріне тиесілі жерлерін жекешелендіріп алды.

Талапшыл, турашыл Талбидинді ендігі кезекте жұмысы тұралап қалған тағы бір мекеме күтіп тұрады. Ол – кешегі тек бас корпусы ғана жұмыс істеп тұрған, материалдық базасы әбден тозған, ал, бүгінде облыстағы ең үздік оқу орындарының бірі ретінде жиі айтылып жүрген Шардарадағы №16 колледж еді. Облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев «Комсомол» кеңшарын тығырықтан алып шыққан Зәкірхан Талбидиннің атына сырттай қанық болып, кәсіптік лицейді заман талабына сай жолға қоюды тапсырады. Көп ұзамай облыс басшысының сенімі ақтала бастайды.

– Ең бірінші алдыма кәсіптік лицейдің беделін қайтсем көтеремін деген мақсат қойдым. Зерттеп-зерделей келе жаңа оқу жылын тың бастамалармен бастадық. Лицейдегі бухгалтер, медбике секілді мамандықтарды жауып тастап, сұранысқа ие, елге керекті мамандықтарды аштық. Кешеге дейін газбен дәнекерлеу, электрик, ағаш шебері деген жұмыстарды өзге ұлт өкілдері атқарып келді. Өзіміздің жастар неге осы жұмыстарды қолға алмасқа?! Оларды үйрететін жақсы мамандарды жұмысқа тарттым. Бұрын құрылыс бұйымдары комбинатында, өзім еңбек еткен астық қабылдау мекемесінде жұмыс істеп, кейіннен бос жүрген мамандар жетерлік еді. Сондай қабілетті мамандарды қайта даярлап, кәсіптік білім беретін ұстаз етіп шығардым. Аудандық газеттің басшысымен келісе отырып «Жас маман» деген қосымша газет те шығардық. Мақсат – кәсіптік лицейдің мәртебесін көтеру болды, – дейді Зәкірхан Раманқұлұлы.

Осынау еңбектің арқасында небәрі 226 оқушысы болған лицей бүгінде 775 студенті, 136 қызметкері бар іргелі оқу орнына айналды. Ұжымды он алты жыл абыроймен басқарған З.Талбидин «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «ҚР Конституциясына – 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарымен, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Шардара ауданының құрметті азаматы атанды. 2003 жылға дейін облыстық мәслихаттың, 2004 жылдан бері аудандық мәслихаттың депутаты ретінде елдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді.

Директор, депутат, ең бастысы, азамат ретінде танылған Зәкеңді әріптестері ерекше құрмет тұтады.

Әріптесі Гүлжанат Шертаева: «Талбидиндер отбасы – Шардара өңіріндегі үлгілі отбасылардың бірі. Қайырымдылығымен, турашылдығымен танылған Зәкір ағамыздың ұлдары да елдің мақтанышына айналған азаматтар. Өз қызметінен бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, туған жерге қызмет етудің нағыз үлгісін көрсетіп жүр» деп сыр шертеді.

Иә, бүгінде мақтаулы колледжде директордың орынбасары қызметін абыройлы атқарып жүрген Зәкең өмірлік серігі Нәзипа Дәрібайқызымен бірге төрт ұлдан сегіз немере сүйіп отыр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ