Жайна жарқырап барып, жарқырап қайтты!

Қараша 27 / 2018

 

Үндістанның Нью-Дели қаласында әйелдер арасында бокстан оныншы әлем чемпионаты аяқталды. Екі жылда бір өтетін әлемдік додада Вадим Присяжнюк баптайтын Қазақстан құрамасы 1 қола, 1 күміс медальға ие болып, жалпыкомандылық есепте үздік ондықтан көрінді. 60 келі салмақ дәрежесінде өзінің алғашқы әлем чемпионатына қатысқан Карина Ибрагимова қола медальға қол жеткізді. Ал, жерлесіміз, Шымкент қалалық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы Жайна Шекербекова ақтық айқаста ғана сүрініп, күміс медаль иеленді.

 

Жайна алғашқы айналымда ресейлік Светлана Солуянованы 5:0 есебімен тізе бүктірсе, екінші кезеңде конголық боксшыны да ойсырата жеңді. Іріктеу сындарында Жайнаға колумбиялық боксшы ғана айтарлықтай қарсылық көрсете алды. Латынамерикалық бойжеткеннен де айласын асырған жерлесіміз ширек финалда Польша боксшысын, жартылай финалда жапон боксшысын айқын басымдықпен жеңді. Шешуші айқаста солтүстіккореялық Пан Чол Мидан жеңіліп, күміс медальді еншіледі. Солтүстіккореялық ару өзінің бойы мен қолының ұзындығын сәтті пайдаланды. Алыс қашықтықта жұдырықтасып, Жайнаны жанына жақындатпауға тырысты.

Жайна Шекербекова үшін бұл – әлем чемпионатының екінші медалі. 2016 жылы Астанада өткен дүниежүзілік додада Жайна қола медаль иеленген еді. Биыл сол қола медаль күміске айналды. Ендеше, келесі әлем чемпионатында Жайна Шекербековадан алтын медаль күтеміз.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ