Экономика 0 пікір 2588 лайк

Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасы – жаңа сатыда

Қараша 24 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазақстанда бизнеспен айналысу өте қолайлы. Соңғы жылдары Елбасының пәрменімен кәсіпкерлікпен айналысуды жеңілдету мәселесінде көптеген реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған әкімшілік тосқауылдар толықтай алынып тасталынды. Бүгінде жеке бизнесі бар азаматтардың ісін жоспарлы тексеру деген атымен жоқ.

 

Осының арқасында ойламаған уақытта келіп бәрін ақтарып-төңкеріп тексеріс жүргізетіндердің әрекетіне тосқауыл қойылды. Жеке кәсіпкерлікті ашу да, жабу да оңайлатылды. Енді әр азамат жеке кәсіп ашқысы келсе ашып, жұмысын тоқтатуды қаласа оп-оңай жабуына мүмкіндік алды. Тағы бір жеңілдік, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Президент тапсырмасымен елімізде «салық амнистиясы» жүргізіледі. Оған, біріншіден, заңды сыйлайтын, бірақ салықтағы қарызын өтей алмай қалған кәсіпкерлер ілікпек. Бұл шағын және орта бизнесті өркендетуге көрсетіліп жатқан көмектің бірі. Сондықтан елімізді әлем бойынша бизнес жүргізуге ең ыңғайлы мемлекеттер қатарына жатқызуға болады. Елбасының биылғы Жолдауында осы туралы нақты мысал келтірілген. Онда Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-орынға көтерілгендігі айтылады. Бизнес үшін қолайлы орта қалыптастырудың нәтижесінде тәуелсіздік жылдары елімізге шетел инвестициясы тоқтаусыз ағылды. Дамыған мемлекеттердің әлемге аты танылған компаниялары мен корпорациялары біздің елмен іскерлік байланыс орнатуға ниетті екендіктерін білдіріп, қыруар қаржы құйды. Осынау іскерлік қарым-қатынастардың нәтижесінде экономикамыз гүлденіп, аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан аяққа тұрып кетті.

Бірақ, бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Елбасы биылғы Жолдауында осы жайлы көп нәрсе айтып берді. Алда әлі көптеген жұмыстар күтіп тұрғанын, шешілмеген мәселелер әлде де көп екенін, сондықтан босаңсуға әлі ерте екенін жеткізді. Биылғы Жолдауда Елбасы өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән берілуі қажеттігін, сауда саясатында селқостық танытпау керектігін атап өтті. «... Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек. Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды» деді Президент.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының көтерген бұл мәселесі біздің өңір үшін өте өзекті болып отыр. Себебі, Түркістан облысы шекаралық аймақ болғандықтан, көрші елдің тауарымен қаласа да, қаламаса да бәсекеге түсуге мәжбүр болып тұр. Алайда, біздің нарықта отандық өнімнен гөрі ол жақтан бізге келетін тауарлар саны басым. Дәлел керек болса базарға барыңыз. Әсіресе, тұрмыстық пластмасса өнімдері, автомобиль, ауыл шаруашылығы техникалары, тыңайтқыштар мен киім-кешектер негізінен Өзбекстаннан келетіні жасырын емес. Арыс қаласында орналасқан Түркістан кедендік рәсімдеу орталығының жетекші маманы Есімхан Оразымбетовтің айтуынша, бізден Өзбекстанға көбінесе вагонмен ұн экспортталады. Ал, көрші елден вагон-вагон өнеркәсіптік өнімдері ағылып келуде.

Өз кезегінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын, екі елдің бизнеске көрсетілетін қолдау шараларына талдау жасап көріпті.

Өзбекстан импорты өткен жылы 735,2 млн. АҚШ долларын құрап, 25 пайызға, соның ішінде қайта өңделген өнімдердің импорты 347 млн. долларға жетіп, 58 пайызға өскен. Өз кезегінде Қазақстанның да көрші елге экспорты былтыр 35 пайызға ұлғайып, 1 млрд. 250,3 млн. долларға арта түскен. Алайда, Өзбекстаннан импортталатын тауардың 1 тоннасының бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 3,2 есе қымбат. Қазақстаннан Өзбекстанға 196 тауар түрі экспортталады. 164 тауар қайта өңделген өнімдер болса, 32 тауар – шикізат. Шикізаттан түскен пайда 596 млн. доллар болса, дайын тауардың табысы – 643,8 млн. долларға жетеқабыл.

2015 жылы Түркістан облысының экспорты 1 млрд. 645,5 млн. долларға тең келсе, былтыр бұл көрсеткіш 29,1 пайызға төмендеп, сыртқа тауар шығару көлемі 1 млрд. 232,4 млн. долларға азайған. Есесіне, импорт 1 млрд. 446,4 миллионнан 1 млрд. 832,2 млн. долларға өскен. Облыс экспортының жартысынан астамы – минералдар мен отын-энергетикалық тауарлар. Азық-түлік үлесі – 24 пайыз. Ал, импорттың жартысына жуығын машиналар мен автобөлшектер және құрал-жабдықтар алып жатыр. Бір қызығы, біздің өңірден сонау Нидерландыға көбірек тауар экспортталыпты – 310,8 млн. доллар. Ал, Өзбекстанға экспорттаудан 252,8 млн. доллар табыс түскен. Облысқа келетін импорттық тауарлардың ішінде Қытайдың өнімдері басым – 653,6 млн. АҚШ доллары немесе бүкіл импорттың 35,7 пайызына тең. Ресеймен бір кедендік одақ шеңберінде болсақ та ол жақтан импортталатын тауарлар Өзбекстан тарапымен деңгейлес – 400 млн. доллар шамасында.

Енді көрші елге қатысты қызықты деректерге үңілсек. Өзбекстанда тауар айналымы 2015–2017 жылдары 16 млрд. 891,6 млн. доллардан 19 млрд. 931,3 млн. долларға өскен. Экспортының 44 пайыз үлесі алтынға тиесілі болса, мақта 10-ақ пайыз үлесті алады екен. Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымына тоқталсақ, ол елге біз көбірек азық-түлік тауарын экспорттасақ, өз кезегінде Өзбекстаннан бізге автокөліктер мен азық-түлік импортталады. Түркістандық ірі экспорттаушылардың ішінен «Кентау трансформатор зауыты» АҚ мен «Ордабасы нан», «Қайып ата» ЖШС-лерін атап өтуге болады. 2015 жылы облыстың экспорты 242,3 млн., импорты 342,1 млн. доллар болса, өткен жылы экспорт 252,8 млн., импорт 369,8 млн. долларға артқан. Яғни Өзбекстан тауарының көлемі 117 млн. долларға көбейген. Өзбекстанға жіберілетін тауарлардан бидай ұны – 7,2, бидай – 13, трансформатор 21,7 пайызға азайып кеткен. Металл өнім- дері – 12, картоп – 5,7, өсімдік майы мен мұнай өнімдері 3,4 есеге артқан. Өз кезегінде Өзбекстан өнімдерінің ішінде кептірілген жеміс-жидек – 39,1, тоқыма – 39,5, тыңайтқыштар – 68, кілем өнімдері – 40,7, түрлі шырындар 29,5 пайызға өскен. Сондай-ақ, өзбек ағайындар бізге 19,5 млн. долларға автокөлік сатқан. Ендігі жерде Өзбекстанда шаруаларға көрсетілетін қолдау шараларына тоқталсақ, ол жақта сервистік ұйымдарға, бюджетке, мемлекеттік қорларға қарыз болып қалған фермерлік қожалықтарға 3 жыл мерзімге төлемді кешіктіре тұруға және айыппұлдар мен өсімдерді алып тастауға жеңілдіктер қарастырылған. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тыңайтқыштармен қамтамасыз етуші кәсіпорындарға 2 пайыз мөлшерінде бірыңғай салық төлемі белгіленген. Сондай-ақ, тұқымбақтарда, жылыжайларда тұқым мен көшет өндіруші шаруашылықтар барлық алым-салықтан босатылмақ.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап омарта шаруашылығына қажетті барлық материалдар мен құрал-жабдықтарға кедендік төлемдер жүргізілмейді. Іс барысында бірінші рет заң бұзып қойған және оны өз еркімен түзеткен кәсіпкер әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды және оған қаржылық санкциялар мен айыппұлдар салынбайды.

Жалпы, көрші елде шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу саласы, экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға байланысты осындай жеңілдіктер өте көп. Дегенмен, қос мемлекеттің экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынастары ғасырлар бойы астасып жатқандықтан бір-бірінің экономикалық өркендеуіне екі ел де мүдделі. Мәселен, Өзбекстанға экономикасы мықты Қазақстан керек. Сол секілді Қазақстан да Өзбекстанның Орта Азиядағы көшбасшы елдің біріне айналғанын қалайды. Өйткені, екі мемлекеттің бірінде болған тұрақсыздық міндетті түрде екіншісінің қаржылық-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді. Сондықтан да бүгінгі таңда бауырлас қос мемлекет өзара іскерлік байланысты арттыру, достық қарым-қатынасты нығайту мәселесінде ауыз толтырып айтарлықтай көптеген нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ