Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

ДАЛА ӨРКЕНИЕТІН ДӘРІПТЕЙ БІЛГЕН

Қараша 21 / 2018

 

Жалпы, қазақ даласының кереметін көптеген мысалдар арқылы келтіруге болады. Президент соның негізгі дегендеріне тоқталды. Түсінген адамға Ұлы даланың жеті қырына жеті мысалмен тоқталуының өзі тегін емес. Біріншіден, біз үшін жеті саны қасиетті саналса, екіншіден еліміздегі кереметтің Елбасы мақаласымен үндес жатуының өзінде бір сыр бар. Соның ішінде мен өзімнің жаныма жақын түйілген, көкейіме деп тиген бір-екеуін ғана айтайын.

Иә, желмен жарысқан жүйрікті қолға үйретуімен ата-бабаларымыздың адамзат өркениетіне үлкен үлес қосқаны рас. Жылқы мінезді жұрттың адам ұғлының мінезін, өмірінің әрбір белесін, тұлғаның қалыптасу кезеңдерін жылқымен қатыстыра суреттеуі – бұл құбылыстың дүниетанымымызға қаншалықты сіңісті болғанына дәлел. Ұлттық код, генетикалық жад дегеніміз, міне, осыдан бастау алады.

Елбасы ең алдымен атқа міну мәдениеті жайлы сөз етеді. Жылқыны қолға үйрету қазақ жерінен басталғанын зертеушілер еңбегіне сүйене отырып мысалдар келтіреді. Қамбар ата тұқымын қолға үйрету арқылы атқа міну мәдениетін қалыптастырған қазақ елінің айбарлы сарбаз құрғанын айтады. Осылайша дала өркениетінің ерте кезеңнен тамыр тартатынын нақты дәлелдермен мысалға ала атырып, бүгінгі киім үлгісінің негізі сол заманда қалыптасқанын әдемі келтіреді. Мысалы, ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлгенін, осыдан кейін кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болғанын, бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік беретінін жеткізген. Ия, ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапқаны рас. Осылайша, отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал еткенін өз мақаласында мысалға келтіре отырып, Ұлы дала халқының өркениетін кеңінен паш етеді. Мемлекет басшысының мақаласы, міне, осындай өткенге шолу жасап, болашаққа бағдар алуымен құнды. Бұл мақалада келтірілген мысалдар өскелең жастардың танымдық көзқарасын кеңейтіп, өз еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.

Әділхан СҰЛТАНБЕКОВ, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.    

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ