Жерлестеріміз ерледі

Қараша 20 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Ақтау қаласында бокстан ел чемпионаты мәресіне жетті. Жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының боксшылары ешкімге дес бермей, бірінші орынды жеңіп алды. 2 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль иеленген түркістандықтардың алдына түсетін команда табылмады.

 

Облыс қоржынына алғашқы алтын медальді әлем чемпионы, жерлесіміз Қайрат Ералиев салды. Ол 56 келі салмақ дәрежесінде республикада өзіне тең келер қарсыластың жоқ екендігін тағы бір дәлелдеп берді. Финалда ақмолалық Оразбек Асылқұловты айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль еншіледі.

Ал, бокс мамандары болашағынан мол үміт күтетін жерлесіміз Бек Нұрмағанбет бұл жолы бәйгені шаппай алды. Оның финалдағы қарсыласы Михаил Коханчик жарақатына байланысты жекпе-жекке шығудан бас тартты. Сондай-ақ, 60 келі салмақта өнер көрсеткен шымкенттік Закир Сафиуллин де чемпион атанды.

Ақтық сында талдықорғандық Әнуар Мұзаппаровқа ғана жол берген Сәкен Бибосынов облыс қоржынына күміс медаль салса, Бекдәулет Ибрагимов иығынан жарақат алуына байланысты чемпиондық атақты қарсыласы Санатәлі Төлтаевқа беріп қойды. Ал, ақтық сында тәжірибелі боксшы Қамшыбек Қоңқабаевпен кездескен жерлесіміз Нұрлан Сапарбай қарсыласының атағынан қаймықпай жұдырықтасты. Алайда, тәжірибенің аты тәжірибе, талай байрақты бәсекелерде бақ сынап ысылған Қамшыбек жеңісті берген жоқ.

Жарақатына байланысты жартылай финалдық айқасқа шыға алмаған Жомарт Ержанға қола жүлде бұйырса, 91 келіде облыс намысын қорғаған Абзал Құттыбеков те ІІІ орынды қанағат тұтты.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Түркістан облысының құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарды. Ал, 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль иеленген Маңғыстау облысының командасы ІІ орынға жайғасты. Үздік үштікті Жамбыл облысының боксшылары қорытындылады. Олардың еншісінде 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль бар.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ