Түркістанда тұңғыш мюзикл сахналанды

Қараша 17 / 2018

 

Әбдірахман Қыдырбек, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында облыстық опера және балет театры сахналаған «Махаббат мұнарасы» мюзиклінің премьерасы өтті. Облыста тұңғыш рет қойылып отырған бұл туындыны өңір басшысы Жансейіт Түймебаев арнайы келіп тамашалады.

 

«Облыс тарихында тұңғыш рет қойылып отырған мюзикл құтты болсын! Бұл өз кезегінде облыс туризмі үшін және өңірімізді халықаралық аренада таныту үшін үлкен маңызға ие. Бұл жаңа әрі өте күрделі жанр. Өнердің осынау күрделі саласын алдағы уақытта одан әрі жетілдіре береміз. Осы қойылым арқылы деңгей өседі, бұл үлкен оқиға» деді облыс басшысы Ж.Түймебаев. Сондай-ақ, ол қойылымды шығаруда қажырлы еңбек еткен барша өнерпазға өзінің шексіз ризашылығын білдірді.

Екі көріністен тұратын «Махаббат мұнарасы» мюзиклі – өңіріміздегі жастардың өмірінен алынған махаббат жолындағы адалдық пен батылдық, қызғаныш пен бақыты үшін күресу көріністерін суреттейтін заманауи лирикалық шығарма. Мюзиклдің бас кейіпкері Аян әсем де сүйікті Мәдинамен арадағы махаббатын қорғау үшін кез келген ерлікке дайын. Екі жастың арасында қызғаныш сезімін туғызған Мәдинаның әнші болсам деген арманы қос ғашықтың арасындағы келіспеушілікке апарады. Алайда, жүректері жалындаған жастар оқиғасын суреттейтін бұл мюзиклдің барлық кейіпкерлері өз мұратына жетеді. Тұңғыш қойылымның басты рөлдерін сомдау театрдың жас әртістері Әйгерім Жұмабек пен Мәдіхан Дүйсеевке бұйырыпты. Сонымен қатар, өз рөлдерін шебер орындап шыққан Айбек Қанатбек, Күнімай Исмаилова, Маржан Шәріпхан, Бақытжан Тұрсыманов, Дәмелі Керімбекова, Нұржан Зұлпыхаров және Әлия Алпар да көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жалпы, мюзиклге театрдың алпыстан астам әртістері қатысып, қошеметке бөленді.

Мюзиклдің сөзін жас ақын, республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы Мұқағали Кенжетайұлы, музыкасын сазгер, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Светлана Ахметова жазған. Ал, шығарманы сахналаған Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының қоюшы режиссері Елік Нұрсұлтан болса, музыкалық жетекшісі, театр директоры, мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмаханбетов.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ