Арнайы беттер 0 пікір 2536 лайк

Қазақ жастары шетелде оқуға неге құмар?

Қараша 17 / 2018

 

Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осыған орай біз «елімізде бұл жылы қандай шаралар атқарылуы тиіс?» деген сұрақ төңірегінде ой қозғамақпыз. Оның ішінде мектеп бітіруші түлектердің шетелдерде емес, өз елімізде оқуы үшін оларға қандай жағдайлар жасалынуы керек екеніне тоқталмақпыз.

 

Ең бірінші кезекте қойылатын сұрақ, қазақ жастары шетелдерде оқуға соншалықты неге құмартады? Әрине, кез келген мектеп бітіруші рейтингі жоғары оқу орнына түсуді армандайды. Ондағы ойы – қазіргі заман талабына сай жан-жақты білім алып, өз қатарынан қалмай жұмысқа орналасу. Өйткені, бүгінде жоғары оқу орнын бітіргендердің көпшілігінің диплом алғаннан кейін «екі қолына бір күрек» табуы қиын. Сол себепті де мектепті тәмамдаған жастардың дені шетел асуды көздейді.

Соңғы жылдары жастардың біразы «Түркия, Ресей, Қытай, Германия елдеріне оқуға кетіпті» деген сөзге де құлағымыз үйрене бастады. Бұрындары қазақ жастарының шетелдерде оқуға осыншалықты ынтызар болғанын байқамайтынбыз. Қазір бар ғой, тіпті, елімізге өзге мемлекеттердегі оқу орындарынан арнайы мамандар келіп, онда студенттерге қандай жағдайлар жасалынатынын айтып жүр. Сондай жиындардың біріне барғанымда Кореяда осыдан бес жыл бұрын қазақ студенттерінің саны 400 болса, қазір 3 мыңнан асып отырғанын естідік. Алдыңғы жылдарға қарағанда биыл олардың қатары 1500-ге артыпты. Осы ретте «біздің жастарымыз не себепті Кореяны таңдап отыр?» деген сұрақ туындайды.

Кореядағы Кенбок университетінің профессоры Ан Джонгын бізге мұның бірнеше себебін ашып көрсетті. Оның мәлімдеуінше, Кореяда ірі компаниялар өте көп. Олардың әр жерде филиалдары бар. Жастардың дені соларда жұмыс істейді екен. Екіншіден, білім беру сапасы өте жоғары дейді. Шетел асып келген азаматтарға бөлінетін грант саны да көбейе түсуде. Үшіншіден, шетелдіктер оқу ақысын 30-50 пайыздық жеңілдікпен төлейді.

Ан Джонгын аталмыш оқу орнында студенттерге ІТ мамандығы бойынша аптаның екі күнінде дәріс берсе, қалған уақытында шетелдерге талапкер жинау үшін іссапарға шығатынын айтады. Ол бұған дейін Астана мен Алматы қалаларында бірнеше рет болыпты. Шымкентке алғаш рет келіп отыр екен. Кейінгі кезде Қазақстан мен Ресей жастарын көптеп тартуға барынша көңіл бөлінгенге ұқсайды. Бізді осы жағы әжептеуір алаңдатып қойды...

Кореяда оқу ақысы өзге мемлекеттерге қарағанда төмен көрінеді. Оның үстіне, студенттер жұмыс істеп, өздерінің оқу ақысын өздері таба алады. Ал, бізде оқу ақысын ата- аналарымыз төлейді. Жастарымыз жұмыс сұрай барса, басшылардың дені «тәжірибең жоқ» немесе «оқу орнын әлі бітірмегенсің» деген сияқты сылтауларды көлденең тартады.

Кореяда да университеттер жетіп артылады. Білім сапасы жақсы. Қолына диплом алған кез келген жас ойланбай жұмысқа орналаса алады. Ал, бізде оқу бітіргенімен, жұмыс жоқ. Неге? Әлде даярланған маманның білімі жеткіліксіз бе? Қарап отырсаңыз, шетелдерге кететіндердің басым бөлігі дарынды жастар. Бәлкім шетелдіктер біздің осындай талантты ұл-қыздарымызға көз тігетін шығар деген ой да мазалайды.

Міне, сондықтан Елбасы биылғы Жолдауында: «Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы» деп атап өтті. Алдағы «Жастар жылы» Үкіметке осы мәселеге баса назар аударуды тапсырды. Егер де жастарымыз бірінші кезекте жұмыспен қамтылатынына көздері жететін болса, онда олардың біраз бөлігі жоғары білім алуға Қазақстанды-ақ таңдайтын еді.

Шетелде білім алған жаман деп отыр деп ойласаңыздар қателесесіздер. Несі жаман, ел көресің, өзге өркениетпен танысасың. Тіл сындырасың. Десек те, өз елімізде де жастардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалынуы тиіс. Заман талабына сай бейімделу үшін техника, ғаламтор, оқу құралдары, бәрі-бәрі табылады. Тек ынта мен ықылас болса болғаны. Ал, тұрақты жұмысқа тұру қиын. Алдағы жылдары осы мәселелерге назар аударылса екен дейді мектеп бітіретін түлектер.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ