СЫЗДАУЫҚ

Қараша 17 / 2018

 

Елбасы оның өзегін жұлудың жолдарын көрсетті

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Астана – адамзаттың ең өзекті мәселелері талқыланатын диалог алаңы. Әріге бармай-ақ сирияаралық келіссөздердің елордада өтуі – сөзіміздің айғағы. Жалпы адамзаттың өзегі жұлынбаған сыздауықтай жанға батқан мәселелерінің Сарыарқаның төрінде талқылануы дәстүрге айналып үлгерді. Астана клубының осы аптада өткен төртінші отырысынан кейін осындай ой түйдік.

Сонымен, әлемнің 30 елінен 50-ден астам сарапшы қатысқан алқалы жиында қандай мәселелер талқыланды? Әңгіме арқауы болған ең басты тақырып – ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықтың өршуі. Клуб отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы геосаяси және геоэкономикалық талас-тартыстардың соңы әлемді қайтадан қырғиқабақ соғыс дәуіріне қарай бастап бара жатқанын ашып айтты.

– Орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою жөніндегі уағдаластықтарға қатысты жағдай шарықтау шегіне жетті. 2021 жылы «Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту» туралы шарттың орындалу мерзімі аяқталады. Оны ұзарту жөніндегі мәселе шешімін таппай тұр. Орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою жөніндегі уағдаластықтың орындалмауы және Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту туралы шарттың мерзімін ұзарту жөніндегі проблемалар, іс жүзінде қару-жараққа бақылау жүргізу жүйесіне нұқсан келтіреді. Әлемдік державалар қарулану бәсекесіне қайта оралуы мүмкін, – деді Н.Назарбаев.

Бұл – адамзаттың болашағына төнген зор қатер. Өйткені, жаппай қарулану бойынша жарыстың соңы стратегиялық үштік, яғни АҚШ, Қытай және Ресей арасында ашық әскери қақтығыстардың туындауына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. ХХІ ғасыр жағдайында ондай үлкен соғыс болса, жаппай қырып-жою қаруының міндетті түрде қолданылатынын сарапшылар айтып жүр. Мұның соңы адамзатты қандай опатқа әкелетінін ХХ ғасырдың қаралы тарихына көз жүгірткен адам түсіне бастайды.

Тарихи деректерге қарағанда, екінші дүниежүзілік соғыс басталардың алдында Еуропадағы фашистік тәртіптен қашқан ғалымдар АҚШ-та бас қосып, қуатты қаруды жасауға кіріскен көрінеді. 1940 жылы ресми Вашингтон бұл ғалымдарға Ұлттық ғылыми және әскери зерттеу орталығында ядролық қару жасау жобасын тапсырған. Екі жылдың ішінде «Fіssіon-uranіum-2351 және плутонийдің (Пу-239) басты материалдарын дайындау жұмыстары аяқталған. «Ядролық бомбаның әкесі» атанған Роберт Оппенхеймер есімді ғалым басшылық еткен топ АҚШ-тың Нью-Мексика штатында алғашқы бомбаны сынақтан өткізіпті.

Американдықтардың 1945 жылдың 6 тамызында Жапонияның Хиросима қаласына, ал, сол жылдың 9 тамызында Нагасаки қаласына ядролық бомба тастағаны баршаға мәлім. Қуатты жарылыс Хиросиманың 90 пайызына әсер етіп, 140 мыңнан астам адамды ажал құштырды. Ал, Нагасакидегі апаттан 75 мыңға жуық адам опат болды. Бұлар адамзат тарихындағы ең үлкен шығындардың бірі. Бұл айтуға ғана оңай деректер. Мемлекеттердің саяси текетірестері, саясаткерлердің өз мүддесін қорғау жолында ештеңеден тайынбауы миллиондаған адамдардың төгілген қаны мен көз жасына себеп болды. Талай боздақтар қыршынынан қиылды, жүздеген мың үйдің шаңырағы ортасына түсті. Адамзат осының бәрінен әлі күнге сабақ алмағаны ма?!

Қазақ елі – ядролық қару мен оның сынақтарынан ең көп зардап шеккендердің бірі. Кеңес одағы Семейде 1949 жылдың 29 тамызында 22 килотонналық ядролық бомбаның алғашқы сынағын өткізді. Жергілікті уақыт бойынша 07.00-де болған қуатты жарылыстан аймақ бір мезетте радиациялық күлге оранды... Мәліметтер бойынша Семей жерінде 40 жыл бойы сынақтан өткен ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе асып түседі екен. Яғни бір мезетте 350 млн. адамның өмірін жалмауға қауқарлы.

Қасіретке толы 40 жыл уақыт аралығында Семейде бас-аяғы 470 ядролық қару сынақтан өткен. Оның 118-і жер үстінде болса, қалған 352-сі жер астында өткізіліпті. Бұл әлемдегі барлық сынақтардың үштен бірін құрайды.

Семей полигонында өткізілген соңғы ядролық жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды. Осыдан кейін, яғни 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигоны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жабылды. Еліміз егемендігін алғаннан кейін полигонды жауып, Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды. Одан бері 30 жылға таяу уақыт өтсе де зардабын бүгінгі ұрпақ әлі де тартып келеді.

Әңгіменің басында сыздауық деген сөзді қолдандық қой. Адамның бойында болатын бұл жара салқын тигеннен немесе инфекциялардан пайда болады. Сыздауық «піскен» кезде жаныңа батып, сүйегіңе дейін сырқыратып жібереді. Сол кезде кейбір емшілер жараның аузын ашып, іріңін тазалап тастайды. Жаныңды көзіңе көрсеткен ауру әп-сәтте басылғандай болады. Бірақ, өзегі алынбаған сыздауық қайта шығады. Бірақ, бұл жолы бір жерден шығып қана қоймайды, бүкіл денеңді басып кетеді. Дәрігерлер сыздауықты уақтылы әрі дұрыс емдемесе, оның іріңі тіндер арқылы қанға сіңетінін айтады. Қанына ірің араласқан адамды ажалдан арашалап қалу қиын-ақ.

Айтайын дегеніміз, ядролық қару – адамзаттың өзегі алынбай келе жатқан сыздауығы. Иә, халықаралық қауымдастық ядролық қарудан төнетін қауіпті азайту, оның алдын алу бағытында біраз шаруа тындырды. Мысалы, 1968 жылы бірінші шілдеде КСРО, АҚШ және Британия ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Қазір бұл шартқа әлемнің 131 мемлекеті қол қойған. Келісім ядролық державаларды басқа мемлекеттерге ядролық қару бермеуге, оларды өндіруіне немесе алуына ешбір көмек көрсетпеуге, ал, ядролық қарусыз мемлекеттерді ядролық қару алмауға, оны өндірмеуге, осыған қатысты белгілі бір мемлекеттен көмек алмауға не сұрамауға міндеттейді. Бұл бейбіт мақсаттар үшін қолданылатын ядролық жарылыс қондырғыларына да қатысты. Бірақ, ядролық державалардың ішінде Қытай мен Франция бұл шартқа қатыспайды. Әрі бұл шарттың қағаз жүзінде қалып қойғанын мынадан-ақ байқауға болады. Таратпау туралы шарт жасалғаннан кейін Үндістан, Солтүстік Корея және Пәкістан ядролық қаруға ие болды. Сонымен қатар, де-факто ядролық қаруға ие елдердің қатарына Израильді де қосуға болады. Бұл ресми мойындалмағанмен, әлемдік қауымдастық бұл мемлекеттің өзі құрастырып дайындаған қарулары бар дегенді меңзейді.

БҰҰ әр жылдары әлемнің түрлі бөліктерін ядролық қарудан азат аймақ деп жариялады. Қазір әлемнің 115 мемлекеті сондай аймақ ішінде. Адамзаттың басты ұйымы Таяу Шығысты да ядролық қарудан бос аймақ деп қарар қабылдаған. Алайда, бұл ұсыныс әлі күнге жүзеге аспай келеді. Сондай-ақ, БҰҰ-ның ядролық сынақтарды біржола тоқтату жөніндегі 1996 жылғы бастамасы да әлі жүзеге аспауда.

2011 жылдың ақпанында Ресей Федерациясы мен АҚШ-тың арасында стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты одан әрі қысқарту мен шектеу туралы шартқа қол қойылды. Бір қарағанда негізгі екі держава ядролық қарудың санын біртіндеп қысқартып жатқан секілді көрінеді. Бірақ, Стокгольмдегі (Швеция) Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SІPRІ – Stockholm Іnternatіonal Peace Research Іnstіtute) ғалымдары «Дүние жүзінде ядролық қару саны кеміп жатқанымен, ядролық қаруы бар елдер өз арсеналын модернизациялап жатыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл қару түрінен бас тартпақ емес» деп мәлімдеді. Яғни стратегиялық қарудың саны қысқарғанымен, модернизациялаудың есебінен оның жойқын қуаты мен дәлдігі, басқа да параметрлері арта түсуде.

«BNews» ақпарат агеттігінің жазуынша, аталған институт мамандары 2017 жылдың басында қуатты қаруы бар тоғыз мемлекетте жедел қолданысқа дайын барлығы 4 150 дана ядролық қару болғанын мәлімдеген. SІPRІ есебінше, бұл елдердің жалпы қорында сол жылдың басында ядролық оқтұмсықтардың саны 14 935-ке жеткені айтылады. Дегенмен, бұл 2016 жылғы көрсеткіштен (15 395 дана) біршама аз екені де белгілі болыпты. Ядролық заряды көп елдер тізімін көршілес Ресей Федерациясы бастап тұр. Ресей арсеналында бас-аяғы 1 950 ядролық заряд бар. Ал, АҚШ-тың иелігінде бұл көрсеткіш 1800 ядролық заряд пен 5000 өзге де оқтұмсықтарды құрайды. Институттың дерегі бойынша, көш соңындағы Солтүстік Кореяның өзінде 10-нан 20-ға дейін ядролық заряд бар.

Бұл деректердің барлығы адамзаттың ядролық қару атты «сыздауығының» өзегі алынбай отырғанын айғақтайды. Елбасы Н.Назарбаев Астана клубының кезекті отырысындағы сөзінде сол өзекті жұлу жолындағы маңызды қадамды алға тартты.

Бұл туралы Ұлт Көшбасшысының ойын сөзбе-сөз беруді жөн көріп отырмыз: «Менің ұсынысым: егер мәселе өркениеттер тағдырына қатысты болса, АҚШ – Ресей – Қытай – Еуропа Одағы диалогтың жаңа форматын табуға тиіс. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлттар лигасы құрылған болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды. Туындайтын қарама-қайшылықтарды реттеу оңай міндет емес екені анық. Дегенмен, мен осы төрт тарапқа экономика, саясат және қауіпсіздік салаларына қатысты проблемаларды талқылау үшін Астана алаңын ұсындым. 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңарту қажет деп санаймын. Осыған байланысты 2020 жылы бұл стратегиялық құжаттың қабылданғанына 45 жыл толуына орай, қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа арналған конференция өткізуді ұсынамын. Жаңадан келісім жасау үдерісі күрделі әрі ұзақ болатынын түсінеміз. Сондықтан қорытынды келіссөздерге әзірлікті 2019 жылы бастаған жөн. ...Стратегиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ядролық державалар арасында сенімге негізделген диалог орнату қажет. Бұдан әрі ядролық қару-жарақты қысқарту және ядролық қарудан азат аймақтар құру жөніндегі келіссөздерді жандандыру керек» деді Н.Назарбаев.

Елбасының бұл сөздері саяси ұпай немесе халықаралық қауымдастық алдында бедел жинап алу үшін айтыла салған жоқ. Ядролық сынақтардан ең көп зардап шеккен, дүние жүзіндегі ең ірі сынақ полигонын жапқан, жаппай қырып жоятын қарудан әлемде бірінші болып өз еркімен бас тартқан, «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесті ұсынған, ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы әзірге жалғыз саммитін ұйымдастырған бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде Қазақстанның осындай батыл бастамалар көтеруге және оны жүзеге асыруға толықтай құқығы бар.

Егер ХХІ ғасырда адамзат өткен жүзжылдықтағы қателіктеріне қайта ұрынбай, бейбітшілігін сақтап қала алса, сол бейбітшіліктің қайнар көзі, алтын бесігі Қазақстан болады. Әрі ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі бейбітшіл идеяның авторы, ғаламдық деңгейдегі көрнекті саяси қайраткер Н.Назарбаевтың есімі адамзаттың тарихында алтын әріптермен жазылады.

Біз солай боларына сенеміз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ