Руханият 0 пікір 2514 лайк

Байқауға түскен жырлар

Қараша 15 / 2018

Күмбезімізге шашылып айдың жарығы...

 

Ұйқыға кеткен оятып түнеген елді,

Қаныбек ақын қанымен бір өлең өрді.

Оянған жұртың жұмылып босағаңда тұр,

Өз ұлтын сүйген туысым, түрегел енді!

 

Бораған қарша соққанмен ойдың дауылы,

Енді артта қалды қаншама жайдың ауыры.

Жұдырығымыз жазылып, алақан жайдық,

Күмбезімізге шашылып айдың жарығы.

 

Ерубаевты сағындым, Саттархановты,

Өз беделімен күн кешкен тақтан да мықты!

Түркістан, сенің төріңде Ясауи менен

Ұлылардан да құсни хаттар қалыпты...

 

Құсни хаттар солардың аманаттары,

Батырлар, хандар солардың жамағаттары.

Ақындарым-ай, Қожамдай абыздар еді-ау,

Бір сөзін екі айтпайтын қағанаттағы.

 

Есігің қақты жарқырап нұрша мың әлем,

Бауырыңнан кетсем, өзіңді шын сағынар ем...

Дегенмен жаным,

Құбылам!

Тәшкенде өсіп,

Бітпеппін сенің өзіңнің құрсағыңа мен...

 

Төріңе сенің асығып ұлылар шыққан,

Төріңе жетпей қырылды қыруар дұшпан.

Әмір-Темірім өмірге ақсаңдап келіп,

Алшаңдай басты өзіңе бұрылар тұстан.

 

Ұжмақтай мекен, шіркін-ай, өмірде мынау,

Күмбезіңменен биіксің көңілде мынау...

Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи баба,

Аллаға сендім, келтірмей сөзіңе күмән!

 

Түркістандағы Қожа Ахмет пірім көреген,

Бағымды қиям сұраса егерде менен.

Қадірлеп маған ұсынған төріңде тұрып,

Алтын басыңды қадірлеп өлеңге берем!

Сүндет СЕЙІТОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ