Алғашқы ақша қашан пайда болды?

Қараша 15 / 2018

 

Қазақ ақшасының тарихы біздің заманымызға дейінгі үшінші ғасырдан бастау алады. Кешегі ғұндар өз заманында-ақ алтын, күміс құймаларды, екі жағында шимай жазуы бар теңгелерді сауда айналымына енгізген. VІ-VІІІ ғасырларда билеуші рулардың таңбасы қашалған, ру рәмізі бейнеленген теңгелер шығарылған. Тарихи деректерге үңілсек, Сырдария бойында өмір сүрген тайпалардың қолдан жасалған теңгелері үш ғасыр бойы үздіксіз қолданыста жүргендігі айтылады. Демек, VІІ ғасырдың аяғы VІІІ ғасырдың басында Отырар ішкі сауда айналымын қамтамасыз ету үшін өзінің мыс теңгесін шығарған. Отырар даласында ақша айналымының болғандығын археологиялық зерттеулер, яғни қазба барысында табылған түрлі теңгелер дәлелдеп отыр.

 

Сондай-ақ, ІХ-ХІІІ ғасырлардың басында Отырар алқабында жергілікті сауда-саттық кеңінен қанат жайып, ІХ-ХІІ ғасырларда қолданысқа енген ақша қатынасы дамып, тауар айырбас біртіндеп ығыстырылады. Осылайша Қазақстанның ірі қалаларында: Испиджаб, Тараз, Отырар, Будухкентте мыс, күмістен құйылған өз ақшалары шығарыла бастады. Отырарда ақшаның құйылғаны 1967 жылы Самарқан қоймасы ашылғаннан кейін анықталған. Осы қоймадан Х ғасырдағы Фараб теңгелері табылған еді. Отырар мен Құйрықтөбе қалашықтарына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде де археологтар тап осындай ақшаларға кез болған. 1973 жылы археологиялық экспедиция барысында Отырартөбеден қазбадан 102 мыс теңге табылған. Бұл Оңтүстік Қазақстанда ақша айналымының қандай дәрежеде болғандығын көрсетеді. Жалпы, Отырардан табылған мыс теңгелер VІІ, VІІІ, ХV, ХІV, ХVІ, ХVІІ ғасырларға жатады.

Осындай қилы-қилы тарихы бар тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасының темірқазығы төл теңгеміз екені белгілі. Олай болса, қазіргі кезеңде қолданыста жүрген теңгенің мән-маңызын тереңірек түсіну үшін шегініс жасап, теңгенің тарихындағы маңызды сәттерді шолып көрелік. ХХ ғасырда Қазақстан біртұтас рубль аймағына кіргені тарихтан белгілі. Бұл 1993 жылы қараша айына дейін жалғасты. Рубльді теңгеге ауыстыру 1993 жылы 15 қарашада таңертеңгі 8.00-де басталды. Бұл күн ұлттық валюта күні болып саналады. Теңгені әзірлеу, жасау, айырбастау, айналысқа енгізу Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жеке басшылығымен құпия жағдайда жүргізіліп, 1 жыл 2 айда аяқталған.

Cоңғы 25 жыл ішінде көптеген биік асуларды бағындырдық. Еліміздің экономикасы көтеріліп, басқа елдермен терезесі теңесе бастады. Ақшаның пайда болуымен тауар өндірісі дамыды және халықтар арасында қарым-қатынас ұлғайды. Алтын мен күміс ақша рөлін атқаруға өте қолайлы болды. Қазақ елі Ұлы Жібек жолында орналасқандықтан, Тараз, Отырар қалаларында қола, мыс теңгелер соғылған. Бұл ақшалар ел экономикасында ерекше міндет атқарды.

Біздің төл теңгеміз бейнеленуі, орындалуы және қорғалуы тұрғысынан әлемдегі әдемі, заман талабына сай жасалған ақша белгілерінің бірі. Бүгін де теңгеміз тұрақты валюта ретінде өз міндетін мүлтіксіз атқарып келе жатыр. Қазір айналыста негізінен 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік қағаз ақша (банкнот) қолданылуда. Құны төмен, күнделікті көп қолданылатын қағаз ақша тез тозады. Сондықтан олар металдан тиын түрінде жасалды. Тиын ақшалар бізге бағзы замандағы зор маңызды оқиғалардан, тарихи тұлғалардың өмірінен, тіпті жануарлар әлемінен де хабар береді. Тиындар қазір де мемлекеттің тарихи табыстарын, мәдени мұраларын, айтулы азаматтарын есте қалдыру мақсатында кеңінен қолданылады.

Қазіргі таңда, Қазақстан өзіндік ақша-банк жүйесі, алтын-валюта қоры қалыптасқан тұрақты даму жолындағы іргелі ел. Теңге ерен еңбекпен келді, оны үнемдеп, ұқыптылықпен қарап, күтіп жұмсау Қазақстанның әрбір азаматының міндеті. Ұлттық валюта күннен-күнге өз елімізде ғана емес, тысқары жерлерде де сенімді беделге ие бола бастады. Өндіріс дамыған сайын елге шетел капиталының ағыны ұлғайып, ұлттық валютамыз да нығая түсетіні анық. Ақша реформасын дәйекті жүргізу бізге көп ұлтты Қазақстан халқының тұрмыс жағдайын бірте-бірте жақсартуға көмектеседі.

Қалипа КЕМЕЛОВА, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ