Руханият 0 пікір 2507 лайк

Парасат биігі

Қараша 15 / 2018

 

Жазушы Әбжаппар Жылқышиевтің туғанына — 100 жыл

 

Әке туралы сөз

Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері.

Әкемнің жүріс-тұрысы, сөз саптауы, өз ойын білдіруі, көп балалы отбасына деген қамқор көңілі ерекше болушы еді. Балаларын мейлінше еркелетіп, еркін ұстайтын, екінші жағынан қатаң тәртіптің шеңберінен де шығармайтын.

Бала күнімізде ойынымыз қанып даладан үйге дабырлай оралғанымызда анамыз: «Әй, кәне, тынышталыңдар, әкелерің демалып жатыр» деп бізді тиып тастайтын. Біз басқа бөлмеге зытып өтіп, дыбысымызды шығармай ойнап отырушы едік.

Анамыздың әкейге деген шексіз құрметі, мейірбан көңілі, ол кісіні асты-үстіне түсіп күтіп-баққаны бізді қайран қалдыратын. Біз де әкеміздің көңіліндегісін айтқызбай тауып, айтқанын екі етпей, алдына түспей, ерекше қадір тұтып, ардақтап өттік. Тегінде, анамыз өте ақылды, кемеңгер адам еді. Әкемізді Пайғамбардай қадыр тұту – марқұм анамыздың қазақ әйелдеріне ғана тән мәрт қасиетінің, ниетінің адалдығының, ұрпағының тағдырын терең ойлағандығының жемісі. Үлкенге деген құрмет, кішіге деген ілтипат – отбасы тәрбиесі қалыптастырған әдет-ғұрып. Ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ата дәстүр Әбжаппар әулеті босағасының беріктігінің кепілі болды. Тереңде жатқан тектілік тамырлары адамды адамшылығынан адастырмайтын, рухына рух қосып, қуаттандырып тұратын, көзге көрінбейтін алапат күш екені сөзсіз. Бабалар әдет-ғұрыпты сақтаудағы қаталдықтың мәнісін жақсы білген.

Көктемнің жан жадыратар күндерінде әкеміз бізді қозықұйрық теруге тауға алып шығатын. Біз үшін ол сәттер керемет бір мереке еді ғой, шіркін!.. Ұмытылмайтын ерекше күндер еді. Әкем қызмет еткен Бәйдібек ауданының орталығы – Шаянға барар жолда Қарауылтөбе бар. Сол Қарауылтөбенің маңында қозықұйрық көп болатын. Әр шырыштың түбінде аппақ болып бұғып жатқан қозықұйрықтарды біз қызыға теретінбіз.

Оңтүстікте не көп – қызғалдақ көп. Сол қызғалдақтың аңқыған жұпар иісін айтсаңызшы!.. Даламыздың бүкіл иісін бойына сіңірген қызғалдақтардың арасында жүргеннен асқан рахат бар ма?!

Қазір ойлап отырсам, әкеміз осындай серуендер арқылы бізге туған топырақтың иісін сезуді, оның көркемдігіне ғажаптануды, Отанды қадірлеп, сүюді үйреткен екен.

Әкем мінезі салмақты, байсалды адам еді. Әкеге қарап өскен біз де салмақтылыққа ұмтылдық. Әр сөзге мән беріп, асықпай ойланып барып сөйлеудің, бос уәде бермеудің, бос сөзден бойды аулақ ұстаудың үлгісін мен әкеден көрдім.

Әкейдің немерелеріне деген ниеті тіпті ерекше еді ғой. Қызмет бабымен Таразға қоныс аударғанға дейін әйелім екеуміз әке-шешенің қолында тұрдық. Менен кейін өмірге келген екі нәресте жастайынан шетінеп кетті де, отбасының кенжесі мен болып қалдым. Салт бойынша қара шаңырақтың иесі болып қалу маған жазылған екен. Осы жайды әкем үнемі құлағыма құйып отыратын. Алла тағала бізге үш перзент берді. Үшеуі де ата-әжесінің қолында өсті. «Немеренің үлкені Қуаныш қой, соны үйлендіріп кетсем, арманым жоқ» деп отыратын еді әкей. Өкінішке қарай, ол арманы орындалмады. Өміріндегі орны толмаған көп армандарының бірі болып қалды. Ажал әкемізді ортамыздан ерте жұлып әкетті. Қуаныш сол жылы мектептің тоғызыншы сыныбында оқушы еді. Ең кішіміз Бағланды қасынан тастамай «Бақабай» деп еркелетіп отырушы еді, жарықтық!

Жүзі суық, сырт көзге қатал көрінгенімен, әкеміздің жүрегі жайлы, жаны шуақ шашып тұратын. Бұл өмірде тағдырға көнбеген адам бар ма?.. Кімге болса да қол ұшын беріп, көмектесуге әзір тұрушы еді әкей. Осы адамгершілік қасиеті балаларында да бар десем, артық айтқаным болмас. Бұл да біздің әкеден алған ұлағатымыз.

Ат жалын тартып мінгелі әкемнен бір сәт алыстаған емеспін. Лауазымды қызмет атқарып жүрген кезімде де әкеме машина жүргізуші болып жүретінмін. Зейнеткерлікке шыққанда обком ол кісіге сары түсті «Волга» сыйлаған еді. Сол «сарымен» әкемді талай жерлерге алып барып, алып қайтып жүрдім. Ең соңғы сапарында әкем Қызылқұм, Шардара, Арыс аудандарын аралап қайтты. Бұл сапарымыз туралы Нәмет Сүлейменов ағамыз «Шындық пен сұмдық» атты кітабында келістіріп-ақ жазған екен.

Осыдан біраз уақыт бұрын бір тілші маған: «Сіздің өмірдегі идеалыңыз кім?» – деген сұрақ қойды. «Әкем» – деп жауап бердім. Алыстағы беймәлім біреуді пір тұтпай-ақ, жанындағы ата-ананың балаға идеал-өнеге бола білуі де зор жетістік, зор бақыт болар. Туып-өскен топырақтан, өз еліңнен, әке мен анадан қымбат не болсын!

«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген ұлағатты сөз бар. Жол түсіп осы өңірдің қай түкпіріне барсам да ел мені «Әбжаппар Жылқышиевтің ұлы» деп құрметпен қарсы алады. Бұл мен үшін де, балаларым үшін де зор мақтаныш, зор бақыт. Әкеден қалған баға жетпес мұра – әке абыройы, сол құндылықты қадірлей білу – арттағы ұрпаққа жүктелер міндет.

Атам дүниеден қайтқан соң әжем екі ұлы – Әбжаппар, Сейтжаппармен қалады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткен. Қазақ даласы үрей үстінде. Үлкен ұлы Әбжаппарды соғысқа алып кетеді деп қорыққан әжем оны үйлендіруді ұйғарады. Шешем Шырынкүл әжеме жақын туыс болып келеді. Сонан да әжем: «Білмейтін біреу емес, жақын туысым, жанашырым болар» деп әкем мен шешемді үйлендіреді. Әкем соғысқа 1942 жылдың 22 маусымында аттанған. Ал, 1943 жылдың 10 қаңтарында үлкен әпкеміз Гаухар дүниеге келеді.

Соғыстан кейін әкем Алматының Жоғарғы партия мектебіне оқуға түседі. Партия мектебін бітірген соң Шымкент облысына қызметке жіберіледі. Алғыр, табанды, ұстамды адам болып өскен әкем отыз алты жасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Отыз жыл ішінде жеті ауданды басқарады. Оның үшеуінде бірінші хатшы, төртеуінде аудандық Кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Өмірінің соңында Шымкент облыстық партия комитеті тексеру комиссиясының төрағасы болады. Бұл жұмысқа коммунистер барынша адал, таза, жұрт алдында беделді адамдарды қоюға тырысқан.

Соғысқа аттанбас бұрын Ташкенттегі әскери училищені бітірген. Одан Иранға қызметке жіберілген. Майданда батальон командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болған. Соғысты Берлинде аяқтаған. Қан майдан, қатал тағдыр адамды шынықтырады ғой. Адам бойындағы айуандықты көзімен көріп, жаны күйзелсе де өмірден түңілмей, кісілік қасиетінен айрылмай, адамгершілігіне кір түсірмей өтті.

Облыстық партия комитетінің тексеру комиссиясы төрағалығының әкемізге жүктелуінің өзі ол кісінің өткен өміріне берілген жоғары баға десе болады. Әкей бұл жұмысты да абыроймен атқарды. Сол жұмыста жүріп те талай адамға қол ұшын берді. Адал, әділ, мейірімді бола білді. Әкейдің қайырымдылығы туралы әңгіме көп, ол туралы мен кейін Шымкент облысының әкімі болып тұрғанда көп естідім. Сол оқиғалардың біреуін айта кетейін.

Шардарадан Өстемір Тілегенов деген кісі маған арнайы келді. Кезінде Шардара ауданының әкімі болған, кейіннен «Шардарақұрылысты» басқарған. Ел таныған Өстемір ағамыз өзіне жеке үй салады. Бала-шағасы көп жанды, отбасы үлкен адам болады. Сол үй салынып бітісімен партияның кейбір әсіре белсенділері «Тілегенов бұл үйді қандай ақшасына салды?» деп Өсекеңнің үстінен арызды тоғытып-тоғытып жібереді. Ол кезде арызды алдымен партияның бақылау комиссиясы қарайды.

Әкем Өстемірді шақыртып: «Бауырым, сенің бала-шағаң бар, олардың көрер қызығы бар. Сенің салған үйің өзгелердің үйіндей-ақ. Еш артықшылығы жоқ. Өзіңдей жас қазақ үй салса, сол үйде бала-шағасын асырап-жеткізсе жаман ба екен?! Жаман емес, қайта жақсы. Бар, салған үйіңнің рахатын сол бала-шағаңмен бірге көруге жазсын» деп шығарып салыпты. Әкей арызды сол күйі жауып тастайды. Адамгершілік деп осыны айтар болар. Қоғам тіршілігін нарық заңына қаншама бағынышты қылсақ та, жаны таза, арлы-инабатты адамдар – ең үлкен құндылық болып қалары сөзсіз. Жақсының аты өшпейді.

Ұзақ жылдар басшылық қызметте болғанда әкей көптеген талапты жастарды тәрбиелеп, өмір бәйгесіне қосыпты. Солардың бірі мемлекет қайраткері, қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Өзекеңдей қазақты сүйген, қазақ үшін жанын салған азамат саусақпен санарлық қана болар. Өзекең ағамыз өр мінезді, батыл да батыр адам еді.

Әкей жазушылыққа кеш келді. Бірақ, жас кезінен қолына қалам алып, өлең жазған адам. Ол өлеңдері соғыстан бұрын аудандық газеттерге басылып та тұрған. Кейін өмір тауқыметі, ел тірлігі қаламға қауқар бермеді. Әкейдің әдебиеттегі басты тақырыбы адам тағдыры деп білемін. Отқа оранған соғыс ортасындағы солдат өмірі, бейбіт өмірдегі қарапайым адамдардың тыныс-тіршілігі ол кісіні бей-жай қалдырған емес.

Әкем көп оқыған адам еді. Әсте дүниеге бой алдырып, байлыққа қызыққан емес. Мына мен, сол әкемнің білген,

көңіліне түйген дүниелерінің жартысын да білмеймін. Қайдан келсе де, әкем өзімен бірге бір құшақ кітап ала келетін. Сол кітаптарды оқып тауыспайынша тыныш таппайтын. Шетел жазушыларының, орыс жазушыларының, майталман қазақ жазушыларының кітаптары назарынан тыс қалған емес.

Тарихи кітаптарды ол кісі ерекше жақсы көріп оқушы еді. Аса ізденімпаз, еңбекқор, жанкешті адам болатын. Ел алдындағы беделі ерекше болды. Менің бір байқағаным, кеуде қаққан адамдар әкемнің алдында пәс түсетін. Мықты рухтың, білімділіктің сұсы басатын болса керек. Адамзат тарихында хат жазуды, жазушылықты дүниеге әкелген Тахтұрмас деген данышпан деседі. Сол кісі: «Ауызекі әңгімеге шебер, бірақ, жазбаша сауаты жоқ адам – жартыкеш адамға ұқсайды. Жан-жақты сауаттылыққа ештеңе тең келмейді. Сауаттылық пендені періште дәрежесіне көтереді» деп айтқан екен. Бәлкім, әкем періште дәрежесіне ұмтылмаса да, білім мен ғылым, өнер мен дарынның қадірін түсініп, өте жоғары бағалаған, екі дүниенің көркемділігі мен қайталанбас құндылықтарына талпынған болар.

Әкем жазған «Айтолқын», «Жұмбақ түтін», «Мешін жылы», «Замана іздері» атты кітаптары халқымыздың мәдени қазынасына айналды. «Дауылдан соңғы жорық» атты тарихи романы төңірегінде кезінде көптеген келелі кеңестер өтті. Ой тартыс туындады. Шын мәнінде бұл роман Қоқан хандығы туралы жазылған тұңғыш көркем шығарма еді.

Әкемнің жазушылық жолы Нұрлан ағама дарыды. Нұрлан Әбжаппарұлы – ақын, прозашы. Бірнеше кітаптың авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ұлы Отан соғысы жанға да, тәнге де жазылмас жара салды ғой. Соғыстан алған көп жарақаты әкемді о дүниеге 1995 жылдың 27 наурызында алып кетті. Артында жарияланбаған, баспасөз бетін көрмеген қолжазбалары қалды. Марқұм анамыз әкемнің шығармаларының жинағын құрастырғанша тыным тапқан жоқ. Жазушының жары дәл менің анамдай болу керек-ау деп ойлаймын. Ұзақ жыл бірге өмір сүрген кездерінде екеуі «шай» деспей өтті. Әкеме не керек екенін анам қабағынан-ақ білетін. Ойындағысын тауып отырушы еді-ау, қайран ана!

Жуырда Әбжаппар Жылқышиевтің екі томдық таңдамалы шығармалары оқырманға жол тартады. Халқына қызмет қыла жүріп, жазушы табиғатындағы суреткерлік дарынын тұншықтырмай, туған топыраққа деген махаббатын, өмірге деген құштарлығын, сұлулыққа деген ынтасын қалам мен қағаз арқылы бізге білдіріп кеткен екен.

Осы таңдамалы екі томдықты оқырманға халықаралық Абай клубымен бірлесіп дайындағанымды мақтан етемін. Өнерді ұғуды, жүрекке жеткізуді, санада тербетуді, көнені бағалауды, туған халқыңды ардақтауды Роллан Сейсенбаевтай асқан дарынды жазушыдан танығанымды да ерекше атамақпын. Әкемнің таңдамалы шығармаларын шығару үстінде тағы бір аңғарғаным, Отанымызға жауапты жас интеллигенция ауадай қажет екен.

Ардақты әкемнің кітабына жазған алғысөзімде оқырманмен осы бір оқшау ойларыммен бөлісуді парыз санадым. Бұл таңдамалы шығармалар біреуді ойға қалдырар, біреуге өткен күнін елестетер, жастар болса, үлкендерден қалған өнегеден ғибрат алар деп үміт артамын.

 

«Дауылдан кейінгі жорық» романы талқыланған жиында баяндаманы мен жасаған едім...

Өтіп жатқан уақыт.

Белгілі жазушы Әбжаппар Жылқышиев ағамыз тірі болғанда 100 жасқа толар еді...

Бәрі кеше ғана еді. Тәуке хан даңғылының бойымен Әбжаппар көкем қасына Нәмет Сүлейменов, Омарбай Малқаров, Әсілхан Оспанұлын ертіп орталық саябаққа қарай әңгімелесіп бара жатушы еді. Саябақтың ішіндегі орындықтарда Төлепбек Назарбеков, Әмірсейіт Әлиев, Әсет Тілеукеев әңгімелесіп отыратын.

Өр мінезді Төлепбек ағайдың әңгімелерін тыңдап отырған Әмірсейіт аға мен Әсет көкем орындарынан тұрып:

– Армысыз, Әбеке! – деп Жылқышиевтің қолын алып, сәлем береді.

– Көке! Ассалаумағалейкум! – деп

Төлепбек Назарбеков кең құшағын жайып Әбекеңді қапсыра құшақтап інілік ізет көрсететін еді.

Ұзын бойлы, кең жауырынды, қою қара қасты, өткір жанарлы, ер мұрынды Әбжаппар Жылқышиевті қала тұрғындары аса бір ілтипатпен ерекше құрмет тұтатын.

– Әбеке, мен генерал Сабыр Рахымов туралы тың деректер таптым. Ол – қазақ! – деген ғалым Әсілхан Оспанұлының сөздерін Әбекең үнсіз мұқият тыңдап отырады. Ел жым-жырт. Бәрі Жылқышиевқа қарайды. Жауап күтеді.

– Соғыс кімнің жүрегіне салмақ салмады. Күркіреп, күрсіндіріп, күңірентіп өтті ғой. Мен Ұлы Отан соғысына 1942 жылы алындым. Иранда әскери жаттығудан өттік. Содан 1945 жылы Берлинді алғанға дейін қолдан қару түспеді.

Әскери шенім – капитан.

Ал, Сабыр Рахымов даңқты қолбасшы болды. Генерал-майор. Кеңестер Одағының Батыры.

1944 жылы Польшаны жаудан азат ету кезінде қайғылы қазаға ұшырады. Жуков, Рокоссовский сияқты ірі қолбасшылардың қатарына жатады. Сабыр Рахымов – тарихи тұлға. Ол дивизия басқарды, – деп Әбекең қалың қабағын түйіп, орындыққа отыра кетті. Күрсінді.

Мен жазушы Әбжаппар Жылқышиевпен тұңғыш рет осылай кездескен едім...

***

Үйде отырмын. Қолыма жазушының «Замана іздері» кітабы түсті. «Ауылда», «Дүрбелең», «Топалаң» деген үш тараудан тұрады. Ауыл тақырыбы. Адам жүрегін ауыртатын ауыр тағдырларды оқып, өткен ғасырдағы өмір соқпақтары көз алдыңа елес береді...

Әбжаппар ағаның өзі өмірді жырлаған жазушы. Жазушы екі рет «Ұлы Отан соғысы», екі рет Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды...

Бірде мені Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің меңгерушісі Мархабат Байғұт шақырды. Бөлме ішінде Төрехан Рәмбердиев пен Төрегелді Байтасов отыр екен. Мархабат Байғұт есімі республикаға кеңінен мәшһүр жазушы. Мінезі салмақты. Ойланып сөйлейді.

– Серік, саған тапсырма бар. Әбжаппар көкеңнің «Дауылдан кейінгі жорық» деген романы жарық көрді. Сен сол кітапқа баяндама жасауың керек. Төрехан мен Төрегелді сені ұсынып отыр. КазГУ-ді бітірдің, – деді Мархабат аға.

Тапсырма берілді. Кітапты үш қайтара оқыдым. Терең жазылған. Хан Кене, Сыпатай, Жауғаш батырлар. Қоқан хандығының қазақ халқын езіп-жаншыған ауыр жылдардан сыр шертеді. Баяндаманы жазып болғаннан соң профессор Керімбек Сыздықовқа көрсеттім. Ол кісі ақыл-кеңес берді. Қайта жаздым. Қиналып кеттім. Оның үстіне кітап авторы – Әбжаппар Жылқышиев. КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Келес, Қызылқұм, Леңгір аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған. Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлымен сырласқан, Өзбекәлі Жәнібековті тәрбиелеген адам.

Кешкісін Нәмет Сүлейменовтің үйіне барып, жазғанымды көрсеттім. Нәкең көзілдірігін алдына қойып оқып шықты. Қабағын түйді. Ішім қылп ете қалды.

– Жақсы жазылған! – деп қолымды алды.

Қуанып кеттім.

***

М.Әуезов атындағы педагогикалық институттың акт залына жиналған ғалымдардың, ақын-жазушылардың, журналистер мен студенттердің шоғыры қалың. Қала басшысы Қуаныш Төлеметов те осында. Жиынды Мархабат Байғұт ашты.

Маған сөз берілді. Жазушы Әбжаппар Жылқышиевтің өзі қатысып отыр. Жалтақтап, төрде отырған Нәмет Сүлейменовке қарадым. Ол кісі күлімсіреді. Күш-қуат алдым. Баяндамамды оқып шықтым.

Қуаныш аға қол соқты. Әбжаппар көкенің қолын алдым. Қалың қабағы жадырап, маған алғысын айтты...

– Жақсы... Өте жақсы! – деді профессор Керімбек Сыздықов. Сол күні өзімді бақытты сезіндім...

***

Мен өмірде Әбжаппар көкемдей жазушының ақыл-кеңестерін тыңдаған сәттерімді ең бір байлыққа кенелген сәттерім деп есептеймін.

Бірде маған:

– Серік інім! Өмір зулап өтіп жатыр. Саған айтарым, балаларыңды жақсылап тәрбиеле. Мен жетім өстім. Ашаршылық жылдары Ақыртөбедегі балалар үйінде тәрбиелендім. Аштан өлген адамдарды көп көрдім. Бұл сұмдық. Одан кейін 1937-1938 жылдардағы қанды оқиғалар да көз алдымнан кетпейді. Сәкен, Ілияс, Тұрар, Сұлтанбек, Бейімбеттерден айрылып қалдық. Одан кейінгі 1941-1945 жыл. Қан кештім. Қиямет соғыстың ортасында жүрдім. Біз адам баласымыз. Бәріне тең қара. Бұл жалған өмір. Мен өмірде осыны ұқтым! – деді жазушы.

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 50 жыл толу мерекесіне 50 күн қалғанда жазушы өмірден озды. Мұхиттан өткен қайық сияқты мына құбылмалы өмірде ғұмыр кешіп, артына мол әдеби мұра қалдырып кетті. Жұбайы Шырынкүл Қалықызы «Ел ағасы» деген кітаптың шығуына бар күш-қуатын салды. Текті әулет. Шырынкүл апай өте кешірімді жан болатын. Ақын Әбілдә Аймақ екеумізге ерекше қамқорлық көрсетті. Болат Әбжаппарұлы облыс әкімі болып тұрғанда:

– Серік елу жасқа толыпты. Көмек көрсет. Әбілдә екеуі жетім өскен! – деп сөзімізді сөйлейтін еді. Менің 50 жылдық тойымды өткізіп берді. Алматыдан Ілияс Жансүгіровтің баласы Саят келді. Шырынкүл апам ол кісіге Құлагер ақынның құлыны деп шапан жапты...

Есіме Әбжаппар көкем түседі. Ұзын бойлы, кең жауырынды, қою қара қасты, өткір жанарлы кісі еді. Шымкент шаһарында жазушы есімімен аталатын көше бар. Көшені бойлап Заңғар, Санель, Әсемдерді ертіп жүремін.

– Жазушы Әбжаппар Жылқышиев деген аталарың осы қалада тұрған! – деп немерелеріме айтамын!

Серік ЖАНӘБІЛ, жазушы.

 

Жазушы жайлы жазбалар

Таза бұлақ суындай ең, жердің нуындай ең,

Жақсылықтың өзіндей ең, әділдіктің туындай ең.

Торқа болып топырағың, жарық болсын жатқан жерің.

Мәңгі көктеп жапырағың, өшпейді отың, жаққан сенің.

Нәмет Сүлейменов.

 

Әбекең басшы ретінде де, жазушы ретінде де ниеті таза, жаны ізгі болған адам. Бәлкім көркемдіктің киелі көкжиектері тұрғысынан қарағанда шығармаларының деңгейі тым биік емес шығар. Бірақ, ол өз сөзін айта білді, тыраштанбай-ақ, тұраққы туындылар жаратты, оқырманын тапқан орнықты дүниелер ұсынып, ұлағат үлгісін танытты.

Мархабат Байғұт.

 

Бір мезгіл Жылқышиевтің кітаптарын парақтап, ондағы ой мен идеяларды, жан азабы мен азаматтықты тереңірек сезіну, түйсіну кімге де болса пайдалы. Руханиятымыздың сара жолына баратын сүрлеулерді тану кызықты әрі ғибратты.

Жәлел Кеттебеков.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ