Экономика 0 пікір 2505 лайк

Кәсіпкерлігі дамыған мемлекеттер кез келген дағдарысқа қарсы тұра алады

Қараша 15 / 2018

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің экономиканы тұрақтандыруға бағытталған реформаларының арқасында Қазақстанды дамудың жаңа сатыларына көтерді. Президент жыл сайын халыққа Жолдау арнап, келешекте атқарылуы тиіс істерді жоспарлайды. Мемлекеттің экономикалық, қаржылық және әлеуметтік салалар бойынша стратегиясын айқындап, ішкі-сыртқы саяси ұстанымын белгілейді. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының биылғы Жолдауы алдыңғы Жолдаулардың заңды жалғасы. Дегенмен, бұл құжатта жаңадан көтерілген маңызды мәселелер аз болмады. Халықтың көкейінде жүрген талай әлеуметтік проблемалар қозғалды. Әсіресе, қаржы секторын дамытуға баса назар аударылды. Өйткені, бүгінгі таңда мемлекеттің алға жылжуы, қарапайым азаматтардың әл-ауқатының өсуі табыс пен қаржыға келіп тірелетіні жасырын емес.

 

Ең бастысы, Елбасының көрегенді саясатының арқасында бұрынғы Кеңестер Одағының құрамында болып, елеусіз күй кешкен Қазақ елі Еуразия құрлығының кіндігінде саяси тұрақты, экономикасы мықты мемлекетке айналып келеді. Осы мақсатқа жету жолында халқымыз аянбай еңбек етуде. Бұл ретте Жолдау Қазақстан жұртшылығын ортақ іске жұмылдырушы, халықтың күш-жігерін асыл мұраттарға бағыттаушы рөлге ие. Бүгінде біз елімізбен мақтанамыз. Қазақстан экономикалық, саяси қиындықтарға қарамастан әлемдік өркениеттің көшінен қалмай, дамудың жарқын үлгісін көрсетуде. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде барлық сала бойынша елімізде ілгерілеушілік байқалуда. Өнеркәсіп қайта қолға алынып, индустрияландыру бағдарламасы арқылы көптеген жаңа кәсіп- орындар пайда болды. Қазақстанда цифрландыру дәуірі басталып, ұмыт қалған рухани құндылықтар қайта жаңғырып жатыр.

Еліміз экономикалық, қаржылық қиындықтарға төтеп беру үшін кәсіпкерлік саласы мықты болуы керек. Шағын және орта бизнесі дамыған мемлекеттер кез келген дағдарысқа қарсы тұра алады. Сондықтан да біздің елде жеке кәсіпкерліктің қанатын кеңге жаюына бар жағдай жасалуда. Алайда, жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнестің алар үлесі әлі де көп емес. Сол үшін де мемлекеттің ендігі мақсаты жеке кәсіпкерлер санын арттыру болып отыр. Өйткені, кәсібін ашқан азаматтар көбейсе, бюджетке салық есебінде түсетін кірістер де молая түседі. Ал, мемлекет қазынасы қомақты болса, әлеуметтік мәселелерді шешуге қаржы тапшылығы қолбайлау болмайды.

Президент биылғы Жолдауында салыққа байланысты Үкіметке бірнеше тапсырма жүктеді. Соның ішінде келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасын бұзғандарға көрілетін шараларды күшейтіп, айыппұл көлемін 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өсіруді тапсырды. Сонымен бірге, салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда өсім мен айыппұлдарды алып тастап, шағын және орта бизнес өкілдеріне «салық амнистиясын» жүргізуді міндеттеді. Сондай-ақ, көлеңкелі экономикамен қатаң күресуге шақырды. Осыған байланысты Үкіметке экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту жөнінде тапсырма берді. «Қолма-қол ақшасыз экономикаға» көшу туралы мәселеге көңіл аударды. Себебі, көлеңкелі бизнес елді табыстан айыратын қылмыстық әрекеттердің бірі. Бұған қарамастан, жылда бюджет көлемі артып, жұмыстар ойдағыдай атқарылып келеді.

Осы ретте мемлекет қазынасының биылғы түсімдеріне тоқталсақ, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 2018 жылдың 10 айының қорытындысымен мемлекеттік бюджет жоспарын толығымен орындады. Он айға бекітілген мемлекеттік бюджет жоспары 109,9 млрд. теңге болса, бюджетке нақты 111,6 млрд. теңге өндіріліп, жоспар 1,7 млрд. теңгеге артық немесе 102 пайызға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджет 101 пайызды құрады және 0,5 млрд. теңге артық түсім түсті (жоспар – 67,2 млрд. теңге болса, нақты түсім – 67,7 млрд. теңгеге жетті). Ал, жергілікті бюджет 103 пайызға орындалып, қосымша түсім 1,2 млрд. теңгеге артты (жоспар 42,7 млрд. теңге болса, нақты түсім 43,9 млрд. теңгені құрады).

Биылғы 10 айлық көрсеткішті 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, мемлекеттік бюджет түсімдері 109 пайызға немесе 9,5 млрд. теңгеге өскен. Оның ішінде республикалық бюджет түсімдерінің өсу қарқыны 112 пайызды немесе 7,4 млрд. теңгені құраса, жергілікті бюджет түсімдері 105 пайызға өсіп, 2,1 млрд. теңге түсім артық түсті.

2018 жылдың 10 айында салықтар мен кедендік төлемдерді әкімшіліктендіру нәтижесінде мемлекеттік бюджетке қосымша анықталған резервтер есебінен бәрін қосқанда 9,5 млрд. теңге өндірілді. Оның 8,9 млрд. теңгесі республикалық, 0,9 млрд. теңгесі жергілікті бюджетке тиесілі. Қосымша кіріс көздерін анықтау бірнеше бағыт бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, бақылау-экономикалық (салықтық тексеру) жұмыстардың нәтижесінде 468 млн. теңге, камералдық бақылауда 4 млрд. теңге, мәжбүрлеп өндіру шаралары бойынша 542,3 млн. теңге, кедендік құнды түзетуде 4 млрд. 463 млн. теңге, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі жанама салықтарды әкімшіліктендіру қорытындысымен 28,8 млн. теңге анықталды.

15 қараша – Ұлттық валюта күні мен қаржы саласы мамандарының кәсіби мерекесі. Осы орайда облыс тұрғындарын және қаржыгерлерді бүгінгі айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Қаржы саласында тер төгіп жүрген азаматтардың ел үшін жасап жатқан еңбектері қашан да зор. Сондықтан оларға қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Ал, төл теңгеміздің тәуелсіз еліміз үшін орны ерекше екені белгілі. Ендеше, ұлттық валютамыз тұрғанда азат елдің айбыны әрқашан биік болары сөзсіз.

Әлібек ТІЛЕГЕНОВ, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ