Заң-заман 0 пікір 2501 лайк

ЕУРОПАЛЫҚТАРҒА ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ ИНТЕРАКТИВТІ КАРТАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қараша 14 / 2018

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтің басшылығымен қазақстандық делегация Италия астанасы Рим қаласында цифрлық ғасырға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияларды дайындау мәселелері жөніндегі ЕҚЫҰ конференциясына қатысты.

 

Қазақстандық делегация басшысы Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Американың 57-ден астам мемлекеттерінен келген өкілдерге Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, оның ішінде осы процеске цифрлық технологияларды енгізу тәжірибесімен таныстырды.

-Бүгінде мемлекеттік аппараттың азаматтармен өзара қарым-қатынасы "клиентке бағдарлану", қызмет алудың ашықтығы мен қол жетімділігіне негізделген. Біздің алдағы 2 жылға арналған мақсатты индикатор 90 пайыз электрондық қызмет көрсету, ал 10 пайызы тек қана "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсету, - деді ол.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте «Цифрлық агент" мобильді қосымшасы арқылы қазақстандықтардың шағым беруге немесе көрсетілген қызметтің сапасын бағалауға мүмкіндіктері бар екендігін атап өтті.

Тағы бір атап өтетін жайт, еуропалықтарға алғаш рет қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы таныстырылды. "Біз өзімізге мынадай қағидатты орнаттық: Біздің белсенді жақтастарымыз көбейген сайын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат соғұрлым тиімді болады. Қабылданған шараларды жетілдіру үшін қолданылатын тетіктерді біріктіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың кешенді құралын құру туралы шешім қабылданды. Осылайша біз қоғамдық бақылаудың интерактивті картасын жасауға бел будық. Бүгінгі таңда карта 150 млрд теңгеден астам сомадағы бюджеттік шығындар туралы егжей-тегжейлі ақпаратты қамтиды", - деді Олжас Бектенов.

 Аталған ресурс арқылы азаматтар бюджет қаражатының жұмсалуын тікелей бақылауға мүмкіндік алатындығы айтылды.

Халықаралық ұйымдар мен шетел өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ақпараттық технологияларды пайдаланудың қазақстандық тәжірибесін оң бағалады.

-Біз Қазақстанның ұйымға кіру мәселесі бойынша айтарлықтай ілгеріледік. Қазақстан жақында ГРЕКО - ге қосылады деп үміттенеміз", - деп атап өтті Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) атқарушы хатшысы Джанлука Эспозито.

 Қазақстанның Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) кіруі, біріншіден, құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау және олар заңсыз тапқан мүлікті қайтару мәселелері бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға, екіншіден, Еуропа мемлекеттерінің аумағында халықаралық тергеу тапсырмалары бойынша өткізілетін жедел-іздестіру іс-шараларына Қазақстанның құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуы бойынша ГРЕКО мүше елдердің құзыретті органдарымен ынтымақтастықты дамытуға, үшіншіден, Еуропа елдерінің тәжірибесіне негізделген ГРЕКО ұсынымдары арқылы Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын жетілдіруге ықпал етуге мүмкіндік береді.

«Оңтүстік»-ақпарат.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ