Ресей – Қазақстан үшін сенімді серіктес

Қараша 13 / 2018

 

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XV форумына қатысты. Туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістеріне арналған форумға екі елдің өңірлері мен облыстарының басшылары, салалық мемлекеттік органдар мен іскер топтар өкілдері қатысты.

 

Қазақстан Президенті іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бұл форум тиімді мемлекетаралық алаң ретінде танылғанын атап өтті.

– Форум осы уақыт ішінде елдеріміздің саяси-экономикалық өзара ықпалдастығының маңызды институтына айналды. Бұл басқосу посткеңестік кеңістікте үлгі боларлық формат ретінде танылды. Өткен форумдар аясында біз 200-ден астам шарттар мен келісімдер жасастық. Бұл құжаттардың жүзеге асырылуы Қазақстан мен Ресей өңірлерінің ғана емес, сондай-ақ экономиканың тұтас салаларын дамытуға тың серпін береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Қазақстан үшін стратегиялық одақтас әрі сауда-экономика саласындағы маңызды серіктес екенін атап өтті.

– Биылғы 8 айдың ішінде елдеріміз арасындағы сауда айналымы 11 миллиард доллардан асты және бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 18 миллиард долларға жетуі мүмкін. Өзара сауда саласындағы өңделген өнімдердің үлесі артып, 82 пайызға жеткені қуантарлық жайт. Ресей Қазақстан үшін өңделген өнім экспорттайтын ірі нарық болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және агроөнеркәсіп кешені, химия өнеркәсібі және экономиканың басқа да салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайту барысындағы екі жақты қарым-қатынастарды ілгерілетудің нәтижелеріне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев туризм саласының жаһандық экономикадағы маңыздылығын айтып, екі елдің туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, оны одан әрі дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.

– Бүгінгі форум өте маңызды әрі өзекті мәселе – елдеріміздің туризм саласын дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістеріне арналған. Туризм жаһандық экономикалық дағдарыстар кезінде де экономика өсімінің тетігі болып саналады. Қазақстан мен Ресей бұл үдерістерден тыс қалып қоймауы керек. Бізге жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті көршілес елдермен визалық және көші-қон режимін жеңілдете отырып, Каспий теңізінде туризм жөніндегі ынтымақтастықтың жүйесін құруды, сондай-ақ, медицина және білім саласындағы туризмді дамыту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.

– Күш біріктіре отырып, әлем тарихындағы бірегей Байқоңыр ғарыш алаңына қатысты туризмді дамыту керек. Бұл мәселелердің кейбірі туризмді дамытуға жауапты министрлердің келесі жылға арналған бірлескен жоспарларына енді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосу жөніндегі атқарылған жұмыстардың нәтижелерін атап өтіп, бизнес өкілдерін осы орталықтың және соның базасында құрылған қаржы институттарының жұмысына белсенді атсалысуға шақырды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ