Қазақ барда өлмейді Шерхан-шындық

Қараша 13 / 2018

Халқының қабырғалы қаламгер, қазақ журналистикасының қара нары Шерхан Мұртазамен қоштасқанына да қырық күннің жүзі болды. Содан беріде қазақтың соңғы ширек ғасырда сөзін ұстаған тұлғаның әдебиет пен мәдениетке, ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі жайында баспасөз беттерінде толғанбаған, тебіренбеген зиялыларымыз жоқтың қасы. Шерағаң туралы лебіздер газет оқитын, кітап оқитын қазақ аман болса, алдағы уақытта да айтыла берері ақиқат!

Қазаққа қаламымен ғана емес, қайсар мінезімен, турашылдығымен жаққан Шерхан Мұртазаның қырық күндік асы Тараз қаласында 16 қарашада республикалық деңгейде өтеді.

Сонымен, бүгінгі әңгіме Шерағаң туралы!

 

Шерағаң қайда жүр екен?..

(Рух сардарының қырқына)

Әбекең, Әбіш Кекілбайұлы көкем көксандық экранынан күлімсіреп көрінген күннің ертеңіне кенеттен қайтқан. Бақиға. Күтпеген жерден. Есеңгіреп қалғам. Егіліп, ебіл-дебіл жылағам. Перзенттерім алаңдап: «Абайлаңызшы», – дескен.

«Көркемдіктің көкесі, көкем. Кемеңгерліктің кемелі, көкем. Әлемнің Әбіші ғой, көкем. Бүкіл байтағыңызды, оның ішінде Оңтүстігіңізді жаныңыздан артық жақсы көруші едіңіз-ау, көкем. Оңтүстігіңіз ойсыраған күй кешті, көкем. Шырайлы Шымкентіңіз шер кешті, көкем... Түркістаныңыз тұманытып, Әзірет Сұлтаныңыздың кесенесі күреңітті, көкем...» Дегем. Тоқтата алмағам. Өзімді өзім.

Биылғы тоғызыншы қазанда Шерағаң, Шерхан Мұртаза қазасы құлаққа жетті. Ымырттың жым-жырт қараңғылығында. Құмығып. Үнсіз-тілсіз, түсінікті-түсініксіз күйінішке буылып, жылай алмадым. Көзден жас шықпай, түйірдей де тамшы тамбай, тобарсыған бетіме таңырқадым. Сипалап. «Егеменнен» қайғыру сөз жазбақ керектігі ескертілді. Жаза бастадым. Жанымды қиқалап.

«Көке!» – деп бастадым. Жылай алмадым. Паузаны ұзарттым. Көздерім тіпті жасаурамайды да. «Көке! – деп жалғадым тағы да. – Өзіңіз өзгешелеп жазғандай, Парижде болдыңыз. – Париж түсіңізге кірмеді. Мысырда болдыңыз. – Мысыр түсіңізге кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иранда... Бес жыл Мәскеуде оқыдыңыз. Олар да түсіңізге кірмеді. Түсіңізге күн сайын Мыңбұлақ кірді. Түсіңізде ылғи Ақсу-Жабағылыны көретінсіз...»

Туған жерді, әсіресе Ақсу-Жабағылыны айтқанда, жазғанда жанар шіркін ысып жөнелетін. Жасаурайтын. Бұл жолы құп-құрғақ. Дымқылданбайды да.

Жазуымды жалғастырдым. «Мен Сізді жақында, туған күніңізде түсімде көріп ем... Таупістелі ауылындағы мәрмәр тасқа қарап тұр екенсіз. Онда: «Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл бастаған жазушылар баудың негізін 1995 жылы қалаған» деп жазылған ғой. Сол қызылкүрең мәрмәр тасқа қараған күйіңізде: «Мені Шолпан Жұлдыз, таңғажайып Таңшолпан шақырып жатыр ғой...» дедіңіз күбірлеп. «Асықпасаңызшы, аға...» дегендеймін. Алайда, өз даусымды өзім естімеймін. Сіз де естімедіңіз. Ал, бүгін...»

Осы сөздерді жазғанда қайран қаламымның сиясы еріп, елжіреп, ақ парақтың бетін айғыздағандай еді. Бірақ, сонда да жыламадым. Жылай алмадым.

Міне, газеттегілер асықтырып, қазанамалық қайғыру сөзімді де тауыс-тәмәм еттім. «Шерағаң Шолпан Жұлдызға жол тартты. Теңбіл Торғайы шырылдай ұшып, шығандай бастап барады. Ұлы Пайғамбарымыздың Ухуд тауындай көретін Тәңіртауыңыздың... баурайында тәніңіз тыншу табар. Ал, асыл жаныңыз Таңшолпанның нұрына ұласар, Көке!» Деп, аяқтағам.

Жылап қоя берермін деп ойлағам. Олай болмады. Көздерім құп-құрғақ. Бедірейіп, қатып қалғаныма қайранмын. Ол кейінгі үш жылдай уақытта үн-түнсіз қиналған. Инсульттің ауыр түріне ұшырап. Сондай күйінде көбірек көргендіктен де жылай алмадым ба, қайдам.

Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев мырзаның ұйғаруы бойынша облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев бастаған арнайы делегация Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлттың ұстыны, қазақтың рух сардары Шерхан Мұртазаның қаралы жиынына, Кеңсай зиратындағы жерлеуіне, құдайы асына қатыстық қой. Ақиық ақын Нармахан Бегалыұлы, айтулы прозашы һәм журналист Шойбек Орынбай, Пушкин атындағы кітапхананың директоры Шәрбану Дінәсілова төртеуміз пойызбен, делегация жетекшілері ұшақпен дегендей. Жеттік қой.

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында ағамызды ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиын өтті. Небір-небір мемлекет және қоғам қайраткерлері, қабырғалы қаламгерлер, өзге де жақсылар мен жайсаңдар қатты қайғырып, жан тебірентер, жүрек шымырлатар ой-пікірлерін білдірді. Талай да талай жасамыстар мен жастар жылап тұрды. Кеңсайдағы бейітте де солай болды. Менің көзімнен жас шықпай-ақ қойды.

Мәселе менің жылағанымда немесе жылай алмағанымда емес, әрине. Халық жазушысы, ұлтының сүйікті суреткері Шерхан Мұртазаның қазасына қалың қазақ қатты қайғырды. Қабырғалар қайысты. Омыртқалар майысты. «Шіркін, Шерағаң-ай!» Десіп, аһ ұрғандар аз болмады.

Сексен жасқа толған торқалы тойы 2012 жылғы қыркүйекте Жамбыл облысында, Тараз бен Жуалыда дүркіреп те күркіреп, керемет өткен. Тараздағы конференцияда Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаңыз: «Шерхан Мұртаза – шын мәнінде қазақ көркемсөзінің көшбасшысы, қазақ көсемсөзінің қолбасшысы», – деген. Әділ бағаға жұртшылық ұзақ қошемет көрсеткен.

Алпыс жылдығының алдында Әбіш Кекілбайұлы ғажайып пікірлер жазған. Қараңыздаршы. Әбекең бүй деген ғой: «Қазақ қауымын, қазақ қоғамын жаппай оятқан, жаппай сергіткен, жаппай сілкінткен, жаппай серпілткен Шерхан Мұртаза», «Қауымдық түлеуімізге тап Мұртаза туындыларындай әсер еткен, ықпал жасаған шығармалардың түсін түстемек қиын», «Мұртазаның мергендігі – әлеуметтік мергендік», «Шерхан Мұртаза тек қаламгер ретінде ғана емес, мәдениет қайраткері, баспасөз жетекшісі, редактор ретінде де қазақтың осы заманғы қоғамдық ойын қалыптастыруға орасан зор үлес қосты», «Бұл – тек бір қаламгердің өнер жолы емес, күллі ұлттық санамыздың сергу-серпілу жолы».

Міне, әлемнің Әбіші аяулы ағасы, ұлтыңыздың ұлы тәлімгері Шерхан Мұртаза хақында осылай деген!

Ал, Шерағаң, Шерхан Мұртаза шаңқылдап айтқан сөздер қандай еді?! «Елбасы – біреу, қалғандары тіреу болсын!», «Әкім бол, халқыңа жақын бол», «Тәуелсіздіктің жолы – қатты, дәмі – тәтті», «Рух пен намыс – егіз», «Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал, тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет!», «Жау жаманы – жарамсақ», «Мәдениеттің мәйегі – кітап», «Шын жазушының көзі көкірегінде болады», «Шындық – ащы һәм ажарсыз»...

Міне, Шерағаңның қырық күндік асы да кеп қапты. Оны Жамбыл облысының жұртшылығы Таразда өткізбекші. Астанадан, Алматыдан, өзге де өңірлерден өкілдер қатыспақшы.

«Қайран, Көкемнің қырқы да жақындады», – деп күбірлеп ояндым кеше. Сөйттім де «Ай мен Айшасын» қолыма алып, оқуға кірістім. Кенет... Қаншама күндер бойы қатып қалған көз жасым сорғалап қоя берді.

Оқып отырмын. Жылап отырмын. Сексен жасқа толарының алдында Шерағаң туралы «Егемен Қазақстанның» бір бетін толтырып, толғаныс-эссе жазғаным есіме түседі. Ақсу-Жабағылыға жетпісінші жылдардың аяғында және сексенінші жылдардың соңында арнайы келіп, аралағаны. Түлкібас ауданының әкімдігі залындағы кездесуде: «Түркі қағанаты да алауыздықтан, қу дүниеге таластан тоз-тозы шыққан. Сыртқы жауларға сыр алдырғандықтан, сөйткен. Түркі қағанаты тарамағанда, мынау айдаһар да, анау аю да басынбас еді. Көкбөрі бәрінен биік тұрар еді. Түлкібас – Түлкібас емес, Түркібасы күйінде қалар еді» дегені. Ақсу-Жабағылының Жасылжазық алқабында аппақ киіз үй тігілгені. Аршаларға тәу етіп, жаяу, сонсоң соқпақтармен ат үстінде әндетіп, биікке көтерілгені. Шерағаң шырқаған қазақша, қырғызша, татарша, башқұртша әндерді шың-құздардың, қыземшек төбелердің, ақ ұлпа бұлттардың таңырқай тыңдағаны.

Таупістелі ауылында үш мәрте болғаны. Таупістеліден Жуалының Көлтоған, Қызтоған ауылдарына қарай асатын жолда Бозторғай асуына қайран қалғаны. Насыр Фазыл, Мекемтас Мырзахметұлы, Қалдарбек Найманбаев, Ахат Жақсыбаев, тағы басқалар бастаған, жиырма шақты жазушы қостаған қонақтардың бау негізін салғаны. 1995 жыл ғой баяғы. Ал, 2005 жылы тағы да Насыр Фазыл, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы және басқа да қаламгерлермен бірге Құлбайшоқының тепсеңіндегі жайқалған жасыл шалғынында тебіренгені...

Өзінің сексен жылдығындағы, Тараздағы қорытынды сөзінде: «Шолпан Жұлдыз, таңғажайып Таңшолпаным түсіме жиі кіреді... Шақыратындай ма, қалай... А, бәлкім...» деген сөздерінен кейін-ақ ол таңғажайып Таңшолпанына бет алғандай екен дә. Бес жылдай қанат қаққан екен ғой. Теңбіл Торғайы шырқырап...

«Интернатқа Айша келді. Турникте шыр айналып тұрғанда-ақ таныдым. Қолында бұл жолы бұрынғыдай түйіншегі жоқ. Бұрындары ылғи да түйіншегі болатын. Жүгері нан. Жүгері талқан.

Бұл жолы түйіншегі жоқ.

Көктем ғой. Жүгері таусылған шығар.

Айшаның көк көйлегі тозыңқыраған ба, оңып кетіпті.

– Барсхан, – деді мені басымнан сипап тұрып. – Мен саған бұл жолы ештеңе әкелмедім...».

Көз жасымды тоқтата алмадым.

Ойлап қоям. Өткенде «Шерағаң Шолпан Жұлдызға жол тартты» деп жазып ем. Шынымен Шолпанда ма екен?.. Әлде анасы Айшамен бірге Айда ма екен?.. Қайда екен?! А, бәлкім, Қалтай, Камалдарымен, Әбіш, Ақселеу, Фариза, Оралхан, Сайлаубектерімен сағыныса, шұрқыраса жүздескен шығар... Бірте-бірте Баукең, Мұхаң, Ғабеңдермен... Тұрарлармен табысар-ау.

Әбекең, Әбіш Кекілбайұлы көкем: «Әлеуметтік мерген» деген еді ғой. Әлде әлеуметтік мергеніңіз – Шерхан Мұртазаңыз Қызыл Жебесін кезенген күйі Тарпаң дейтұғын тұлпарымен Тәңіртаудың бір бүйірінен шыға келер ме екен?!

Ақиқатын Алла біледі.

Қалай болғанда да, қайда жүргенде де қазағымен бірге жасай береді. Шерағаң.

Мархабат БАЙҒҰТ.

 

Жан байлығын жоғары қойған жан еді...

1968 жылдың күзі еді. Ол кезде Жамбыл қаласындағы үлкен құрылыс ұйымының бірінде электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істейтінмін. Сол күзде әскер қатарына шақырылатын болып, туған ауылым Петровкада екі-үш күн аялдаған соң, Жамбылға қайтпақ оймен Жуалы ауданының орталығындағы автобекетке келдім. Облыс орталығына қатынайтын таксидің кезегі үлкен болып шықты. Мен таксиге мінбек болып тұрғанымда, ұзыннан-ұзақ созылған кезекке орта бойлыдан сәл биіктеу, сымбатты келген жігіт ағасы келіп тұрды. Байқаймын, өте асығыс, қолындағы сағатына қарағыштай береді. Бейтаныс жанның түр-тұлғасы маған таныс, бір жерден көрген сияқтымын. Жақында ғана жазушы Шерхан Мұратазаевтың «Мылтықсыз майдан» деген кітабы қолыма түскен. Қалың кітаптың ішіндегі повестер мен әңгімелерді қатты ұнатып, оқып шыққанмын. Кітаптың бірінші бетіндегі сурет – менің алдымда қол созымдай жерде тұрған кісінің суреті. Қуанып кеттім, бұл аға бір көрсем деп армандап жүрген – Шерхан Мұртазаевтың өзі болып шықты. Белгілі жазушыға сәлем бердім.

– Амансың ба, айналайын, – деді Шәкең жылы үн қатып. – Қай ауылдың баласысың?

– Карл Маркс ауылынанмын, аға. Сізді сыртыңыздан танимын. Жақында «Мылтықсыз майдан» деген кітабыңызды оқыдым, маған өте ұнады.

– Рахмет, інім, сөзіңе қарағанда, әдебиетті сүйетін сияқтысың, – деді жазушы аға тағы да қол сағатына көз жүгіртіп.

– Мен де сіз сияқты журналист болсам деп армандаймын, бірақ, оқуға түсе алмадым, әскерге кетіп барамын. Байқаймын, аға, асығып тұрсыз, мен кезегімді берейін.

– Рахмет айналайын, пойызға кешігіп қаламын ба деп қорқып тұр едім, жақсы болды ғой, өркенің өссін!

Шерхан аға менімен асығыс қоштасып, «Волганың» алдыңғы орнына жайғасып жатты. Бұдан соң, Шерхан Мұртазамен 1980 жылы Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде тілші болып жүрген кезімде кездесіп, қайтадан басылып шыққан «Мылтықсыз майдан» кітабына қолтаңба жаздырып алдым. Сол туынды осы күнге дейін қымбат дүние ретінде үйіміздің төрінде сақталып тұр.

Шәкең туралы бір мөлтек әңгімемде:

«Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына жақындай берген тұста Теріс деген өзен бар. Өзі Теріс десе теріс, өзге өзендер ылдиға ақса, бұл өзен өршеленіп жоғарыға, Алатауға қарай ағады, жарықтық. Қарап отырсам, қолымызға қалам ұстап жүрген қаламгер ағайындардың мінездері біртүрлі, көбісі Бауыржан мен Шерхан ағаларына тартып кеткен, шалқайғанға – шалқаяды, еңкейгенге – еңкейеді. Шерағаңның: «Мен қырсықпын ба десем, сендер менен де өтіп кетесіңдер. Солтүстік Полярдың ақ аюлары сияқты мені көрдіңдер ме дегендей маңғазданып жеке-жеке жүресіңдер. Кейде анау жарықтық Теріс құсап теріс ағып, желге қарсы сиетіндеріңе таң қаламын деуінде үлкен шындық бар», – деп жазғаным бар.

1984 жылы Жамбылдағы қызметімді Алматыға ауыстырып, әдебиет ауылына кештеу келдім. Осындағы көптеген журналист бауырларым сияқты менің де жұғымым шамалы, Шерхан ағамен 60 жасқа толғанда ғана етене араласа бастадық. Жуалы жерінде қазақтың көрнекті жазушысының 60 жылдық мерейтойы дүркіреп өтіп, Алматы теледидарының Бас редакторы ретінде 45 минуттық хабар жасау бақыты маған бұйырды. Көп ұзамай-ақ Шерхан Мұртаза Қазақ теледидары және радио корпорациясына төраға болып тағайындалды. Мен Қазақ теледидары Бас директорының бірінші орынбасары болып қызметке келдім. Екі жылдай бірге қоян-қолтық қызмет атқардық. Осы жылдар ішінде Қазақ радиосы мен теледидары өрлеу үстінде болып, сапасы да, мазмұны да жақсарды. Екі жыл ішінде Қазақ теледидары қайта түлеп, қазақ тіліндегі хабарлар көрсеткіші 80 пайызға дейін артты. Ең бастысы, иісі қазақтың рухын оята білдік.

Алайда, Қазақ радиосы мен теледидарын қалай дұрыс жолға қоямын деп басын тауға да, тасқа да ұрған ұлтжанды Шерхан Мұртаза кейбіреулерге ұнамай, жоғары жаққа арыз-шағым қардай борады.

– Мен Қазақстан Жазушылар одағында екінші хатшы болып жүргенімде үстімнен бір вагон, яғни 42 тонна арыз жазылды, – деп отырушы еді Шерағаң. Біреу жұмысқа белсеніп кіріссе, безгегі ұстап ауырып қалатын ағайындар жазушы-ақындардан да асып түсіп, «Шерхан Мұртаза барып тұрған ұлтшыл, бұл жағынан көкесі Тұрар Рысқұловтан асып кетеді, орыстарды иттің етінен жек көреді, орыс тіліндегі хабарларды қысқартып, жетім баланың халіне түсірді, көк көзді журналистер шетінен қудаланып, бастарына қара бұлт үйірілді» дегенге саятын арыз-шағымды екі вагонға немесе 84 тоннаға жеткізді.

Көп ұзамай Шерхан Мұртаза қызметінен алынды.

Шерхан Мұртаза қазақтың көрнекті жазушысы болуымен бірге, ел қамын, жер қамын ойлаған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері болып, халқының қалаулысына, елінің елеулісіне айналды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған жылдары Шерағаң әділдік пен ақиқаттың, шындықтың алмас қылышы болып жарқылдағанын бүкіл қазақ халқы әлі ұмыта қойған жоқ. Ол өз мүддесінен гөрі, халық мүддесін, ұлт мүддесін әрқашан да жоғары қоя білді. Шәкеңді атақ, даңқ қызықтырған емес, олар оны өзі іздеп тапты. Байлыққа да қызыққан жоқ, жан байлығын жоғары қойып, қарапайым өмір сүрді. Ұлтымыздың ана тілін, рухани байлығын, ынтымағы мен бірлігін сақтау, тәуелсіздігімізді нығайту – Шәкеңнің өмірдегі ең үлкен мақсаты мен арманы еді.

Жазушы Шерхан Мұртазаның суреткерлік шеберлігі, қазақ әдебиетіне қосқан үлесі жөнінде аз жазылған жоқ. Жас әдебиеттанушы Хамит Есенаманның Тараз қаласында шығатын «Жамбыл» журналында жарияланған әдеби-сын мақаласындағы мына үзіндіге кім де болсын бей-жай қарамайды.

Жас сыншы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көркем сөздің шебері Шерхан Мұртаза туралы:

«Табалдырықтан асқан тау жоқ, сол сияқты туған жерден биік тұғыр да болмайды. Іңгәлаған сәтіңнен іргелі тұлға болғанға дейінгі аралық – ешқашан қайталанбайтын ұлы ақиқат. Ал, жазу дейтін жауһар әлемнің ішінде тағдыры тебірентетін жалғыз ғана қасиет, жүз бұратын құбыла да туған жер.

Арманшыл жүрек алысқа жетелейді, талапшыл тұлғаны қалыптастырады. Біздіңше, жақсылық диқаншысы да, ізгілік себепшісі де тек әдебиет адамы сияқты болып көрінетін. Әлі де солай болса керек.

Ілгеріде «Интернат наны» деген әңгіме оқыдым, авторы Шерхан Мұртаза екен, тағдыр туралы тәмсілді сонда түсініп едік. Әлтайдың тұтас болмыс-бітімі, түр-тұлғасы көз алдымызда. Әдебиет дегенде әсемқоңыр әуенге елтіп сала беретін көңіл әсте жалғыз әңгімемен қанағаттана қоймаған. Кейін бала Барсхан бейнесі бірде қуантып, бірде мұңайтып жүрді. Туған әкенің түлеп ұшқан топырақтан жырақ кетуі, жалған жаланың кесірінен жат жерден топырақ бұйыруы, одан кейінгі ауылдағы сүреңсіз өмір, әсіребелсенділердің әкіреңдеген айқайы, жетім баланың жарым көңілі, жесір ананың көңілін бағу, одан зұлмат соғыс, жоқшылық... бала Барсханның басындағы кеп осы. Мұңайтады, әрине. Ал, қуантатыны, ол жасық емес еді. Абзал әкенің қарашаңырағын қасиеттеп ұстайтын, қадірлеп күтетін парасатты перзент еді. Бүгінгі отбасының тірегі, бәлкім болашақта баба жолын, ата салтын ұстанған сөз мұрагері...

Осы жайдың бәрін де Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» шығармасында жазғанымен, бұл адамзаттың азабын арқау еткен ғұмырнама. Өмірден не көрдің, неге жете алмадың, неге жеттің, бәрі осында. Шығармада әуелгі Барсханның, кейінгі Шерханның азаматтық болмысында, жазушылық ұстанымында қалыптасқан қағидалар бар. Тіпті, шығармадағы өзі тізген оқиғалардың ішінен өзінің шығармашылық тағдырын айқындаған, жазушылық кемелдігін танытқан сәттерді де көруге болады» деп тебірене жазыпты.

«Ай мен Айшаны» жақында қайта оқып шыққанмын. Қатты толқыдым, тебірендім. Бұл романның кейбір тарауларын оқып отырып, жаным күйзелді, жанарыма үйіріліп жас та келді. Шераға көбінесе саяқ жүреді, мұңлы жүреді. Ашық-жарқын, көңілді жүретін кездері де сирек. Кейбіреулер: «Осы Шерханға не жетпейді, қабағы бір ашылмайды» деп кінәлап та жатады. Олар Шерхан Мұртазаның шері мен мұңын қайдан білсін, қайдан түсінсін?!

Сексен деген аз жас емес, Шәкеңнің айбат беріп тұратын баяғы тұлғасы жоқ, еті қашып, екі кісі мінерлік иықтары қушиып, шөге бастапты. Иә, адам темірден жаралмаған. Шерхан Мұртаза бұл өмірден не көрмеді десеңші! Белі бесіктен шықпай жатып әкесінен айырылды. Бүкіл Жуалы, Түлкібас, Жамбыл өңірінің халқы хан көтерген асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы атанған Мұртазаға «халық жауы» деп жала жабылып, Сібірге он екі жылға айдалып кете барды. Асыл ер ол жақтан қайта оралған жоқ. Анасы Айша кішкентай үш баламен аңырап жесір қалып, жас жүрегі аһ ұрды. Зұлымдық пен мейірімділік қай заманда да қатар жүрген. Айша зорлық пен зомбылықты, қорлықты бөтеннен емес, өз ауылдастарынан, өз руластарынан көрді. Колхоздың бастығы Жуанқұл мен бригадир Тасбет «халық жауының әйелісің, халық жауының баласысың» деп жесір Айша мен кішкентай бала Шерханға зәрін төкті. Шерхан аш та, жалаңаш та жүрді, бәріне шыдады. Бәріне шыдаған Шерхан бригадир Тасбеттің анасын елдің көзінше орынсыз балағаттап, боқтағанда шыдай алмады. Тас-түйін болып, қолына айыр алып, анасын қорғады. Ауылдастары ұстап қалмағанда, кішкентай Шерхан зәлім Тасбетті өлтірмесе де, жарымжан етіп тастар еді. Кішкентай Шерхан астындағы есегін тепеңдетіп, Күйік асуы арқылы анасы Айшаның төркіні – Аса жаққа уақытша қашып кетпегенде, тасбауыр Тасбет жас баланы шырылдатып соттатып жіберуден тайынбас еді.

«Ай мен Айшаны» оқып отырып, кішкентай Шерханның батыл, өжет болумен қатар, жүрегі нәзік, мейірімді бала екендігін аңғарасыз. Өзі аш, жалаңаш, жарым көңіл бола жүріп, ауыр жұмысқа жегілсе де, өз қатарларын аяйды, қарлығашша шырылдап, оларға көмектесуге әрқашан да даяр. Өзімен қатарлас, жарымжан, үнемі жөтеліп жүретін, сөйтіп жүрсе де колхоздың ауыр жұмысынан қалмайтын Сүлейменге қамқор. Тасбет бригадирдің қаһарынан қорықпай, жұмыстан қашып, Жуанқұл бастықтың әйеліне барып, «Әбіш шалдың Сүлеймені қан құсты, бір тостаған қымыз берші, жеңеше, мүмкін ем болып, жазылып кетер» деп шыр-пыр етіп жалынады.

Мен де балалық шақтың кермек дәмін көрген балалардың бірімін. Шерхан сияқты белім қатпай жатып, ауыр жұмысқа араластым.. Қызылша өсірдім, комбайнға шықтым, мал бақтым. Бөтен емес, өзімнің жақын туысқаным, бригадир Ережептен таяқ та жедім. Бірақ, Шерхан ағаға қарағанда, көрген қиындықтарым түк те емес екен. Ең бастысы, аш болмадым. «Халық жауы» деп

12 жылға сотталған, Балқашта түрмеде отырған жерінен Отан алдындағы кінәмді қаныммен жуамын деп соғысқа аттанған әкем Тұрлыбек қырғын майданнан шолақ болып оралса да асқар тауым еді, қорғаным еді.

– Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін. Сондай-ақ, түсіме Ақсай мен Көксай, оның сұлу табиғаты, өзіндік өрнегі бар шатқалдары кіреді, – деп елжірей бір әңгіме айтып еді Шерхан аға. – Мен қолымнан келгенше туған жер туралы жаздым, Құдай қуат берсе, біраз жыл ғұмыр берсе, әлі де жаза беремін.

Доқтырхан інім, сенің де Жуалы десе жаның қалмайды. «Жұлдызы биік Жуалы» деп аталатын деректі фильм жасап, бүкіл Қазақстанға паш еттің. Дегенмен, бұл аз, түсіне білген жанға бұрынғы Мыңбұлақ, қазіргі Жуалы – тұнып тұрған тарих, шежіре. Өздерің де жақсы білесіңдер, Мыңбұлақ сонау VІІ ғасырда Батыс Түрік қағанатының жазғы ордасы болған. Осы жайлы неге деректі фильм түсірмеске?! Біздің Жуалыдан Бауыржан Момышұлы көкеммен бірге Құрманбек Сағындықов деген ағаларың шыққан. Ол кісі Баукеңнің досы, соғыста болған, қаламы қарымды журналист, шебер аудармашы. Лениннің 21 томдық шығармаларын қазақ тіліне аударған – Құрманбек Сағындықов ағаларың. Құрманбек ағаның есімі ұмытылып барады, біз іздемесек, кім іздейді оны!».

Жаратқан иеміз Шерағаға үлкен талант, атақ пен даңқ, батырлық пен қайраткерлік берді, Құдайға шүкір, халқының қалаулысы, елінің елеулісі болды, бүкіл қазақ ардақтап, қастерлеп, хан көтерді. Дегенмен, адамның төрт құбыласы қашан тең болып еді? Осындайда Шерхан ағаның өзі айтпақшы, «Бір кем дүние-ай!» дейсің, одан басқа амалың жоқ...

Осыдан екі ай бұрын бір топ қаламгер науқастанып жатқан Шерағаның көңілін сұрап барғанбыз. Айбатынан арыстан ыққан Шераға қалақтай болып, төсекте жатты. Жанымыз жүдеп қайттық.

Қазан айының 9-шы жұлдызы күні Шераға туралы мақаламды аяқтамақ болып, үстел басына отырғанымда, қазақтың белгілі журналисі, досым Нұртілеу Иманғалиев телефон соғып, Шерағаңның осыдан бір сағат бұрын дүниеден озғанын естіртіп, көңіл айтты.

Жан-дүнием астан-кестен болып, «хош, қазақтың арысы, хош, бақыл бол!» деп ішімнен күбірлей бердім...

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ