Заң-заман 0 пікір 2493 лайк

Реформа: Саннан сапаға

Қараша 13 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Жұрт арасында полиция туралы сан түрлі пікір қалыптасқан. Әсіресе, тәртіп сақшыларының іс-әрекетіне көңілі толмай, сынайтындар көп. Алайда, қоғамның тыныштығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полицейлердің жан дүниесіне бір сәт үңіліп көрейікші. Мәселен, біреудің басына қауіп төнсе, біздің қай-қайсымыз да ол адамды қауіптен құтқаруымыз мүмкін. Бірақ, бұл әркімнің жеке адамгершілігіне байланысты. Ал, бұл – полицейлердің басты міндеті! Үнемі қатерге бас тігіп жүретін осы бір жандарға қатысты Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүреді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды» деген болатын. Бұл – өз ісіне шынайы берілген полиция қызметкерлеріне берілген лайықты баға!

 

Қызметі ұқсас басқармалар біріктіріледі

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында құқық қорғау органдарының, ең алдымен полиция жұмысын түбегейлі жақсарту керектігін айтты. Қоғамның күткені де осы. Ол үшін бұл салаға Елбасы айтқандай терең және сапалы өзгерістер қажет. Жолдауда Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту тапсырылды. Бұл бойынша жергілікті жерлерде қандай істер атқарылуда? Ішкі істер органдары Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға қаншалықты дайын? Маңызды құжатта айтылған мәселелер төңірегінде нендей жұмыстар атқарылуда? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында біз Шымкент қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полковник А.Әмзеевке (суретте) жолықтық.

– Президент Н.Назарбаев Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды, реформаларды алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастауды тапсырды. Осыған орай, республикадағы барлық ішкі істер органы басшылығы өздерінің ой-пікір, ұсыныстарын білдіруде. Соның ішінде, полицейлердің штаттық санын оңтайландыру бойынша бірқатар көңілге қонымды ұсыныстар айтылды. Мәселен, біздегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен есірткіге қарсы күрес басқармасының атқаратын қызметі өте ұқсас. Сондай-ақ, анықтау басқармасы мен тергеу басқармасының жұмысында да айтарлықтай айырмашылық жоқ. Егер осы секілді атқаратын функциялары ұқсас басқармалар біріктірілетін болса, кемінде 4-5 қызметкердің саны қысқарады. Есесіне, өз ісіне берілген, нағыз мамандар іріктеліп, жұмыс жандана түседі. Одан үнемделген қаржының есебінен өзге қызметкерлердің жалақысы көтеріліп, әлеуметтік мәселесін шешуге сеп болар еді, – дейді Алмас Балтабекұлы.

Шымкент қалалық полиция департаменті кадр жұмысы басқармасы тұрғын-үй хатшылығының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда мұнда жалпы 2855 қызметкер бар. Соның 94-іне тұрғын-үй жалдау үшін өтемақы төленеді екен. Демек, 94 қызметкер баспанаға зәру деген сөз.

 

Бағалау критерийлері: жұмыстың сапасына мән беріледі

Елбасы Жолдауында «Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуы тиіс» деген болатын.

 Шынында, полиция органдары қызметін бағалау өлшемінің жүйесін анықтау мәселесі мемлекеттің алдында көптен бері тұр. Мұндай қызмет аспектісінде қойылатын негізгі міндет – полиция жұмысының көрсеткіштерін анықтау өлшемін саннан сапаға ауыстыру. Өйткені, қылмыспен күресудегі қазіргі қолданыстағы бағалау жүйесі сала қызметкерлерін қателікке бой алдыруына себеп болып жүр. Мәселен, қазіргі қолданыстағы бағалау өлшемі бойынша, егер 3 айда 10 тонау фактісі тіркеліп, оның жетеуі ашылса, қылмысты ашу пайызы да жоғарылайды. Яғни ашылған 7 тонау – 70 пайыз деп саналады. Ал, егер 1 ғана тонау ісі орын алып, ол ашылмай қалса, онда көрсеткіш 0-ге тең!

Қылмыс саны азайған сайын, бағалау көрсеткіші де төмендей түседі. Сарапшылар құқық қорғау органдарының жұмысын бағалайтын дисбаланс жоқ екендігін айтып, дабыл қаққалы қашан?! Міне, осыдан кейін полиция сапаға емес, санға жұмыс істейді. Олар үшін қылмыстың алдын алу емес, қылмыс көбірек орын алып, оның ашылғаны маңызды. Құқық қорғау органдарының үстінен арыз айтушылардың кейбірі «істі тіркеуге алмады» деп шағымданады. Оның төркіні де біз айтып отырған бағалау өлшемінде жатыр. Жұмыс деңгейін төмендететін ашылуы қиын қылмыстарды жасырып қалудың да сыры осында сияқты. «Полиция жала жапты, істемеген қылмысты мойныма ілді» деген талай жазықсыз жандардың көз жасы төгілгенін де көрдік. Бұл да көрсеткішті «көтеремін» дегендердің шала ісі емес пе деген ойға қаламыз...

Бәлкім, қазақстандық полицияға полиция жұмысының түп негізіне құқық бұзушылық профилактикасы, әділеттілікті қайта орнату, азаматтарды енді қылмыстық ортаға тартуды болдырмау секілді айқындылық қағидатын ұстанатын Канада полициясының жүйесін енгізген дұрыс шығар. Әлде, соңғы кезде сарапқа салынып жүрген Грузия тәжірибесі ұтымды ма? Енді мұны зерделеу мамандардың еншісінде.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ