Қоржында – қола медаль!

Қараша 13 / 2018

 

Әділ ӘБДІРАМАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Екібастұз қаласында волейболдан Қазақстан Республикасының күзгі чемпионаты өз мәресіне жетті. Ел біріншілігінде Түркістан облысының намысын қорғаған шардаралық волейболшы қыздар әдемі ойын өрнегін көрсетіп, абыройымызды асырды.

 

Облыстың аға жаттықтырушысы Е.Қалдаров пен шардаралық білікті бапкерлер Н.Айнабеков және Е.Сәкиев бастап барған құрама үздіктер қатарынан көрінді. Нақтырақ айтсақ, 12 команда қатысқан жарыста жерлестеріміз өз тобында «Қостанай» және «Солнечный» командаларын жеңіп, ширек финалға шыққан болатын. Бұл сында жерлестеріміз азулы Астана командасын айқын басымдықпен ұтты. Ақтық сынға жолдама алу үшін керекуліктермен шеберлік байқасқан шардаралықтар қарсыластарына есе жіберіп алды. Үшінші орын үшін өткен бәсекеде «Жетісу» командасымен сынға түсіп, оларды ойсырата жеңді.

Жарыстың нәтижесінде І орынды иеленген Петропавл қаласының командасы ел чемпионы атанса, жүлделі ІІ орынды Павлодар облысының құрамасы иемденді. Жерлестеріміз ІІІ орынды бағындырып, қоржынға қола медаль салды.

Республикалық чемпионатта олжа салған қыздарымыздың бұл жеңісі Шардара қаласының 50 жылдық мерейтойына лайықты тарту болды.

Шардара ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ