Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы қорытындыланды

Қараша 10 / 2018

 

Қазақстан Президенті Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

 

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі аясындағы кездесулердің достық әрі сындарлы сипатта өткенін атап өтті.

– Біз мемлекеттеріміздің қауіпсіздікті нығайту жолындағы өзара іс-қимылының барлық дерлік мәселелерін қарастырдық. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ халықаралық және өңірлік саясаттың өзекті проблемалары жөнінде сындарлы пікір алмастық. Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалық етуіне орай басымдықтардың қалай іске асқанын қорытындыладық, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті БАҚ өкілдерін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруге бағытталған маңызды шешімдер қабылданғанынан хабардар етті.

– Бірлестіктің алдағы кезеңге арналған міндеттері мен жоспарын қамтитын қорытынды декларация Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Астанадағы саммитінің негізгі саяси құжатына айналды. «Халық-аралық террористік ұйымдар жағында қарулы қақтығыстарға қатысқан адамдарға қатысты үйлестірілген шаралар туралы» мәлімдеме қабылданды. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының серіктесі және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы жанындағы бақылаушы мәртебелерін құқықтық ресімдеу жөніндегі біздің беларусьтік әріптестеріміз бастаған жұмысты аяқтадық. Тиісті құжаттарға қол қойылды, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бүгінгі сессия қорытындысы бойынша Заңсыз миграцияға қарсы тұру жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің мүддесі үшін үйлестірілген ақпараттық саясатты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында БАҚ өкілдеріне келесі сессияаралық кезеңде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қырғыз Республикасының төраға болатынын мәлімдеді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ