Әлеумет 0 пікір 0 лайк

«Көгілдір отынның» рахатын көретін күн алыс емес

Қараша 10 / 2018

 

Бүгінгі таңда Арыс қаласындағы Онтам және Сырдария елді мекендерін газбен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 88,9 млн. теңге қаралып, жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалды. Газдандыру үш кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезең үшін облыстық қазынадан 2018 жылға 884 млн., 2019 жылға 500 млн. және 2020 жылға 1 млрд. 581 млн. теңге бөлініп отыр. Жоспарға сәйкес қаладағы «Самал», «Стадион» және «Оңтүстік» шағынаудандарындағы 6709 үй газға қосылса, сонымен бірге, 15 шақырымға жоғары қысымды газ құбырлары тартылмақ.

 

Құрылыс жұмыстарының екінші кезеңінде республикалық бюджеттен биылға 719,8 млн., келесі жылға 219,7 млн. теңге қарастырылды. Осынау қомақты қаржыға Арыстың «Отырар», «Почтовый», «ШПЗ», «Лед-Завод», «Хлопком», «Наурыз» шағынаудандарын және Сырдария ауылындағы 1993 тұрғын үйді газбен қамтамасыз ету көзделуде.

Үшінші кезеңде республикалық қазынадан 2018–2019 жылдарға 567 млн. теңге бөлініп, шаһардағы «Алатау», «Саяжай», «Көктем-1», «Көктем-2», «Тараз» шағынаудандарындағы және Онтам елді мекеніндегі 1147 үйге газ тартылады.

Жалпы, 2018–2025 жылдар аралығында Арыс қаласына қарасты 26 елді мекенді газдандыру жоспарлануда. Бұл жоспар орындалса, арыстықтардың 99,5 пайызы «көгілдір отынға» қол жеткізеді.

Ал, ауызсу мәселесіне келсек, бүгінгі таңда Арыс қаласы және 32 елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған құбыр суымен қамтамасыз етілген. Адам саны бойынша есептегенде, Арыс тұрғындарының 92,6 пайызы таза ауызсу ішіп отыр. Қала мен елді мекендерге су беруші – «Қазсушар» РМК облыстық филиалының Арыс топтастырылған су жүйесі өндірістік бөлімшесі және «Теміржолсу-Арыс» пен «Ақаба-Сервис» мекемелері. Қаланың «Талдықұдық» және «Отырар» шағынаудандарына ауызсу жүргізу үшін магистральды су өткізгіш тораптары құрылысының жобасы қолға алынды. Өткен жылы осы мақсатқа орай 78,3 млн. теңге бөлініп, қаралған қаржы толығымен игерілді. Аталмыш жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл да жалғасын тауып, жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ