Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Қойма да кәдеге асып тұр

Қараша 10 / 2018

 

Қойма алаңына 24 вагон сияды. Серіктестік өз қаржысы есебінен осы бизнесті бастауға 80 млн. теңге жұмсаған. Бүгінгі таңда мекемеде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа айлық жалақылары 100 мың теңгені құрайды. Арыс теміржол стансасы күндіз-түні жұмыс істейтіндіктен, мұнда да қарбалас тіршілік тәулік бойы үзілмейді. Теміржолмен келетін жүктер кез келген уақытта кедендік ресімдеуден өте береді. Келешекте компания замануи салқындатқыш қондырғылары бар қойма салуды жоспарлап отыр.

 

Бүгінгі таңда Ресейден келген ағаштар Өзбекстанға жөнелтілуде. Осы айдың соңында Пәкістаннан мандарин келеді. Ал, жаңа жылға қарсы бұл ел бізге картоп экспорттайды. Қоймаға келіп түскен тауарларды жергілікті жеке кәсіпкерлер жүк көліктеріне тиеп алып кетеді екен.

Қоймада тұрақты қызметкерлерден бөлек жалдамалы жұмысшылар да еңбек етеді. Бір вагон жүкті 4-5 жігіт бірігіп түсіргендері үшін оларға 45-60 мың теңге аралығында ақы төленеді. Қоймада көмір және мұнай өнімдерінен өзге тауарлардың барлығы сақталады. 2013 жылы қызметін бастаған компанияның өзі де теміржол арқылы жүк тасымалдаумен айналысады.

– Вагоннан жүк түсіру жұмыс таппай жүрген жергілікті жастардың тиын-тебен табуына мүмкіндік береді. Біздегі жүк артушылар, түсірушілер кейбір кеңсе қызметкерлерінен де артық табыс табады. Екі вагон тауар түсірсе, күн сайын 15 мың теңгені санап әкетеді. Демек, бір айда осы жұмысынан екі жүз мың теңгенің үстінде пайда көріп жүр. Және де жүк таситындарға деген сұраныс әрдайым жоғары болады. Кейде тіпті жүк көліктері зат артатын адам таппай дарбаза сыртында күнұзаққа қаңтарылып тұрады. Мұндай кезде кез келген жүкшіні көлік иелері сұрағанын беріп, алып кетеді, —дейді компания басшысы А.Қоспанов.

Арыс қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ