Отырарға араша түскен Әуезов

Қараша 10 / 2018

 

Кеңестік дәуірде өзі абақтыны, жазған-сызғандары «қамауды» көрген, бірақ, сағы сынбай тұлғалық қасиетін жоғалтпағандардың бірі және бірегейі Мұхтар Әуезов десек, қателеспейміз.

 

Дінмұхамед Қонаевтың «талай мәрте Жоғарғы Кеңес депутаты болдыңыз, енді коммунистік партия қатарына өтіңіз» деген ұсынысына қаламгер «Димашжан, мен «Алаш» партиясы қатарында болып, абақтыға қамалдым. Енді ешбір партияға мүше болмай-ақ қояйын» деп бас тартыпты. Біле білген адамға бұл да ерлік. Жала жабылып, қырғыздың «Манасы» да, қазақтың Жамбыл Жабаевы да терістелген шақта араша түсіп, зиялылығын танытқан Мұхтар Әуезов болатын. Ал, жазушының көне Отырарды талқандаудан аман алып қалғанын екінің бірі біле бермейді...

Байырғы қала орны ХХ ғасырдың ортасында, дәлірек айтсақ, 1960 жылы арнайы техникамен қопарылып, құрып кету қаупі туғанын көпшілік біле бермес. Себебі, Отырар ескерткіштеріне қорған болғандар да «біз осылай еттік» деп көкіректерін ұрып, ешқайда бармаған. Бұл жағдайды сол кезде жап-жас бала болған, «Отырартөбені бұзып, қышын алыңдар» деген тапсырма алған жұмысшылар бригадирі, Шәуілдір ауылының тұрғыны Ибраһим Бронның аузынан тірі кезінде естігенбіз. Бұл кісіні ауылдастары «Фома» дейтін, Отырар ауданында біраз уақыт комхозды басқарды, Қызылқұм ауданына Молдавиядан Кеңес өкіметі күштеп көшіріп әкелгендердің бірі. Фоманың қазаққа сіңісіп кеткені соншалықты, өзін дүние салған соң мұсылманша жерлеуді өсиет етіпті. Естуімше, сол тілегі қабыл болыпты.

ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары Табитов деген ұлты кавказ тектес «Арыс» кеңшарының директоры болыпты. Ол бұдан бұрын да көне ескерткіштерге бай Түркіменияда қызмет еткенінде құрылыс үшін қажетті кірпішті байырғы ғимараттарды бұзып алып пайдаланған екен. Ескі тәсілді пайдалану үшін жергілікті қариялардан қай жерден қыш алуға болатынын сұрастырып, көне Отырар орнын анықтап алған соң Отырартөбеге трактормен қоса жұмысшылар бригадасын жіберіпті.

Отырартөбенің үстінде ескерткіштерді талқандау жұмыстары басталады. Осы жайт қабырғасына батқан Қоғам ауылындағы мектептің биология пәнінің мұғалімі Әкімқұл Әбдірайымов («Шаншар» театрының негізін қалаушы Уәлибек Әбдірайымовтың әкесі) «Білім және еңбек» журналына хат жазады. «Отырартөбеде гүрілдеген тракторды, қолдарына күрек ұстап, жұмысқа қызу кіріскен адамдардың жүргенін көрдік. Бұл бұрынғы Отырар қаласының орны еді. Төбеден 70 машинадан астам әдемі күйген кірпіштер шықты. Оның кейбіреуінің бетінде 1219, 1220 деген сандар бар. Қазылған жердің тереңдігі 8-9 метрдей... Кірпіш алынған жерлер тереңдеген сайын күйген ағаш, майда тиындар, оюлы кесе сынықтары, 50 литрлік су құятын құмыралар, ірі жануарлар сүйегі, тағы басқа заттар табылды. Біздің мектеп оқушылары сабақтан тыс уақыттарын осы төбеде өткізеді. Олар тауып алған бір кесек күкірт, жанған ағаш көмірі, арабша жазылған тиындар, кірпіш, шыны сынықтары, темекі тартатын мүштекті редакцияға жолдап отырмыз. Ал, жіберуге болмайтын заттар мектебімізде сақталып тұр» деп аяқтайды хатын Әкімқұл қария.

 Ибраһим Бронның айтуынша, Отырардың кірпішін таусылғанынша алуды жоспарлаған кеңшар директорының бұйрығын әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов тоқтатыпты. Қазу жұмысы жүріп жатқанда жазушы келіп қалыпты. Отырартөбедегі сұмдықты көргенде Мұхаң, куәлердің айтуынша, қатты кейіп, «варварлар», яғни жабайылар деп ұрсыпты. «Осыдан соң біз Отырардан қыш алуды тоқтаттық» дейді И.Брон. «Білім және еңбек» журналының 1961 жылғы №4 санында ауыл мұғалімі Әкімқұл Әбдірайымовтың хатымен қоса әйгілі археолог, академик Әлкей Марғұланның мақаласы жарияланды. Мақалада Отырарда Мұхтар Әуезовтің болғаны айтылады. Академик «Алыстан көрінетін осы зәулім үйіндінің өзі көпшіліктің көңілін тартып, «осында ашылмай жатқан бір сыр бар-ау!» дегендей, Отырар қаласының тарихи маңызын көзге елестеткендей болады. Сырдария бойына барған адамдардың мұны көрмей кететіні кемде-кем-ақ! Өткен жылы бұл тарихи орынды жазушы Мұхтар Әуезов те барып көріп, «зерттеуге тұратын мүлік екен» деп кеткен» деп жазады.

Осыған қарағанда ғұлама жазушы 1960 жылы Отырарда болған. Академик Отырартөбенің бұзылып жатқанын қынжыла жазады: «Бірақ, бұл қымбатты қазынаға Шәуілдір ауданының кейбір шаруашылық орындары соңғы 20 жылдың ішінде қол сұғып, оның ғасырлар бойы сыр болып келе жатқан мүлкін бұза бастады. Аудандық мекемелердің кейбіріне кіргенде оның еденінің осы Отырар қаласынан алынған кірпіштен төселгенін көресіз. Кірпіш іздеу мақсатымен рұқсатсыз қазылған бұл қаланың орнынан қаншама қымбат заттар, оның ішінде искусство бұйымдары шықты десеңізші! Бірақ, ғылыми әдіспен, ретімен қазылмаған соң олардың барлығы экскаватордың екпінімен тас-талқаны шығып, іске алғысыз болып қалған. Отырар қаласының күрделі жерін рұқсатсыз қазып, одан 70 машина тасып алғанша Шәуілдір ауданының әкімшілік орындарының үндемей тыйым салмай қалғанына таң қалуға болады».

Атақты археологтар Кемел Ақышев, Карл Байпақов, Лев Ерзакович бірлесіп жазып 1972 жылы басылған «Ежелгі Отырар» атты монографияда Отырартөбе сипатталып, ондағы тонаушылықпен жасалған шұңқырлар туралы айта келе, көне қаланың орталық бөлігінде ұзындығы 20 метр, ені 3 метр, тереңдігі 2 метр траншея бары айтылады. Және оны жергілікті тұрғындардың айтуынша, күйдірген қыш алу үшін бульдозермен қазғаны көрсетілген.

Ибраһим Броннан «төбені қазғанда қандай құрылысты бұздыңыздар?» дегенде «қабырғалары лотос гүлімен өрнектелген еді» деп жауап беріпті. Біздің болжамымызша, бұл атақты Әмір Темір қайтыс болған Отырар билеушісі Бердібек сарайының көрінісханасы болcа керек. Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафар-наме» атты қолжазбасында Темірдің Отырарға келуі былайша суреттеледі: «Сейхун жағасынан аттанған Темір сәрсенбі 12 раджаб күні Отырардағы Бердібектің сарайына келіп тоқтады. Барлық ханзадалар, әмірлер және Темірге жақын саналатындардың әрбірі жеке бөлмелерге орналасты... Осы кезде Темірге көптен бері Дешті Қыпшақ даласында бір жерге тұрақтай алмай жүрген Тоқтамыстың ескі қызметшісі – Қарақожа келді. Сол күні Темір көрінісханаға салтанатты түрде кіріп, биік таққа жайғасты. Оның оң қол жағына Үгедей қағаннан тараған Танзи оғлан, Жошы ханнан тараған Бастемір оғлан мен Шекіре оғлан, сол жағына ханзадалар Ұлықбек, Ибраим сұлтан, Айджеля отырды. Тоқтамыс елшісін әмірлер Бердібек, оның ағасы Шайх Нұр ад-дин, Шах Мелик, Қожа Жүсіп алып кірді».

Жетпіс автокөлік қыш алынған жер бұрын қандай орын болды екен? Ибраһим Бронның «қабырғалары лотос гүлімен өрнектелген» деп сипаттауына қарағанда қыштан өрілген құрылыс Бердібек сарайының көрінісханасы болған деп болжаймыз. Сарайдың ең салтанатты бөлігі – көрінісхана өз қалпында сақталғанында Отырартөбе бүгінде туристік Мекке болары анық еді. Өкінішке қарай, қазақ жерінде байырғы билеушілердің сарайы сақталған емес.

Мұхтар Әуезовтің тікелей араласуымен Отырартөбенің бұзылуы тоқтап, сарайдың қалған бөліктері, басқа да жәдігерлер аман қалды деуге негіз бар. Мұхаң келмей қалып, Отырардан қыш алу ісі жалғаса бергенінде не болатын еді? Археологтарымыз қазба жұмысын жүргізіп ашқан жәдігерлер болар ма еді, өзіміздің, не шетелдің туристеріне қандай байлығымызды көрсететін едік? Отырарға араша түсуі – Мұхтар Әуезовтің өз ұлтының, адамзаттың перзенті екенін тағы да дәлелдеп тұрғандай.

Мұхтар ҚОЖА, тарих ғылымының докторы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ археология ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ